
Кишинев, 2023 жылғы 9 қазан – Қазақстанның Елшісі Алмат Айдарбеков Молдова Конституциялық сотының төрағасы Николае Рошкамен кездесті.
Кездесу барысында кең ауқымды бағыттар бойынша Қазақстан-Молдова қатынастарының қазіргі жағдайы мен келешегі туралы сындарлы пікір алмасу орын алды.
Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыға Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформалар, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктері туралы айтып берді, сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» Жолдауымен таныстырды.
Николае Рошка екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуде елдеріміздің конституциялық соттары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Ағымдағы жылдың 7-8 қыркүйегінде Астанада Қазақстанның Конституциялық соты ұйымдастырған «Конституциялық Сот төрелігі: баршаға қадір-қасиет, бостандық пен әділдік»» атты халықаралық конференцияның маңыздылығы мен жоғары деңгейі атап өтілді.
Қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін салушы, драматург, көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы аясында Елші Алмат Айдарбеков Молдова Конституциялық сотының кітапхана қорына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабын сыйға тартты.