Қазақстандық – португал өңіраралық ынтымақтастығы белсенді дамуда

Қазақстандық – португал өңіраралық ынтымақтастығы белсенді дамуда

2020 жылғы 21-22 желтоқсанда Елші Дәулет Батырашев Португалияның Порту және Брага солтүстік өңірлерге жұмыс сапармен барды. Бірқатар ірі муниципалитеттердің, бизнес қауымдастықтардың және академиялық топтардың басшылығымен кездесулер өткізілді.

Брага қаласының мэрі Рикардо Риумен өткен кездесуде Қазақстан мен Португалияның жергілікті билігі арасындағы ынтымақтастық мәселелері, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы әрекеттесудің перспективалары талқыланды. Брага мен Қарағанды қалалары арасында туыстық байланыстарды орнату мүмкіндігін қарастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында, Елші бірқатар жеңіл өнеркәсіп, көлік және құрылыс кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Torrestir, MCA Group және A&R Pontes SA компанияларының басшыларымен сындарлы келіссөздер жергілікті кәсіпкерлердің еліміздің нарығына шығуға қызығушылығын растады.

Атап айтқанда, MCA Group компаниясы Қазақстанда жолдар және әлеуметтік нысандардың құрылысына қаражат салуға дайындығын білдіруде, ал A&R Pontes SA компаниясы аяқ киім шығаратын кәсіпорынды құруға ниет білдірді.

Сапар барысында, Д.Батырашев Португалиядағы ең ірі университеттердің бірі - Минью университетінің ректоры - Руи Виейра де Каштру мен Түркістан Ахмет Ясауи Халықаралық университетінің басшысы Болатбек Абдрасилов арасындағы бейнеконференцияға қатысты. Студенттер мен оқытушылар алмасуды, сондай-ақ бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруды көздейтін Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Минью университетінде португал тіліне аударылған Абай Құнанбаевтың «Қара сөздер» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Елшінің Порту қаласындағы жұмыс кездесулері, атап айтқанда - Порту Есептеу техникасы, ғылым және технологиялар институтының (INESC-TEC) директоры Жоао Песаш Лопешпен келіссөздері ғылым мен техника саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпінді беруге арналған болатын. Инновация, қолданбалы инженерлік зерттеулер, энергетика және жаңартылатын энергия көздері саласындағы әрекеттесу әлеуеті зерттелді. Кездесу қорытындысы бойынша, INESC-TEC және жетекші қазақстандық ғылыми орталықтар арасында жұмыс байланыстарын орнатуды бастау жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

 

Анықтама үшін: Есептеу техникасы, ғылым және технологиялар институты (INESC-TEC) Порту университетінің құрамына кіреді және Португалияның жетекші ғылыми мекемелерінің бірі болып табылады. Институт энергетика, инженерия, биология және медицина, жасанды интеллект және басқа да ғылыми пәндер саласында зерттеулер жүргізетін 13 орталықтан тұрады.