2021 жылғы 7 сәуірде Қазақстанның Португалиядағы Елшілігі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының өкілдігімен бірге португал бизнесі үшін Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктері туралы вебинарды өткізді.
Іс-шараға Португалия Сауда-өнеркәсіп палатасының, «Қазақстан-Португалия» сауда-өнеркәсіптік палатасының басшылығы, сондай-ақ Қазақстанда бизнес бастауға және оны жүргізуге айтарлықтай қызығушылық танытатын ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар және т.б. саласында жұмыс істейтін португалдық компаниялардың басшылары қатысты.
Осы іс-шара барысында «Самұрық-Қазына» қоры қызметінің таныстырылымы жасалынды. Қордың жаңа инвестициялық моделі, стратегиялық көзқарасы және жекешелендіру бағдарламасы ұсынылды. Қазақстанда басым салаларда инвестициялық жобаларды іске асыру құралдарына ерекше назар аударылды. Еліміздің экономикасын дамыту турасында Қордың португал компанияларымен диалог құруына және жаңа стратегиялық серіктестіктер орнатуға ашықтығы баса айтылды.
Аталған вебинар мақсатты аудитория үшін отандық экономикаға инвестициялаудың бар мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында, сондай-ақ португал кәсіпкерлерінің Қазақстанға сапарын өткізілуі қарсаңында ұйымдастырылды.