
Кишинев, 2023 жылғы 20 қараша – Кишиневте «Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар – Қазақстан-Молдова ынтымақтастығының даму мүмкіндіктері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Парламент басшылығы мен депутаттары, Үкімет, іскер және академиялық орта, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Алмат Айдарбеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында елімізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді.
Қазақстандық дипломат Қазақстан қоғамы дамуының жаңа кезеңін ашқан мәрелік оқиға Қазақстан Президентінің бастамасымен қабылданған 2022 жылғы Конституциялық реформа болғанын атап өтті. Еліміздің Негізгі Заңына өзгерістер енгізу жөніндегі бүкілхалықтық референдум нәтижесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы шеңберінде супер президенттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшу қамтамасыз етілді, көппартиялылық пен саяси бәсекелестікті дамыту жөнінде жүйелі шаралар қабылданды.
Алмат Айдарбеков қатысушыларды «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еліміздің жаңа экономикалық бағытының негізгі аспектілерімен таныстырды. Дипломаттың айтуынша, елдің жаңа экономикалық бағытының айқындаушы қағидаттары әділеттілік, инклюзивтілік және прагматизм, ал оның негізгі мақсаты ұлттық экономика көлемін 2029 жылға қарай 450 млрд.долл.-ға дейін ұлғайту болып табылады.
Іс-шарада Молдова Парламенті Төрағасының орынбасары Михай Попшой сөз сөйлеп, еліміздің жетістіктері мен табыстарын жоғары бағалады, осы жылы 5 қаршада пилоттық түрде қала және аудан әкімдерінің сайлауын сәтті өткізумен құттықтады. Вице-спикер түрлі салаларда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті.
Қазақстан мен Молдованың қазіргі даму деңгейін ескере отырып, Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі министрі, екіжақты Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Владимир Боля екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың жоғарғы әлеуетіне назар аударды, осы бағытта, оның ішінде 2024 жылы Астанада жоспарланған Үкіметаралық комиссиясының отырысына дайындалу тұрғысынан бірлескен күш-жігерді жандандыру қажеттігін атап өтті.
Молдова Парламентінің депутаттары Оазу Нантой, Елена Белякова және Адриан Белый туризм, мәдениет, білім және медицина саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамыту мүмкіндіктері мен перспективаларын қозғады.
«Бельц» Еркін экономикалық аумағының әкімшісі Мариан Чобану инвестициялық салада ынтымақтастықты дамыту қажеттілігіне назар аударды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар өткізілген пікірталас Қазақстанда да, Молдовада да жүргізіліп жатқан реформалар аясында екіжақты күн тәртібін одан әрі мазмұнды толықтыруға ықпал ететініне сенім білдірді.