GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық мәселелер
Елшілік туралы
Все материалы
21 октября 2026
Малайзияда Республика күніне орай қазақстандық студенттерге арналған дәріс өтті

Куала-Лумпур, 2026 жылғы 21 қазан – Республика күні қарсаңында Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігі малайзиялық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің Қазақстан қор биржасының (KASE) өкілдерімен кездесуін ұйымдастырды.

Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Малайзиядағы консулы Қыран Орынбеков қатысушыларды алдағы ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи маңызына, сондай-ақ елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталды.

Консул жастарға қатысты мемлекеттік саясатқа ерекше назар аударды. Атап айтқанда, ол биылғы наурыз айында қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясы едәуір дәрежеде жас ұрпақтың мүддесіне бағытталғанын және олардың өмірлік бағдарын айқындайтын маңызды құжат болуға тиіс екенін атап өтті.

Дәріс барысында KASE академиясының директоры Абылай Сыздықов Қазақстан қор биржасының қызметі, оның елдің қаржы жүйесіндегі рөлі және ұлттық капитал нарығының жұмыс істеу ерекшеліктері туралы кеңінен баяндады.

Қатысушылар негізгі қаржы құралдарымен, биржалық сауда тетіктерімен және қор нарығының негізгі қатысушылары арасындағы өзара іс-қимыл жүйесімен танысты. Инвестициялау мәселелері мен инвестициялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.

Бағдарламаның екінші бөлімі қаржы саласындағы мансаптық мүмкіндіктерге арналды. KASE басқарушы директоры Махаббат Ермекбаева капитал нарығында сұранысқа ие мамандықтар, қажетті білім мен дағдылар, сондай-ақ Қазақстан қор биржасында кәсіби тұрғыдан өсу және мансап құру перспективалары туралы айтып берді.

Интерактивті сессия барысында студенттер KASE өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Қазақстанның қаржы секторында жұмысқа орналасу және кәсіби даму мүмкіндіктерінің практикалық қырларын талқылады.

Дәріс студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға және Қазақстандағы кәсіби мүмкіндіктер туралы түсініктерін кеңейтуге ықпал етті. Республика күні қарсаңында өткен бұл кездесу шетелде білім алып жатқан жас отандастарымыздың отансүйгіштік рухын нығайту, ұлттық болмысын сақтау және елдің болашақ дамуындағы өз рөлін сезіну тұрғысынан ерекше мәнге ие болды.

19 октября 2026
Қазақстан Елшісі Малайзия Короліне сенім грамоталарын тапсырды

Куала-Лумпур, 2026 жылғы 19 қазан – Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәлік Мырзалин Мәртебелі Малайзия Королі Сұлтан Ибрагимге сенім грамоталарын тапсырды. Салтанатты рәсім корольдің «Истана Негара» сарайында өтті.

Қабылдау барысында Елші Мәртебелі Корольге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізіп, қазақ тарапының Малайзиямен достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

М. Мырзалин белсенді саяси диалогтың өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті. Елші 2027 жылы атап өтілетін дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы Қазақстан мен Малайзия арасындағы өзара іс-қимылға жаңа серпін беруге мүмкіндік туғызатынын жеткізді.

Өз кезегінде, Мәртебелі Сұлтан Ибрагим М. Мырзалинді дипломатиялық қызметіне кірісуімен құттықтап, Қазақстан Президенті мен халқына ізгі тілектерін жолдады. Мәртебелі Король Қазақстанның Малайзия үшін Орталық Азиядағы маңызды әріптес екенін атап, екі мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды қолдайтынын білдірді.

14 октября 2026
Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті

Путраджая, 2026 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәлік Мырзалин Малайзия Сыртқы істер министрлігінің Протокол басшысы, Елші Икрам бин Мохд Ибрагимге Сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.

Кездесу барысында тараптар қазақ-малайзия қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, оның ішінде саяси диалогты одан әрі нығайту және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

21 сентября 2026
Қазақстан мен Малайзия өңірлік ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады

Куала-Лумпур, 2026 жылғы 21 қыркүйек – Малайзияның Стратегиялық және халықаралық зерттеулер институтында (ISIS Malaysia) «Малайзия – Орталық Азия өзара іс-қимылын одан әрі тереңдету перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында Малайзия мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Қыран Орынбеков, ISIS Malaysia Атқарушы төрағасы профессор доктор Мохд Фаиз Абдулла, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) жетекші сарапшысы Бауыржан Аукен, Малайзия Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Өзбекстан мен Қырғызстанның зерттеу институттарының сарапшылары, дипломаттар және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Қыран Орынбеков Қазақстанның диалог, өзара құрмет және көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген белсенді әрі теңгерімді сыртқы саясат ұстанатынын атап өтті. Ол Қазақстанның бейбітшілік, қауіпсіздік және халықаралық диалогты ілгерілетуге бағытталған халықаралық бастамаларына, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне, ядролық қарудан азат әлем құру идеясын ілгерілетуге және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру бастамасына тоқталды. Сонымен қатар Қазақстанның көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және халықаралық әрі өңірлік сын-қатерлерді бейбіт жолмен шешуге қосып келе жатқан үлесі атап өтілді.

ISIS Malaysia Атқарушы төрағасы профессор доктор Мохд Фаиз Абдулла көзқарастары мен мүдделері ортақ мемлекеттер арасындағы тығыз өзара іс-қимыл өзара түсіністікті нығайтуға және ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыратынын атап өтті. Ол Малайзия мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы сауда және инвестициялар, білім беру және басқа да перспективалы бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.

Талқылау барысында Қазақстанның саяси және конституциялық жаңғыруына ерекше назар аударылды. ISIS Malaysia талдамалық баяндамасын таныстыру барысында сарапшы Каррем Кассим Қазақстанның саяси жүйесіндегі негізгі өзгерістерге, оның ішінде конституциялық референдумға және жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуына тоқталды. Оның атап өтуінше, жаңа Парламент мемлекеттік органдармен, мемлекеттік компаниялармен және тиісті экономикалық ведомстволармен қатар ұзақ мерзімді экономикалық әріптестікті дамыту үшін қосымша ресми арна бола алады.

Сонымен қатар талқылау барысында Малайзия, Қазақстан және Орталық Азияның басқа да мемлекеттері арасындағы сауда және инвестициялар, көлік-логистикалық байланыстылық, энергетика, аса маңызды минералдар, цифрлық технологиялар, білім беру және ғылыми зерттеулер салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін елеулі мүмкіндіктер бар екені атап өтілді.

Дөңгелек үстел Малайзия мен Орталық Азия арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге, саяси және сараптамалық диалогты кеңейтуге және практикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін айқындауға мүмкіндік беретін маңызды пікірталас алаңына айналды.

18 сентября 2026
«АЛТЫН ДОМБЫРА» VII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЫ АТЫРАУДА ӨТЕДІ

Атырау қаласында 2026 жылғы 29–30 қазанда Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор, күйші-композитор Әзидолла Есқалиевке арналған «Алтын домбыра» VII халықаралық домбырашылар және үш ішекті халық аспаптары орындаушыларының байқауы өтеді. Байқаудың негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі күй өнерін халықаралық деңгейде насихаттау, Әзидолла Есқалиевтің орындаушылық және шығармашылық мұрасын дәріптеу, сондай-ақ жас таланттарды анықтап, қолдау.

Байқауға 16 жастан асқан мамандандырылған музыкалық оқу орындарының оқушылары мен студенттері, кәсіби музыканттар және талантты орындаушылар қатыса алады. Әрбір шет мемлекеттен екі қатысушыға дейін ұсынылуы мүмкін. Бұған дейінгі Әзидолла Есқалиев атындағы байқаулардың Гран-при иегерлері мен мемлекеттік құрметті атақтары бар тұлғалар конкурсқа жіберілмейді.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Шетелдік қатысушылар үшін бірінші кезең бағдарламасына Құрманғазының «Балбырауын» күйі, В.А. Моцарттың «Рондо» («Түрік маршы») шығармасы және қазақстандық композитордың бір күйі енгізілген. Екінші кезеңде қатысушылар Әзидолла Есқалиевтің бір шығармасын және өз елінің бір ұлттық туындысын орындайды.

Қатысушылардың өнерін Қазақстан мен шет мемлекеттердің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалайды. Бағалау барысында сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлік, көркемдік мәнерлілік, сондай-ақ шығарманы орындаудың дәлдігі мен сапасы ескеріледі.

29 қазанда жеребе тарту және конкурстық тыңдаулар Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда, ал 30 қазанда гала-концерт Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығында өтеді. Шетелден келетін қатысушылардың жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын ұйымдастырушылар өтейді.

Қатысу үшін қажетті құжаттарды 2026 жылғы 25 қазанға дейін жолдау қажет.

Байланыс:
+7 705 169 85 87
+7 778 141 20 96 — К. Менсейітқызы
E-mail: oxshoatyrau@mail.kz

09 сентября 2026
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Шартқа мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ (2026 жылғы 8 қыркүйек)

Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,

адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,

ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып, төмендегіні мәлімдейміз:                                                                                 

  1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.                                        
  2. 2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.
  3. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл және бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тұрғысында ЯҚТШ-ның 6-бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына, сондай-ақ ядролық арсеналдарды жаңғыртуға бағытталған алаңдатарлық үрдіспен ұштасқан қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Бұл ретте ядролық қаруға ие мемлекеттердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жүргізудегі ерекше жауапкершілігін атап өтеміз және ядролық қару-жарақ жарысының алдын алу мақсатында тексеруге болатын қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін шұғыл әзірлеуге шақырамыз.
  4. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдану жөніндегі қызметін міндетті түрде қолдайтынымызды мәлімдейміз.
  5. 2026 жылғы 24 қыркүйекте қол қою үшін ашылғанына тура отыз жыл толатын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне ену қажеттігін нық қолдаймыз. Осыған байланысты ядролық сынақтар өткізуге қарсы халықаралық норманы сақтау және одан әрі нығайту қажеттігін атап өтеміз және осы норманы бұзуы мүмкін кез келген әрекеттерден қалыс қалуға шақырамыз.

Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.

Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.

  1. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруға ие мемлекеттердің ОАЯҚАА туралы шартқа Теріс қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі хаттамаға қол қоюын және оның төрт ядролық держава тарапынан ратификациялануын құптаймыз және Америка Құрама Штаттарының Хаттаманы ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек аяқтайтынына үміт білдіреміз.
  2. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚАА туралы шартты институционалдық дамытуға және ядролық қарудан азат қазіргі аймақтармен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреміз. Осы тұрғыда Африканың атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (АФКОНЕ) және Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттікпен (ОПАНАЛ) Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуын, сондай-ақ 2024 жылғы 28–29 тамызда Астанада Қазақстанның төрағалығымен ядролық қарудан азат барлық қазіргі аймақтар өкілдерінің екінші кездесуінің өткізілуін оң бағалаймыз.
  3. Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың жоғары маңыздылығын атап өтеміз, сондай-ақ ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бұдан әрі де тығыз өзара іс-қимыл жасау ниетімізді растаймыз.
  4. Қазіргі уақытта ядролық қарудан азат аймақтар жоқ өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста осындай жаңа аймақтарды құру жөніндегі күш-жігерді қолдаймыз.
  5. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт» қарарының қабылдануын, сондай-ақ 2024 жылғы 5 желтоқсанда Түрікменстанның төрағалығымен Ашғабат қаласында Шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қарудан азат басқа да қазіргі аймақтардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық кеңестің өткізілуін құптаймыз.
08 сентября 2026
Алматы павильоны Малайзиядағы «MATTA Fair 2026» туристік көрмесінің жүлдесіне ие болды

Куала-Лумпур, 2026 жылғы 6 қыркүйек – Алматы Малайзияның халықаралық туристік көрмесі MATTA Fair 2026 аясында өзінің туристік әлеуетін кеңінен таныстырды. Қазақстан Малайзияның туризм саласындағы ең ірі әрі беделді іс-шарасына алғаш рет қатысып, Орталық Азияның туристік мүмкіндіктерін малайзиялық аудиторияға ұсынды.

Көрмедегі Visit Almaty павильоны келушілердің ерекше қызығушылығын тудырған алаңдардың бірі болды. Павильонның заманауи дизайны, мазмұнды бағдарламасы және шығармашылық ұжымның өнер көрсетуі малайзиялық туристер мен туризм индустриясының өкілдерінің жоғары бағасына ие болды. Көрме жұмыс істеген үш күн ішінде павильонға 10 мыңнан астам тіркелген қонақ келіп, Алматы мен Алматы облысының туристік мүмкіндіктерімен, табиғи және мәдени көрікті орындарымен, ұлттық тағамдары мен дәстүрлерімен танысты.

Музыканттар, бишілер мен қазақ батырларының қатысуымен өткен мәдени бағдарлама, ұлттық тағамдардың дегустациясы және дәстүрлі кәдесыйлардың таныстырылымы Алматыны заманауи мегаполис пен асқақ тауларды, бай мәдени мұра мен Ұлы даланың қонақжай дәстүрлерін тоғыстырған бірегей туристік бағыт ретінде танытуға мүмкіндік берді.

Көрме аясындағы жұмысқа қоса, Куала-Лумпурда Алматыны Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі ретінде ілгерілетуге және Қазақстан мен Малайзия арасындағы туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға арналған Almaty Tourism Day өтті.

Іс-шараға Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрлігінің, Tourism Malaysia, Малайзияның туристік және туроператорлық агенттіктер қауымдастығының (MATTA), Малайзияның туристік агенттіктер қауымдастығының (MATA), әуе компаниялары мен туристік бизнес өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында Алматының туристік әлеуетінің таныстырылымы, туризм саласы өкілдерінің баяндамалары, өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою рәсімі, іскерлік кездесулер және мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.

Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев құттықтау сөзінде екі ел арасындағы туристік алмасуды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның MATTA Fair көрмесіне алғаш рет қатысуы қазақстандық туристік бағыттарды малайзиялық саяхатшылар арасында кеңінен танытуға жаңа мүмкіндіктер беретінін айтты.

Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрлігінің Бас хатшысы Шахаруддин бин Абу Сохот Алматының Қазақстанның өзге өңірлеріне және Орталық Азия елдеріне саяхаттауға жол ашатын маңызды туристік хаб ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.

Almaty Tourism Day іс-шарасының негізгі нәтижелерінің бірі Алматы қаласы әкімдігінің Туризм басқармасы мен Малайзияның туристік және туроператорлық агенттіктер қауымдастығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат туристік бағыттарды ілгерілету, ақпарат алмасу, кәсіби байланыстарды кеңейту және Қазақстан мен Малайзияның туристік индустрия өкілдері арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Қауымдастық президенті Найджел Вонг қазақстандық павильонға деген жоғары қызығушылықты атап өтіп, Алматы павильонының үздік мәдени бағдарлама үшін арнайы марапатқа ие болғанын хабарлады.

Almaty Tourism Day аясында Қазақстан мен Малайзияның 50-ден астам туристік компаниясының өкілдері арасында бірқатар іскерлік кездесулер өтті. Кездесулер жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және бірлескен туристік өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік берді.

Мәдени бағдарлама барысында қонақтарға дәстүрлі қазақ музыкасы, домбыра мен қобызда орындалатын шығармалар, ұлттық билер мен ән өнері таныстырылды. Өнерпаздардың өнер көрсетуі қатысушыларға Қазақстанның бай мәдени мұрасын танып, Ұлы даланың қонақжай рухын сезінуге мүмкіндік берді.

Almaty Tourism Day Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды туристік нарықтардың біріндегі белсенді ілгерілету жұмыстарының жалғасы болды. MATTA Fair 2026 көрмесі аясында өткізілген іс-шара Қазақстан мен Малайзияның туристік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және саяхатшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға өзара мүдделі екенін көрсетті.

25 августа 2026
Малайзия Парламенті Қазақстандағы саяси реформалар мен парламенттік сайлауды қолдады

Куала-Лумпур, 2026 жылғы 25 тамыз – Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Малайзия Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Нур Джазлан Мохамедпен кездесіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен конституциялық реформаның барысын, сондай-ақ 23 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа бір палаталы Парламенті – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын талқылады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Малайзия арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды. Тараптар заң шығарушы органдар арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың, тәжірибе алмасудың және Қазақстан-Малайзия парламентаралық достық тобының жұмысын жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

2023 жылғы маусымнан бері Малайзия Сенаты Төрағасының орынбасары қызметін атқарып келе жатқан Нур Джазлан Мохамед Қазақстанмен парламентаралық диалогты дамытуға және екіжақты байланыстарды нығайтуға тұрақты қолдау көрсетіп келеді.

Ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларға жоғары баға беріп, олардың заманауи әрі прогрессивті сипатын атап өтті.

«Бұл парламенттік эволюция – алға жасалған батыл әрі заманауи қадам. Пропорционалды өкілдік қағидаты негізінде сайланатын ықшам бір палаталы заң шығарушы орган неғұрлым икемді әрі тиімді Парламент қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Сенатор Нур Джазлан Мохамед.

Сонымен қатар, ол «Құрылтай» атауының тарихи және мәдени маңызын атап өтіп, оның Ұлы даланың дәстүрлерін бейнелейтінін, сондай-ақ Қазақстанның бай мәдени мұрасын заманауи әрі прогрессивті мемлекеттік басқарумен ұштастыратынын атап өтті.

Кездесу соңында Елші Болат Сүгірбаев Нур Джазлан Мохамедке парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстан-Малайзия қатынастарын нығайтуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалін табыстады. Медаль Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығына орай тағайындалған және қазақстандық парламентаризмнің дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтарына беріледі.

25 августа 2026
Малайзиямен энергетика саласындағы ұзақ мерзімді әріптестіктің перспективалары

Куала-Лумпур, 2026 жылғы 20 тамыз – Энергетика саласындағы Қазақстан–Малайзия ынтымақтастығын одан әрі дамыту аясында Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Булат Сүгірбаев «Tenaga Nasional Berhad» (TNB) компаниясының Президенті және Бас атқарушы директоры Шамсул бин Ахмадпен келіссөздер жүргізді.

«Tenaga Nasional Berhad» – электр энергиясын өндіру, беру және тарату, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту, білім беру және ғылыми зерттеулер салаларында мол тәжірибесі бар Малайзияның жетекші ұлттық энергетикалық компаниясы.

Тараптар энергетикалық қауіпсіздік саласындағы әріптестіктің перспективаларын және Қазақстан көмірінің Малайзияға жеткізілімдерін кеңейту мәселелерін сындарлы түрде талқылады. Соңғы екі жылда Малайзия Қазақстаннан көмір импорттауды бастады. Қазіргі уақытта осы ынтымақтастық бағытын стратегиялық әріптестік пен ұзақ мерзімді жеткізілімдер деңгейіне шығару мәселесі пысықталуда.

Білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта «Universiti Tenaga Nasional» (UNITEN) мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында академиялық байланыстарды, бірлескен зерттеулерді, академиялық алмасуларды және кадрлар даярлауды дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандум жасасу мәселесі пысықталуда. Бұл бағыт академиялық ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, энергетиканың жаңа бағыттарының, оның ішінде күн және атом энергетикасының әлеуетін одан әрі ашуға мүмкіндік береді.

Тараптар сондай-ақ Малайзияның осы саладағы мол тәжірибесі мен технологиялық мүмкіндіктерін ескере отырып, электр көліктеріне арналған инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.

31 июля 2026
Қазақстан мен Малайзияның іскер топтары арасындағы ынтымақтастық нығаюда  

Куала-Лумпур, 2026 жылғы 29 шілде – Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Малайзия Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының жаңадан сайланған басшылығымен кездесті. Кездесуге Палата президенті Норсяхрин Хамидон, вице-президенті Дзахир Джамудин және ұйым мүшелері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары талқыланды. Екі елдің іскер топтары арасында тікелей байланыстарды кеңейтуге, бизнес-миссиялар ұйымдастыруға және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

Қазақстан Елшісі 2025 жылы Малайзияның Малай сауда палатасының Қазақстандағы өкілдігінің ашылуы екіжақты іскерлік ынтымақтастықты кеңейту жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті. Өкілдіктің қызметі Қазақстан нарығына шығуға, жергілікті серіктестер табуға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі малайзиялық компанияларға практикалық қолдау көрсетуге бағытталған.

Сонымен қатар екі елдің іскерлік бірлестіктері арасындағы институционалдық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды. Тараптар Малайзия Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы, Малайзияның Малай сауда палатасы және Қазақстанның бизнес-қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін растады. Сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін өңірлік өндірістік, логистикалық және инвестициялық орталық ретіндегі әлеуетін кеңінен пайдалану мәселесі талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша жаңа серіктестік байланыстар орнату және келешегі зор бірлескен жобаларды пысықтау мақсатында Малайзияның Малай сауда палатасы делегациясының Қазақстанға сапарын осы жылдың соңына дейін ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесу тараптардың экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беруге өзара мүдделі екенін көрсетті.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары