
Кишинев, 2023 жылғы 17 қазан – Қазақстанның Елшісі Алмат Айдарбеков Молдова Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі министрі, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Молдова үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Владимир Болямен кездесті.
Кездесу барысында 2024 жылы Астанада өтуі жоспарланған Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын мазмұндық тұрғыдан толтыру мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасу орын алды.
Тараптар кең ауқымды бағыттарда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар сұхбаттасушылар екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктері арасында ықпалдастықты белсендіру мәселелерін де талқылады. Молдова тарапы салалық ведомстволар делегацияларының сапарларымен алмасуға дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында қазақстандық дипломат молдовалық әріптестерді осы жылдың 29-30 қарашасында Астанада өтетін мал шаруашылығы саласына арналған «Jana Dala/Vet Astana 2023» мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды.