
Екіжақты ынтымақтастық Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін Малайзия 1991 жылғы 31 желтоқсанда тануынан бастау алады.
Дипломатиялық қатынастар екі ел арасында 1992 жылғы 16 наурызда орнатылды. Осы жылдар ішінде Қазақстан мен Малайзия арасында сындарлы әрі сенімді саяси диалог қалыптасты. Қазақстан–Малайзия қатынастары серпінді даму сипатымен ерекшеленеді, ал көпжақты ынтымақтастық өңірлік және халықаралық ұйымдар аясында табысты жалғасуда.
1996 жылы Қазақстан Куала-Лумпур қаласында өз Елшілігін ашты. Бұл Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі алғашқы шетелдік дипломатиялық өкілдігі болды. Сол жылы Қазақстан Республикасында Малайзия Елшілігі де ашылды.
1996 жылдан бастап Астана мен Путраджая бауырлас қалалар мәртебесіне ие.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негіздері мен басым бағыттары жоғары және аса жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог арқылы қалыптасты. Бұл диалог достыққа негізделген әрі өзара тиімді байланыстарды дамытудың берік іргетасы болып отыр. 2024 жылы Малайзия Премьер-министрі Анвар Ибрагимнің Қазақстанға ресми сапары өтіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қосымша серпін берді.
Қазақстан мен Малайзия парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда. 2023 жылы парламентаралық «достық топтары» құрылып, олардың отырыстары мен делегациялар алмасуы тұрақты негізде өткізіліп келеді. Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және құқық қорғау салаларын қамтитын берік шарттық-құқықтық база қалыптасты.
Халықаралық аренадағы ынтымақтастық пен өзара қолдау екі ел сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан мен Малайзия халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы диалогты дамыту, дамушы елдер үшін әділетті сауда және инвестициялық жүйе қалыптастыру секілді жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстанымдарды бөліседі.
Астана мен Путраджая Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес(Малайзия бақылаушы мәртебесіне ие), Азиядағы ынтымақтастық диалогы және өзге де халықаралық әрі өңірлік ұйымдар аясында белсенді өзара іс-қимыл жүргізуде. Сонымен қатар халықаралық ұйымдардағы кандидатураларды өзара қолдау тәжірибесі де табысты дамып келеді.