ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 29 ЖЫЛ

ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 29 ЖЫЛ

Қазақстан Республикасының Португал Республикасындағы Елшісі Дәулет Батырашевтің «Маиш Гимараеш» («Mais Guimaraes») газетінде мақаласы, Гимараеш қ., 16 желтоқсан 2020

16 желтоқсанда Еуразияның дәл жүрегінде орналасқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күнін атап өтеді. 2019 жылы Лиссабонда Қазақстан елшілігінің ашылуы өтті. Бүгін біз Қазақстан Елшісі Дәулет Батрашевтің Португалияның азаматтарына белгісіз бұл елмен екіжақты ынтымақтастығына арналған мақаласын жариялаймыз.

 

Биыл Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігінің 29 жылдығын атап өтуде. Тарихи өлшемдер бойынша осындай қысқа мерзім ішінде еліміз көптеген салаларда таңғажайып нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінде Қазақстан - теңгерімді сыртқы саяси бағыты бар, әлемнің барлық мемлекеттерімен, соның ішінде ұлы державалармен сындарлы қатынастар орнатқан Орталық Азиядағы мойындалған экономикалық көшбасшы. Бұл жетістіктер Қазақстанның Тұңғыш Президенті, мемлекеттің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен көрегендігінің жемісі. Енді бұл саясатты оның ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастыруда, ол 2019 жылы Португалияда Қазақстанның Елшілігін ашу туралы шешім қабылдады.

Португалия мен Қазақстан, екі елдің географиялық қашықтығына қарамастан, бір-біріне маңызды және әлеуеті зор серіктестер. Дипломатиялық қатынастардың 28 жылдық кезеңінің жетістігі - бұл біздің өзара іс-қимылымыздың достық және жылы атмосферасын қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта біздің мемлекеттер арасында шешілмеген мәселелер жоқ. Біз саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз.

Қазақстан Елшілігінің ашылуы бізге екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша жұмысты жандандыруға, Португалия Үкіметімен жедел өзара әрекеттесуге қол жеткізуге және қазақ-португал қатынастарының сапалы жаңа деңгейге шығуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Саяси бағытта, соның ішінде Үкіметтер мен ведомстволық деңгейлерде сапарларды ұйымдастыру, Парламенттер бағыты бойынша, сондай-ақ көпжақты дипломатия саласында қол жеткізген айтарлықтай жетістіктер бар. Ынтымақтастықтың жалпы еуропалық векторы біз үшін де маңызды, әсіресе Португалияның ЕО Кеңесіне 2021 жылдың бірінші жартысында төрағалық етуі жағдайында. Португалия Еуропалық Одақ пен халықаралық қауымдастық алдында тұрған шұғыл міндеттерді шешуге, ең алдымен, коронавирус пандемиясының әсерінен туындаған әлеуметтік-экономикалық дағдарысты шешуге зор үлес қосатыны сөзсіз.

Сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы Қазақстан-Португалия ынтымақтастығы терең дамудың барлық алғышарттарына ие. Біздің алдымызда екіжақты сауданы арттыру және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа жолдарын іздеу міндеті тұр. Санитарлық шектеулерге қарамастан, 2020 жылы Португалия кәсіпкерлерінің Қазақстанға бірқатар іскерлік миссиялары ұйымдастырылды, оның аясында бірлескен кәсіпорындар құру және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізілді.

Инвестициялар салу үшін қолайлы жағдайлар жасаған Қазақстан халықаралық бизнеске ашық. Көптеген арнайы экономикалық аймақтардан басқа, еліміздің астанасы Нұр-Сұлтанда ағылшын заң жүйесінің негізінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеуде. Сонымен қатар, Қазақстан - Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақтың нарықтарына шығудың сенімді трамплині. Ұлттық экономиканы әртараптандыру мақсатында біз шикізаттық емес салаларға инвестиция салуға ниетті португалдық компаниялармен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайынбыз.

Бүгінде Қазақстанда Португалия қаржысының қатысуымен 19 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы алғанда, соңғы 15 жыл ішінде Португалияның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициялары 250 миллион АҚШ долларын құрады. Португалияның жасыл технологиялар, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм саласындағы маңызды тәжірибесін ескере отырып, біз осы салалардағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен қызығушылық танытамыз.

Біз аймақтар арасындағы өзара іс-қимылдың дамуына ерекше мән береміз және Португалияның солтүстік аймақтары бұл бағытта маңызды рөл атқара алады. Қыркүйек айының соңында Порту, Гимараеш және Брага қалаларына төрт күндік жұмыс сапары кезінде мен мұны жеке көру мүмкіндігіне ие болдым.

Осы қалалардың муниципалдық палаталарының президенттерімен жемісті келіссөздер жүргізілді, нәтижесінде Қазақстанның кейбір қалаларымен туыстық қатынастар орнату туралы келісімдер жасалды. Атап айтқанда, Порту қаласы мен біздің еліміздің ірі қаржы-экономикалық орталығы - Алматы арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндігі бар. Әріптестік қатынастар «Португалияның бесігі» Гимараеш пен Қазақстанның ежелгі астанасы, қазіргі уақытта еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймағының орталығы Түркістан арасында да орнатылады.

Гимараеште Құрметті консулдықты ашу туралы алдын-ала уағдаластыққа қол жеткізілді, бұл бізге барлық бағыттар бойынша аймақаралық ынтымақтастықты одан да тиімді дамытуға мүмкіндік береді.

Сауда-экономикалық аймақта жергілікті кәсіпкерлер қазақстандық нарыққа шығу мүмкіндіктерін зерттеуге үлкен қызығушылық танытып отыр, бұл менің солтүстіктегі ірі кәсіпорындармен, аймақтық және салалық бизнес құрылымдарымен, соның ішінде тоқыма, аяқ киім, былғары және жиһаз өнеркәсібі қауымдастығымен кездесулерімде айқын көрінді. Екі елдің іскер топтарына бизнесті жүргізуге көмек, ақпараттық қолдау және кеңестер беру үшін Гимараеш қаласында Қазақстанның Сауда үйін ашу жоспарлануда.

Пандемияның кейінгі кезеңінде келіссөздер жүргізу және бірлескен жобалар бойынша нақты келісімдер жасау үшін аймақтық көшбасшылардың және Қазақстанның іскер топтарының Португалияға, сондай-ақ португал кәсіпкерлерінің және солтүстік қалаларының басшыларының Қазақстанға бірқатар сапарлары өтетіндігіне сенімдімін.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Португалия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың прогрессивті дамуын атап өту керек. Бұл тұрғыда Минью университеті мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан қ. Халықаралық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Қазақстан мен Португалия арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді келісу бойынша жұмыс жалғасуда.

Қазіргі уақытта Гимараеш немесе Брага қалаларында Абай атындағы Қазақ мәдениеті орталығын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл орталық арқылы португал азаматтары әйгілі ойшыл және ақынның шығармаларымен, «Қара сөздер» атты португал тіліне аударылған шығармаларымен танысып қана қоймай, сонымен қатар қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері туралы ақпарат алады. 2020 жылы біз Абайдың 175 жылдығын атап өттік. Орталықтың ашылуы келесі жылы болады деп сенемін.

Мәдени ынтымақтастықтың музыкалық аспектісіне келетін болсақ, маған танымал қазақстандық музыкант Дінмұхамед Құдайбергеннің Португалияда концертін ұйымдастыру мүмкіндігіне қатысты көптеген өтініштер келіп түсетіндігін атап өткім келеді. Мен жерлесіміздің талантын жанкүйерлерге Елшіліктің, бірқатар португалдық кәсіпкерлермен бірге, осы бағытта жұмыс істеп жатқанына сендіргім келеді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен Португалия азаматтарын келе жатқан Рождество мерекелерімен құттықтағым келеді, барлығына бақыт пен отбасылық амандық, ал ұлы тарихы бар, бүгіні тұрақты, болашағы жарқын ел - Португалияға тыныштық пен өркендеу тілеймін.

Мақала