Қазақстанның Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев Т. Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің ректоры Владимир Бугровпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар мәдени-білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың келешегі мен әлеуетінің өзара іс-қимылын талқылады. Әңгімелесушілер ғылыми-педагогикалық әлеует деңгейін арттырудың өзекті мәселелері, профессорлық-оқытушылық құрамның тәжірибе алмасу мүмкіндіктері, оқу үдерісіне заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ екі елдің болашақ мамандарын дайындау сапасын одан әрі жетілдіру мақсатында озық тетіктер мен тәжірибелерді қолдану жөнінде пікір алмасты.
В. Бугров білім сапасын арттыру бойынша саясатын жүзеге асырудағы тәжірибесімен, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жоспарлары және басымдықтарымен бөлісті.
Д. Кәлетаев өз тарапынан қазақстандық оқу орындарымен өзара іс-қимылды кеңейтуде жан-жақты көмек көрсетуге дайындығын білдірді.
Қазақстан мен Украинаның жетекші университеттерінің арасындағы ынтымақтастықтың жинақталған тәжірибесі мен тығыз достық байланыстарын ескере отырып, тараптар білім саласындағы екіжақты қатынастар одан әрі жемісті өзара әрекеттесетініне және нығайатынына сенім білдірді.