
Кишинев, 2024 жылғы 30 қыркүйек – Молдованың екінші ірі қаласы-Бэльц қаласында – Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бэльц – Молдованың өнеркәсіп орталығы, оның аумағында ірі өндірістік және ең үлкен еркін экономикалық аймақтар орналасқан. Қалада 40-тан астам кәсіпорын бар: тамақ және жеңіл өнеркәсіп, электротехникалық және ауылшаруашылық машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және т.б.
Құрметті консулдық қызметінің негізгі басымдықтары қазақстандықтарды қолдау, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту болады. Қазақстанның Бэльцтегі Құрметті консулы болып «JLC Group» холдингінің Вице-президенті, «АйсМастер – Айс Крим» ЖШС компаниясының Бас директоры Юрие Жардан тағайындалды.
Ашылу салтанатына МР Сыртқы істер министрлігінің Протокол басшысы М.Барбулат, Бэльц қ. мэрі А.Петков және дипломатиялық корпус, бизнес-қоғамдастық, мемлекет өкілдері мен депутаттар қатысты.
Елші А.Айдарбеков ҚР Құрметті консулдығының ашылуының маңыздылығын ескере отырып, бұл инвестициялық, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатын екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңі екенін атап өтті.
Өз тарапынан жаңадан тағайындалған ҚР Құрметті консулы Ю.Жардан қазақстандық тараптың жоғары сенімі үшін алғысын білдіріп, елдеріміз арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екендігін растады.