Кишинев, 2026 жылғы 8 қазан. Кишинев қаласында Қазақстан Республикасы Елшілігінің ұйымдастыруымен және Кишинев Примариясының қолдауымен «Қазақстанды таны» фотокөрмесінің ресми ашылуы өтті. Көрмені Елші Алмат Айдарбеков пен Бас Примар Ион Чебан ашты. Іс-шараға мемлекеттік органдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары шақырылды.
Көрме Қазақстан Республикасының күніне және Кишиневтің 590 жылдығына арналған. Оның мақсаты – Молдова астанасының тұрғындары мен қонақтарын еліміздің табиғатымен, тарихи-мәдени мұрасымен және қазіргі дамуымен таныстыру, екі халық арасындағы достық байланыстарды нығайтуға үлес қосу.
Көрмеге қойылған 43 фотосурет – Қазақстанға ашылған 43 терезе. Олар келушілерді асқар таулар мен ұлан-ғайыр далалармен, көне ескерткіштер мен киелі орындармен, ұлттық дәстүрлермен және заманауи қалалардың сәулетімен таныстырады. Фотосуреттер өз мұрасын ұқыпты сақтап, дәйекті түрде дамып келе жатқан еліміздің сан қырлы келбетін көрсетеді.
Өз сөзінде А.Айдарбеков Қазақстан мен Молдова арасындағы достық қатынастар өзара құрметке негізделгенін атап өтті. Мемлекет басшылары Қ.Тоқаев пен М.Сандудың кездесулері, Молдованың Астанадағы Елшілігінің ашылуы және МР Сыртқы істер министрі М.Попшойдың 2025 ж Қазақстанға жасаған ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал еткендігін жеткізді
Елші көрменің Кишинев тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның табиғатымен, мәдени мұрасымен және қазіргі келбетімен таныстыруға бағытталғанын айтты. Ол Бас примар И.Чебан мен Примария қызметкерлеріне бастаманы қолдағаны және оны жүзеге асыруға жәрдемдескені үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде Бас примар И.Чебан Елшілікке фотокөрмені ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, оның Кишиневтің мәдени өміріндегі маңызын атап өтті. Ол мұндай бастамалар қала тұрғындарына өзге елдердің тарихы мен дәстүрлерін танып-білуге мүмкіндік беретінін, достық байланыстарды нығайтып, одан әрі ынтымақтастыққа жол ашатынын жеткізді.
Ашылу рәсімінен кейін қатысушылар фотосуреттерді тамашалап, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Қонақтар көрме мен ұсынылған тағамдар туралы жағымды әсерлерімен бөлісіп, жылы атмосфераны және Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін жақынырақ тану мүмкіндігін атап өтті.
«Валя-Морилор» саябағындағы «Қазақстанды таны» фотокөрмесі 2026 ж 7 қарашаға дейін жалғасады.
Кишинев, 2026 жылғы 27 тамыз. ҚР Елшісі Алмат Айдарбеков Молдованың Тәуелсіздік жарияланғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Рәсім барысында Молдовада аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары Молдованың тарихы мен мемлекеттілігін ұлықтап, елдің тәуелсіздік жолындағы тарихи маңызға ие оқиғаларға құрмет көрсетті.
Кишинев, 2026 жылғы 21 тамыз. Қазақстан Елшісі Алмат Айдарбеков Молдова Республикасының Премьер-министрі Василе Тофанмен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Молдова қатынастарының өзекті мәселелері мен оларды одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Қазақстандық дипломат В.Тофанды Премьер-министр лауазымына тағайындалуымен құттықтап, жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Премьер Қазақстан-Молдова байланыстарын, ең алдымен, сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда одан әрі кеңейтуге Молдова тарапының дайын екенін айтып, осы бағыттарда өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі мүмкіндіктер бар екенін жеткізді. Осыған байланысты екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды жандандыру және бірлескен жобаларды іске асырудың өзектілігі атап өтілді.
А.Айдарбеков Молдованың Астана қаласында Елшілігін ашуының, сондай-ақ Молдова Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Попшойдың 2025 ж. Қазақстанға жасаған ресми сапарының маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында Елші Премьер-министрді екіжақты қатынастардың жай-күйі және Қазақстандағы қазіргі саяси өзгерістер және оның ішінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі, сондай-ақ а.ж. 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы туралы хабардар етті.
Кездесу қорытындысы бойынша тұрақты саяси диалогты жалғастырудың және екіжақты қатынастарды практикалық мазмұнмен толықтырудың, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды, іскерлік қатынастарды кеңейту және өзара тиімді бастамаларды іске асыру арқылы нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Кишинев, 2026 жылғы 20 тамыз. ҚР Елшісі Алмат Айдарбеков Молдованың теміржол инфрақұрылымын реконструкциялау жобасын іске асыруға қатысып жатқан «Теміржол жөндеу» компаниясының қазақстандық мамандарымен кездесті.
Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 250 км болатын Тигина – Бессарабка – Джурджулешты теміржол учаскесі реконструкциялануда. Жоба елдің теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға және көлік қатынасының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Кездесу барысында Елші атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, компания басшылығы және мамандарымен жобаны іске асырудың практикалық мәселелерін, сондай-ақ қазақстандық азаматтардың Молдовадағы еңбек ету және тұру жағдайларын талқылады.
Кездесуде Молдовада жүрген қазақстандық азаматтармен Елшіліктің өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. А.Айдарбеков отандастармен тұрақты байланысты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, Елшіліктің өз құзыреті шеңберінде қажетті консулдық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының қоғамдық-саяси өмірге қатысу мәселелері талқыланды. 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы қарсаңында Елші Молдовада жүрген және дауыс беру құқығына ие Қазақстан азаматтарын өздерінің сайлау құқығын пайдалануға шақырды.
Кездесу соңында А.Айдарбеков қазақстандық мамандарға маңызды инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосқан кәсіби үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Аталған жобаның іске асырылуы Қазақстан мен Молдова арасындағы практикалық ынтымақтастықтың нақты үлгісі болып табылады және екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың халықаралық инфрақұрылымдық жобалардағы ұстанымдарын нығайтуға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта нысанда 300-ден астам маман жұмыс істейді, оның ішінде шамамен 20-сы – Қазақстан азаматтары.
Кишинев, 2026 жылғы 20 тамыз. ҚР Елшісі Алмат Айдарбеков Молдова Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Анжелика Караманмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар 2026 ж. 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алдағы сайлауын талқылады.
Молдова ОСК Төрайымы А.Караман Қазақстандағы сайлауға халықаралық байқау миссиясы аясында қатысады. Сапар барысында ол сайлау процесін ұйымдастырумен және ҚР ОСК қызметімен танысуға, сондай-ақ екі елдің сайлау органдары арасында кәсіби тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты.
Тараптар сондай-ақ Кишинев қаласындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі жанынан ашылатын сайлау учаскесінде Қазақстандағы сайлауды өткізу мәселесін талқылады. Молдовада тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан азаматтары аталған сайлау учаскесінде өздерінің сайлау құқықтарын жүзеге асыра алады.
А.Караман Елшіге Молдова Республикасының сайлау заңнамасын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ол Молдова Республикасының Парламентінде жаңа Сайлау кодексінің қаралып жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында Молдова Республикасында 2026 ж. күзінде өткізілуі күтілетін кезекті жергілікті сайлауға дайындық мәселелері бойынша да пікір алмасты.
Тараптар Қазақстан мен Молдованың сайлау органдары арасындағы кәсіби байланыстарды одан әрі дамытуға, сайлауды өзара байқауға және тәжірибе алмасуға мүдделілік білдірді.
Кишинев, 2026 жылғы 18 тамыз. ҚР Елшісі Алмат Айдарбеков Молдова Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Корина Кэлугэрумен кездесу өткізді.
А. Айдарбеков әңгімелесушісін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі, сондай-ақ а.ж. 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы туралы хабардар етті.
Елші іскерлік байланыстарды кеңейтуге, өзара сауданы әртараптандыруға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға зор әлеует бар екенін атап өтті. Екі ел компанияларының табысты қызметіне мысал ретінде қазақстандық нарықтағы молдовалық «JLC сүт өнімдері» компаниясының, сондай-ақ Молдовадағы қазақстандық «Rompetrol», «Темір жол жөндеу», «Ақжол құрылыс», «ES Engineering» және «Dolce Pharm» компанияларының жобалары туралы атап өтілді.
Қазақстанның халықаралық бастамаларына ерекше назар аударылды. А. Айдарбеков молдовалық тарапты Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі ұсынысы туралы хабардар етті. Аталған бастама су қауіпсіздігі саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық күш-жігерді үйлестіруге және су ресурстарын тұрақты басқаруды ілгерілетуге бағытталған. Қазіргі таңда өңірде климаттың өзгеруі, соның ішінде Молдовада су тапшылығының артуы жағдайында аталған бастама айрықша маңызға ие болып отыр.
Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Қазақстанды жаңа Конституцияның қабылдануымен және Құрылтайдың алдағы сайлауымен құттықтады. Ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, сайлаудың табысты өтуіне тілектестік білдірді.
К. Кэлугэрю Молдова тарапының Қазақстанмен қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екенін растады. Сонымен қатар өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша тұрақты саяси байланыстарды жолға қоюдың және практикалық өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді байланыстарды нығайтуға және кеңейтуге өзара ниеттілігін растады.
2026 жылғы 15 тамыз. ҚР Молдова Республикасындағы Елшілігінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының алдағы сайлауына арналған іс-шара өтті. Оған қазақстандық диаспора өкілдері мен жоғары оқу орындарда білім алып жүрген студенттер қатысты.
Жиналғандарға 2026 ж. 1 шілдеде күшіне енген және еліміздің саяси әрі қоғамдық дамуының келесі кезеңіне жол ашқан жаңа Конституцияның негізгі аспектілері туралы ақпарат берілді. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, өкілді институттар мен заң үстемдігін нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған конституциялық реформаның негізгі ережелері түсіндірілді. Көзделген өзгерістердің мемлекеттің одан әрі дамуындағы рөлі атап өтілді.
Қатысушылардың басым бөлігінің жастар екенін ескере отырып, оларды қоғамдық, мәдени және волонтерлік қызметке тартуға ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Халықаралық жастар күніне және Волонтерлер жылына орайластырылған бастамалар туралы мәлімет ұсынылды.
Күн тәртібінде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні мен Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуы ерекше орын алды. Бұл оқиғалардың Қазақстан және әлемдік қоғамдастық үшін тарихи мәні бар. Студенттер ұлттық мәдени мұраны сақтауға, волонтерлікті дамытуға, сондай-ақ бейбітшілік, ядролық қарусыздану және таратпау идеяларын ілгерілетуге бағытталған жобаларға қосылуға шақырылды.
Іс-шара барысында мазмұнды пікір алмасу өтіп, қатысушылар өз ұсыныстарын білдірді және өздерін қызықтырған сұрақтарға жан-жақты жауап алды.
Кездесу соңында диаспора өкілдері мен студенттер а.ж. 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасының Құрылтайына сайлауға белсенді қатысуға шақырылды.
Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары!
Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы Елшілігі Молдова аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын қазақстандықтарды Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттары сайлауына қатысуға шақырады.
Дауыс беру күні: 2026 жылғы 23 тамыз
Дауыс беру уақыты: Кишинев уақыты бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін
Өтетін орны: Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы Елшілігі жанындағы №477 сайлау учаскесі
Сайлау учаскесінің мекенжайы: Кишинев қ., Петру Рареш көш., 43/1 (Қазақстан Республикасы Елшілігінің ғимараты).
Сайлаушылар тізіміне 18 жасқа толған, Молдова Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.
Дауыс беру күні өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының паспорты немесе жеке куәлігі болуы қажет. Жеке куәлікті eGov қосымшасындағы цифрлық құжат түрінде көрсетуге де болады.
Сіздің дауысыңыз маңызды!
Астана, 2026 жылғы 1 маусым
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «Діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өткізді. Іс-шара барысында халықаралық серіктестерге «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» тақырыбындағы екі ірі жобаның құжаттары таныстырылды.
Конференцияға Қазақстан, Ұлыбритания, Ресей, Аргентина, Таиланд, Солтүстік Македония және Үндістанның беделді діни қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Талқылаудың негізгі арқауы – «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» және 2023–2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамыту тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері болды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов өз сөзінде мемлекет пен конфессиялар арасындағы әріптестіктің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақстандық модель аясында азаматтық бейбітшілікті нығайту үшін зайырлы институттар мен діни бірлестіктердің тең құқылы серіктес ретінде бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанын және бұл ең тиімді тәсіл екенін алға тартты.
Орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай діни дипломатия әрбір қақтығысты шеше алмаса да, ең күрделі әрі шиеленісті кезеңдердің өзінде диалогты сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысал ретінде ол 2025 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткен VIII Съезді келтірді. Таяу Шығыстағы жағдай аса сезімтал кезеңде өткен жиында иудей және мұсылман өкілдері бір үстел басында отырып, өз жұмыстарын жалғастыра алған.
Басқарма төрағасы Г. Қожабай бүгінде рухани дипломатия нақты іс-қимылдарға көшуі тиіс екенін алға тартты. Атап айтқанда, ол жасанды интеллектке арналған этикалық қағидаларды қалыптастырудан бастап, климаттың өзгеруі сын-қатерлеріне бірлесіп жауап беруге дейінгі бағыттарды қамту қажеттігін жеткізді. Осы мақсатта Орталық әзірлеген «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» атты екі жобаға ерекше тоқталды.
Аргентина Ахмадия мұсылман қоғамының президенті Марван Сарвар Гилл ислам дәстүріндегі бейбітшіліктің әмбебап сипатына назар аударды. Ол Мұхаммед пайғамбардың іліміне сүйене отырып, адамның қадір-қасиеті нәсіліне, ұлтына немесе шыққан тегіне байланысты болмауы тиіс екенін, ал бейбітшілік таңдаулы сипатқа ие болмауы керектігiн атап өтті. Оның сөзінше, мұндай ұстаным жаһандық қауіпсіздіктің маңызды рухани негіздерінің бірі болып саналады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессор міндетін атқарушысы Юлия Шаповал цифрлық радикализмнің күшеюіне ерекше назар аударды. Ол діни және сарапшылық қауымдастықтар жаңа ақпараттық сын-қатерлерден артта қалмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстары, бейбітшілік пен жасампаздыққа үндейтін контент цифрлық кеңістікте белсенді таралып, әлеуметтік желілердегі деструктивті материалдарға қарсы тұруы қажет.
«Өркениеттер альянсы» халықаралық орталығы басқармасының төрағасы Иван Иванов этникалық және діни зорлық-зомбылықтың алдын алуда сыни ойлаудың маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, білім беру тек тұлғалық болмысты қалыптастырып қана қоймай, ар-ождан, жанашырлық пен жауапкершілік сезімін де тәрбиелеуі қажет. Осы тұрғыда философия мен этика білім беру бағдарламаларында маңыздырақ орын алуы тиіс екенін айтты.
Қазақстандағы Евангелиялық-лютеран шіркеуінің басшысы Ростислав Новгородов, Қазақстан Бахаи қауымдастығының өкілі Тоқжан Қожахметова және Somaiya Vidyavihar университетінің ректоры Рудракша Сакрикар жастардың ерекше рөліне тоқталды. Спикерлердің айтуынша, жас ұрпақ тек білім алушы ретінде емес, бейбітшілік, өзара құрмет пен ынтымақтастық мәдениетін ілгерілете алатын әлеуметтік өзгерістердің белсенді қатысушысы ретінде қарастырылуы тиіс.
Ресей ғылым академиясы Философия бөлімінің меңгерушісі Сергей Мельник 2027 жылы «Арамыздағы ортақ сөз» құжатының 20 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өткізуді ұсынды. Бұл бастама ислам-христиан диалогын одан әрі дамытуға және діни дәстүрлер арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар конфессияаралық диалогтан тұрақты бейбітшілік, жаңа технологиялар этикасы, климаттық жауапкершілік, білім беру және радикализмнің алдын алу салаларындағы практикалық ынтымақтастыққа көшу маңызды екенін атап өтті.
Кишинев, 2026 жылғы 3 маусым – Молдова астанасында Молдова-Қазақстан Іскерлік Кеңесі кеңсесінің ресми ашылу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Молдова Республикасының Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі министрі Людмила Катлабуга (екіжақты үкіметаралық комиссияның тең төрағасы), бейінді министрліктер мен ведомстволардың, жетекші іскерлік қауымдастықтардың өкілдері, Парламент депутаттары, сондай-ақ қазақстандық және молдовалық компаниялардың басшылары қатысты.
ҚР Молдова Республикасындағы Елшісі А.Айдарбеков өзінің сөзінде бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, кеңсенің ашылуы экономикалық өзара іс-қимылды нығайту, бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілету және кәсіпкерлер арасындағы байланыстарды кеңейту үшін қосымша институционалдық алаң болатынын жеткізді. Сонымен бірге, Елші Кеңес жүйелі ынтымақтастықты орнатуға және іскерлік бастамаларды қолдаудың тиімді тетіктерін жасауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
МР Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі министрі Л.Катлабуга қатысушыларды құттықтап, жаңа платформаның аграрлық сектор үшін стратегиялық маңыздылығына назар аударды. Ол Қазақстанды Молдова үшін перспективалы әрі ауқымды нарық деп атап, өзара тауар жеткізуді арттыру, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы озық технологиялармен алмасу және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін зор әлеует бар екенін атап өтті. Министр бұл Кеңестің екі елдің бизнесі үшін сенімді көпір болатынына сенім білдірді.
Молдова-Қазақстан Іскерлік Кеңесінің төрағасы Тұңғат Әбілқасымов жаңа құрылымның практикалық міндеттерін айқындады. Ол кеңсенің басты мақсаты – ынтымақтастық әлеуетін нақты келісімшарттар жазықтығына көшіру екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Кеңестің кедергілерді азайту және бірлескен кәсіпорындарды іске қосуды жеделдету үшін барынша ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Ашылу рәсімі аясында қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық және экспорттық әлеуеті егжей-тегжейлі таныстырылды. Іскерлік топтардың өкілдері ынтымақтастық перспективаларын талқылады, ал іс-шара бірқатар екіжақты меморандумдарға қол қоюмен аяқталды.