
Кишинев, 2023 жылғы 6 қараша – Қазақстанның Елшісі Алмат Айдарбеков Молдова Парламенті Төрағасының орынбасары Михай Попшоймен кездесті.
Кездесу барысында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан және Молдова қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы жан-жақты пікір алмасу орын алды.
Молдовада көлік және энергетика саласында жүзеге асырылып жатқан қазақстандық жобаларға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы секторына ерекше назар аударылды. Инвестициялық ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
Қазақстандық дипломат 2024 жылы Астанада өтуі жоспарланған Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындық барысы туралы айтып берді.
Қазақстан Парламентімен ынтымақтастық жөніндегі депутаттық топтың мүшесі болып табылатын Вице-спикер елдеріміз арасындағы парламентаралық байланыстарды жандандыруға қызығушылық танытты.
Сондай-ақ Алмат Айдарбеков сұхбаттасушыны «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елімізде саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар етті.
Сұхбат барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібінің бірқатар өзекті мәселелері қозғалды.