Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл: экономикалық прогресс пен тұрақты даму

Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл: экономикалық прогресс пен тұрақты даму

Бейресми аударма

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаевтың Португалияның жетекші «Diário de Notícias» газетіндегі мақаласы

Осыдан дәл 30 жыл бұрын, 1991 жылы 16 желтоқсанда дүние жүзінің саяси картасында жаңа, егеменді мемлекет – Қазақстан құрылды. Сол күні осы посткеңестік республиканың парламенті тарихи құжатты – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Енді бұл күні елдің басты мемлекеттік мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні болып тойланады.

Тарихи қысқа мерзімде Қазақстан жоспарлы кеңестік экономикадан нарықтық экономикаға сәтті көшуге негізделген әсерлі саяси реформаларды жүзеге асырды.

Мемлекеттік құрылыс саласындағы білікті саясаттың және едәуір дәрежеде революциялық шешімдердің арқасында, ел халықтың әл-ауқатының артуына және ұлттық рух пен мәдени мұрасының жаңғыруына әкелген әсерлі экономикалық нәтижелерге қол жеткізді.

Еуропа елдерімен қарым-қатынасқа жауапты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолына тоқталды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен мемлекет егемендігінің негізі қаланды: Конституция мен мемлекеттік рәміздер (Елтаңба, Ту және Әнұран) қабылданды, ұлттық валюта – теңге енгізілді, демократиялық басқару жүйесі мен елдің Қарулы Күштері қалыптасты, шет мемлекеттермен дипломатиялық қатынастар орнатылды және беделді халықаралық ұйымдарға мүшелік рәсімделді.

Тәуелсіз жас мемлекеттің әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартуы, Семей ядролық сынағының жабылуы сияқты еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды қадамдарын айрықша атап өткім келеді.

Ел егемендігінің бастауында Н.Назарбаев жеке меншікке және кезең-кезеңмен реттеуге негізделген экономикалық өсудің жоғары қарқынына назар аудара отырып, мемлекеттің Шығыс азиялық моделін енгізу туралы шешім қабылдады. Расында да, еліміздің экономикалық дамуына бағыт-бағдар беретін қуатты мемлекеттің қажеттілігі басты аксиома ретінде қабылданып, Президент Назарбаевтың саясаты елді «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген іргелі ұстаныммен дамытуға бағытталды.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанды посткеңестік кеңістігіндегі ең табысты және ауқымды нарықтық реформаларды жүзеге асыруда көшбасшыға айналдырған экономикалық ілгерілеу мен тұрақты даму дәуіріне айналды.

Бұған қарамастан, азаматтардың әл-ауқатының өсуі және азаматтық қоғамның дамуы саяси жүйені одан әрі демократияландыру талабын тудыруы заңды.

Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен қызметтен кеткеннен кейін, 2019 жылы өткен сайлауда сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінен бұрынғы президент бағдарының сабақтастығына ғана емес, жүйелі саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыруға да сүйенді. Осы реформалар, ел үкіметі мен халқының өзара іс-қимылын жақсартуға баса назар аударатын, Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына негізделуде.

Бұл бағыттағы нақты шаралардың қатарында жиналыстарды өткізуге бұрын болған рұқсат алудың орнына бейбіт жиналыстарды өткізу үшін хабардар ету тәртібін енгізу, жала жабуды декриминализациялау, саяси партияларды тіркеу шегін екі есеге төмендету және олардың парламентке кіру шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету, сайланбалы лауазымдар тізбесі мен парламенттік оппозицияның кепілдіктерін кеңейту, әйелдер мен 30 жасқа дейінгі жастар арасынан сайлауға партия кандидаттары үшін 30% квота енгізу, адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институтын нығайту, халықаралық келісімді ратификациялау. өлім жазасын жою туралы шаралар бар.

Жалпы, бүгінде Президент Қ.Тоқаев бастаған саяси реформалардың бес пакеті жүзеге асырылуда, олар бірінші кезекте қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қоғам мен мемлекеттік басқарудағы демократиялық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Осы қайта құрулармен қатар, аумағы Батыс Еуропаның ауданына тең болғанымен, Қазақстан транзиттік және көліктік инфрақұрылымға ауқымды инвестиция құйып, Қытай мен Шығыс Азияның ірі және қарқынды дамып жатқан нарықтарын Ресей мен Батыс Еуропаның нарықтарымен автомобиль және теміржол көлігімен, Каспий теңізіндегі порттарымен стратегиялық байланыстыра алды.

Жалпы алғанда, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында тікелей шетелдік инвестиция ретінде 370 млрд. долл. тартты, бұл Орталық Азия өңіріне инвестицияның абсолютті басым бөлігін құрайды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды, оның аумағында ағылшын құқығы әрекет етеді, әлемдік қаржы институттарының озық тәжірибесі және FinTech саласындағы соңғы құралдар қолданылады. «Kaspi» жеке банкі электрондық төлемдер мен қызметтердің ауқымды экожүйесін сәтті құрып, осы саладағы айқын «табыс тарихына» айналды, бұл оның өткен жылы Лондон қор биржасындағы IPO-ға шығаруы 1 миллиард доллардан астам қаржы тартуына әкелді  және COVID-19 пандемиясының басталуынан бері әлемдегі финтех-компаниялары үшін ең ірі болды.

Бұл жетістіктер көп жағынан көпмәдениетті және көпұлтты қазақстандық қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің қолдауымен Президент Қ.Тоқаев жүргізіп жатқан ашықтық пен сенім саясатының нәтижесі болып табылады.

Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының стратегиялық басымдығы және оның көпвекторлықты сақтаудың тіректерінің бірі болып табылады, бұл Орталық Азия елдері арасынан ЕО-мен тереңдетілген стратегиялық серіктестік келісімді бірінші болып жасасуынан көрінді. Президент Тоқаевтың Еуропалық Кеңес төрағасы Шарль Мишельмен және Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізген Брюссельге жақында болған сапары Қазақстанның Еуропалық Одақпен экономикалық ынтымақтастық пен мазмұнды саяси диалогты жандандыруға бейілділігін растады.

Бұған таңданатыны жоқ, өйткені Еуропалық Одақ Қазақстан үшін ең ірі сауда және инвестициялық серіктес болып қала береді, оның үлесіне біздің сыртқы сауда мен инвестицияның жартысына жуығы келеді.

Бұл көрсеткіштердің ішінде Португалияның үлесі де бар (15,3 млн. доллар). Әрине, Португалия экономикасының жоғары әлеуетін біле отырып, одан да көп нәтижелерге үміттенеміз. 2019 жылы Лиссабонда Қазақстан Елшілігінің ашылуы екіжақты экономикалық ынтықақтастықты дамыту бойынша жұмысты жандандыруға мүмкіндік берді.

Қазақстан мен Португалия арасындағы қарым-қатынастар барлық негізгі салаларда одан әрі серпінді дами беретініне сенімдімін.

Келер жылы біз елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Әйгілі португал нақылында айтылғандай, «өмірдегі ең үлкен сыйлық - достық» (O maior presented a vida  è amizade).

Біз, Қазақстан мен Португалия арасындағы дәстүрлі жылы әрі достық байланыстарды құптаймыз және осы айтулы оқиғаға орай бірқатар бірлескен іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, біз Қазақстанның сыртқы саяси мекемесінің басшысы Мұхтар Тілеубердінің Лиссабонға сапарын, екіжақты үкіметаралық кеңесін құруын, маңызды екіжақты келісімдерге қол қоюын, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Лиссабон, Алматы мен Порту, Түркістан мен Гимараеш, Қарағанды ​​мен Брага қалалары арасында тікелей ынтымақтастық орнату мәселелерін пысықтап жатырмыз.

Қорытындылай келе және осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Рождество мерекесі қарсаңында португалдық достарымызға бейбітшілік, амандық және гүлдену тілеймін!

dn.pt