Португалияның кәсіпкерлері Қазақстанмен сауда ынтымақтастығын дамытуға дайын

Португалияның кәсіпкерлері Қазақстанмен  сауда ынтымақтастығын дамытуға дайын

Порту, 2021 ж. 29 қыркүйек - Елші Дәулет Батырашев Португалияның кәсіпкерлер қауымдастығының (AEP) басшылығымен келіссөздер өткізіп, оның барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің келешегін талқылады.

Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесері еліміздің инвестициялық климаты, стратегиялық орналасуы мен транзиттік-көліктік әлеуеті туралы өзекті ақпаратты ұсынды.

Португал тарапы арнайы экономикалық аймақтардың, АХҚО-ның, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының қызметімен танысып, шетелдік инвесторларды қолдау және қорғау жөніндегі Қазақстан Үкіметімен қабылданған шараларын жоғары бағалады.

Сонымен қатар, тараптар өңірдің инвестициялық және сауда әлеуетімен танысу мақсатында Түркістан қаласы мен Түркістан облысына португалдық кәсіпкерлердің сапарын пысықтау мүмкіндігін талқылады.

Өз кезегінде, AEP әкімшісі Пауло Ваш серіктестік орнату және өзара тиімді жобаларды іздестіру мақсатында қазан айының соңында Алматы қаласына AEP өкілі бастаған португалдық кәсіпкерлер делегациясын жіберу жөніндегі Қауымдастықтың ниеттілігі туралы хабардар етті.  

Кездесудің нәтижесінде AEP-пен бірқатар нақты бағыттар бойынша екіжақты экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша бірлескен жұмыс және келесі жылы Порту қаласында ірі қазақстандық-португалдық бизнес-форумды ұйымдастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

 

Анықтама үшін: 1849 жылы Порту қаласында құрылған Португалияның кәсіпкерлер қауымдастығы (AEP) - елдің жетекші кәсіподақтарының бірі және жалпыұлттық сауда-өнеркәсіптік палатасы мәртебесіне ие. AEP іскерлік қауымдастыққа шетелде көрмелер, жәрмеңкелер, конгрестер мен іскерлік кездесулер өткізуге, кәсіптік-техникалық оқытуға, бизнесті және инвестицияларды ілгерілетуге көмектеседі, Қауымдастық мүшелерінің мүдделерін қолдауға және қорғауға атсалысады.