Малайзиядағы тіл курстарында оқуға қатысты Қазақстан азаматтарынан келіп түсіп жатқан өтініштерге байланысты Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігі Қазақстан азаматтары үшін төмендегі негізгі ұсынымдарды қалыптастырды.
Елшілік Малайзиядағы ресми оқу орталықтары туралы ақпаратпен алдын ала мұқият танысып шығуға кеңес береді. Қазіргі уақытта оқу орталықтарының барлығында дерлік ресми веб-сайттар, әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар және мессенджерлердегі ресми аккаунттар бар. Ірі оқу орталықтарында қазақ және орыс тілдерінде кеңес бере алатын қызметкерлер де жұмыс істейді.
Курс, оқу бағдарламасы, төлем тәртібі және қажетті құжаттарды рәсімдеу жөніндегі барлық ақпаратты оқу орталығынан тікелей алуға болады. Орталық қызметкерлері оқу бағдарламасын таңдаудан бастап қажетті құжаттарды рәсімдеуге дейін толық ақпарат беріп, қажетті көмек көрсетеді.
Осыған байланысты, азаматтардан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, оқуға түсу бойынша кеңесшілердің немесе агенттердің қызметіне жүгінген жағдайда, олардың заңды қызмет көрсететінін алдын ала тексеріп, ерекше сақ болуларыңызды сұраймыз.
Қазақстан Республикасының азаматтары Малайзияға туристік және іскерлік мақсаттарда 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Алайда 30 күнге дейінгі визасыз режим тіл курстарында немесе өзге де оқу орындарында білім алуға құқық бермейді және бүкіл оқу кезеңіне қажетті рұқсаттарды алмастырмайды.
Малайзиядағы қысқа мерзімді тіл курстарында оқуды жоспарлаған азаматтарға Student Pass рәсімдеуді қарастыратын ресми оқу бағдарламаларын таңдаған жөн. Student Pass рәсімдеу талаптарын әрбір оқу орталығы дербес белгілейді.
Тіл курстарында оқу мақсатымен Малайзияға баратын азаматтарға Малайзияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі (Астана қаласы) бір реттік кіру визасын (Single Entry Visa) рәсімдеуі мүмкін. Бұл виза көрсетілген мерзім ішінде мәлімделген мақсат бойынша Малайзияға бір рет кіруге мүмкіндік береді, алайда оқуға арналған виза болып табылмайды.
Куала-Лумпур халықаралық әуежайындағы паспорттық бақылаудан (Passport Control) өткен кезде Малайзияның иммиграция қызметкері елге кіруге рұқсат беру және елде болу мерзімі туралы түпкілікті шешім қабылдайды. Бұл шешімге оқу ақысын төлеу, келісімшарттың немесе шақырудың болуы, сондай-ақ басқа да құжаттардың болуы әсер етпейді.
Малайзияға келгеннен кейін оқу орталығы студенттің құжаттарын Student Pass рәсімдеу үшін Малайзияның Жоғары білім министрлігіне қарасты Education Malaysia Global Services (EMGS) агенттігі арқылы тапсырады.
Ұзақ мерзімді оқуды жоспарлаған жағдайда «Visa Run» деп аталатын тәсілді, яғни Малайзияда жаңа 30 күндік болу мерзімін алу мақсатында көршілес елдерге қысқа мерзімге шығып, қайта кіру тәжірибесін пайдаланудан бас тартуға кеңес береміз. Бұл тәжірибе Малайзия билігі тарапынан көші-қон заңнамасын айналып өту әрекеті ретінде бағалануы мүмкін және қосымша тексерулерге, елге кіргізбеуге, ұстауға, депортациялауға, сондай-ақ кейіннен Малайзияға кіруге шектеу қоюға немесе тыйым салуға әкелуі мүмкін.
Негізгі қаржылық тәуекелдер азаматқа Малайзияға кіруге рұқсат берілмеген жағдайда немесе оқу орталығының қызметтері толық төленгеніне қарамастан, елде болуға берілген мерзім оқу бағдарламасын аяқтауға жеткіліксіз болған жағдайда туындауы мүмкін. Жоғарыда айтылғандай, оқу орталықтары, оқуға түсу бойынша кеңесшілер және агенттер Малайзияның құзыретті органдары қабылдайтын шешімдерге ықпал ете алмайды.
Осыған байланысты оқу орталығымен оқу ақысын, алымдар мен депозиттерді төлеу тәртібін, сондай-ақ Малайзияға кіруге рұқсат берілмеген немесе оқуды жалғастыру мүмкін болмаған жағдайда қаражатты толық немесе ішінара қайтару талаптарын алдын ала нақтылап алған жөн.
Ақылы курстың, келісімшарттың, шақырудың, депозиттің төленгенін растайтын құжаттардың, сондай-ақ визасыз режимнің немесе бір реттік визаның болуы Малайзияға кіруге рұқсат берілетініне немесе оқу мерзімін аяқтауға жеткілікті уақыт берілетініне кепілдік бермейді.
Малайзияға кіруге рұқсат беру және елде болу мерзімін белгілеу туралы шешімді Куала-Лумпур халықаралық әуежайындағы паспорттық бақылау пунктінде немесе Малайзияның өзге де шекаралық өткізу пункттерінде иммиграция қызметкері қабылдайды.
Малайзияға кіруге рұқсат берілмеуі, елде болу мерзімінің қысқартылуы немесе оқуды жалғастыру мүмкіндігінің болмауы қаржылық шығындарға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан келісімшартқа қол қойып, ақшалай қаражат төлемес бұрын аталған тәуекелдерді мұқият ескерген жөн.
Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігі Малайзияның құзыретті органдары қабылдаған елге кіруге рұқсат беру, елде болу мерзімін айқындау, елге кіргізбеу, ұстау, депортациялау немесе Малайзияға кейінгі кіруге шектеу қою жөніндегі шешімдердің күшін жоя алмайды және оларға өзгеріс енгізе алмайды.
Аталған шешімдердің барлығы Малайзияның егемендігіне қатысты мәселелер болып табылады және дипломатиялық өкілдіктердің олардың қабылдануына немесе өзгертілуіне араласуға құқығы жоқ.
Осы жадынама ақпараттық-ұсынымдық сипатқа ие.