Молдовада Қазақстан Республикасының күні атап өтілді

Молдовада Қазақстан Республикасының күні атап өтілді

2022 жылғы 9 қараша Молдова елордасы – Кишинев қаласында Қазақстан Республикасы күніне орай ресми қабылдау өтті.

Елшілік ұйымдастырған іс-шараға МР Парламентінің, Үкіметінің, министрліктер мен ведомстволардың, дипломатиялық корпустың, сондай-ақ іскерлік, ғылыми, білім беру және сараптамалық топтардың өкілдері қатысты.

Қабылдауды ашқан Елші Алмат Айдарбеков Республика күнінің тарихи маңызын айта отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына жеке тоқталды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат биылғы жылы Қазақстан мен Молдова арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын, олардың одан әрі жемісті даму болашағы бар екенін атап өтті.

Молдова тарапынан құттықтау сөзін Қазақстан-Молдова экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Үкіметаралық комиссияның молдован бөлігінің тең төрағасы, МР Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі министрі Владимир Боля жеткізді. Молдова Үкіметі басшысының атынан ол барша Қазақстан халқын айтулы оқиға – Республика күнімен құттықтап, сонымен бірге елдеріміз арасындағы уақыт сынынан өткен берік достықты атап өтті.

Аталған іс-шара барысында Елшілік фотокөрмені ұйымдастырды,
сондай-ақ қонақтардың назарына Қазақстан Республикасы Президенттік оркестрінің әншісі Айзат Қарабекова өнер көрсетті.