Дархан Кәлетаев Украиналық астық қауымдастығының (УАҚ) Президенті Николай Горбачевпен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында тараптар аграрлық саласының, атап айтқанда Қазақстан мен Украинаның астық саласының жай-күйі мен даму болашағы туралы пікір алмасты.
Н. Горбачев Украина астық қауымдастығының құрылу тарихы мен қазіргі қызметі, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау, нарық ойыншылары үшін ашық және өркениетті ережелерді құру, украиндық астықтың имиджін арттыру, астық өсірушілер мен мемлекеттік органдар арасында «көпір құру», ұйымға мүше компаниялардың мүдделерін қорғау және т.б. сияқты оның миссиясы мен мақсаттары туралы айтып берді.
УАҚ Президенті биылғы жылы жақсы өнім болғанын (45 млн. тоннадан астам астық), бұрынғылары қайтып, сондай-ақ жаңа тұрақты сатып алушылар пайда болғанын хабарлады. Ол барлық қиындықтарға қарамастан, астық өнімдерінің 80% астамы әлі де теңіз арқылы, 10% жуығы теміржол тасымалы, қалғаны автомобиль көлігімен экспортталатынын атап өтті.
Н. Горбачев Украинада қатты бидай түрлерін өсірудің қазақстандық технологияларын тартуға қызығушылық танытып, қазақстандық астық өсірушілермен іскерлік қарым-қатынас орнату үшін байланыс деректерін ұсынуға өтініш білдірді.
Д. Кәлетаев әңгімелесушіні украиналық нарықта жұмыс істейтін қазақстандық аграрлық және өңдеуші компаниялар жөнінде ақпараттандырды. Қазақстандық астық өндірушілермен белсендірек байланыстарды жолға қоюды және іскерлікті дамытуды ұсынды.