
Қазақстан мен Малайзия 1996 жылдан бері орнықты әрі бірізді дамып келе жатқан сауда-экономикалық әріптестікті қалыптастырып келеді. Дәл сол жылы жоғары деңгейдегі алғашқы ресми сапар барысында екіжақты өзара іс-қимылдың шарттық-құқықтық негізі қаланды.
Қазіргі таңда ынтымақтастық мұнай-газ секторы, мұнай сервистік қызметтер, исламдық қаржыландыру, инфрақұрылымдық және тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, халал индустрия, цифрлық экономика және туризм сияқты кең ауқымды салаларды қамтиды. Соңғы жылдары «жасыл» энергетика, логистика және өнеркәсіптік кооперация бағыттарының маңызы артып келеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы өсіп, шамамен 221 млн АҚШ долларын құрады. Бұл іскерлік белсенділіктің қалпына келуін және сауданы одан әрі кеңейту әлеуетінің бар екенін растайды. Сонымен қатар, сауда құрылымы өнеркәсіптік өнімдер мен тұтыну тауарларын қамтитын өзара толықтырушы сипатқа ие болып отыр.
Малайзиядан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялардың жиынтық көлемі 94 млн АҚШ долларынан асты, олардың негізгі бөлігі энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру және инфрақұрылым салаларына бағытталған. Елде малайзиялық капиталдың қатысуымен ондаған компания жұмыс істейді, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында малайзиялық бизнестің қатысуы артып келеді.
Өзара іс-қимылдың институционалдық негізін мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтар арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ететін Бірлескен сауда-экономикалық комитет пен Іскерлік кеңес құрайды. Кезекті отырысты Астана қаласында өткізу жоспарланып отыр, ол бірлескен жобаларды іске асыруға қосымша серпін беруге бағытталған.
Географиялық қашықтыққа қарамастан, тараптар тікелей әуе қатынасын дамыту және теміржол саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді қоса алғанда, көлік-логистикалық байланыстарды жүйелі түрде нығайтып келеді. Бұл сауда мен инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жалпы, Қазақстан Малайзияны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастырады, ал екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың өсу мен әртараптандыру үшін жоғары әлеуетке ие болуы перспективалы бағыт болып табылады.