
Дархан Кәлетаев Львовта директорлар Кеңесінің Төрағасы және SoftServe IT-компаниясының тең құрылтайшысы Ярослав Лубинцпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан Елшісі елімізде стартаптар үшін қолайлы экожүйе, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жаңа технологиялар мен кәсіпкерлікті дамыту үшін қолдау мен ресурстар туралы айтты. Атап айтқанда, технологияларды, инновацияларды және кәсіпкерлікті дамыту, таланттар мен инвесторларды тарту платформасы ретінде жұмыс істейтін AstanaHub қызметі туралы айтты. Компанияны қазақстандық тараппен ынтымақтастыққа шақырды.
Я.Лубинец SoftServe компаниясының құрылу тарихы жөнінде ақпараттандырды. Компания 1993 жылы Львовта құрылған. Оның негізін «Львов политехника» Ұлттық университетінің екі магистранты Тарас Кицмей мен Ярослав Лубинец құрды, олар компанияның негізгі қызметінің алғашқы бағыттары ретінде – бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және консалтингтік қызметтерді көрсетуді анықтады. Компанияның негізгі кеңселері Львов пен Остинде (Техас, АҚШ) орналасқан, компанияның еуропалық және америкалық кеңселерінде 11 000 астам қызметкер, ал Украинада 6 000 астам қызметкер жұмыс істейді. SoftServe Орталық және Шығыс Еуропадағы бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуші ең ірі компаниялардың бірі. SoftServe серіктестері мен клиенттері Google, Microsoft, Nvidia, Mercedes, IBM, Cisco, Panasonic, Amazone, Liebherr және т.б. сияқты танымал компаниялар болып табылады.
SoftServe директорлар Кеңесінің Төрағасы компанияның Қазақстан мен Әзербайжанда өкілдіктері бар екенін атап өтті.