Португалияның Парламенті Қазақстанмен ынтымақтастықты белсенді дамытуға дайын

Португалияның Парламенті Қазақстанмен ынтымақтастықты белсенді дамытуға дайын

2021 жылғы 25 наурызда Лиссабонда Елші Дәулет Батырашев Португалия Республикасы Ассамблеясының (Парламент) Халықаралық істер комитетінің төрағасы Сержио Соза Пинтумен кездесті.

Сұхбаттасушылар қазақстан-португал екіжақты қатынастарының, соның ішінде өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттестіктің дамыту әлеуетін талқылады. Д.Батырашев Қазақстан парламентаралық дипломатияның маңыздылығына және заң шығарушы органдар арасындағы байланысты нығайтуға назар аудара отырып, Батыс Еуропадағы негізгі серіктестердің бірі ретінде Португалиямен өзара тиімді қатынастарды жан-жақты ілгерілетуге үлкен мән беретіндігін баса айтты.

Осы орайда, сұхбаттасушылар парламенттік бағыттағы әрекеттестікті кеңейтуге өзара мүдделілігін білдіріп, алдағы уақытта Республика Ассамблеясының құрамында Қазақстан Парламентімен ынтымақтастық тобын құруды егжей-тегжейлі талқылады. Депутат, ынтымақтастықтың барлық жақтары бойынша қатынастардың дамуы үшін осы маңызды қадамның әлеуетін жоғары бағалап, барлық қажетті рәсімдерді тездетуге күш салуға өзінің дайындығын білдірді. Сондай-ақ, сұхбаттасушылар ағымдағы жылдың күзіне жоспарланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулиннің Португалияға сапарын ұйымдастыруға қатысты мәселелерді қарастырды.

Әңгіме барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай назар аударылды. Бұл тұрғыда, энергетика, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп және туризм сияқты екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, екі ел арасында қандай-да бір саяси проблемалардың болмауын ескере отырып, Қазақстан мен Португалия арасындағы тауар айналымын арттырудың алғышарттары бар екендігі айтылды.

Елші Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, елдің дамытуға бағытталған Президент Қ.Тоқаевтың ауқымды реформаларының жүзеге асыруы, сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу мен осы кезеңдегі елдің негізгі жетістіктері туралы С.Соза Пинтуны хабардар етті. Сонымен қатар, сұхбаттасушылар Португалияның ЕО Кеңесіне қазіргі кездегі төрағалығын және коронавирус пандемиясына қарсы күрестің өзекті мәселелерін талқылады.

 

Фотосуреттер - Copyright: © Португалия Парламентінің фотомұрағаты.

Фотограф: Сандра Рибейру