
Абай Құнанбаевтың 175-жылдығын мерекелеу шеңберінде Қазақстанның Украинадағы Елшілігі Абайдың қара сөздерін украин тіліне аударды.
Кітаптың тұсаукесері 2020 жылдың 15 шілдесінде Канев қаласында (Черкассы облысы) украиналық ұлы ақын және суретші Тарас Шевченко атындағы мұражайда өтті.
Қазақстанның Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев іс-шараға қатысушыларға Абайдың мәңгілік шығармашылығы мен қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған бүкіл даналығын сіңірген ұлы мұрасы туралы айтып берді.
Аударманың авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Николай Васьков жұмыс барысында танысқан Абайдың шығармашылығынан алған әсерлерімен бөлісті. Ол Абайдың ұлылығы тек шығармаларында ғана емес, сондай-ақ, оның өмір сүру дәстүрінде, халықты отан сүйгіштікке шақыруында, ұлт алдындағы жауапкершілігінде екендігін атап өтті.
Т.Шевченко атындағы мұражайдың директоры Игорь Лиховой Абай мен Кобзарьдың ұқсастығына тоқталып кетті. Оның пікірі бойынша, екі көрнекті ақын, ойшыл халықты өзін-өзі дамуына, әділеттілік пен мейірімділікке шақырып, екі халықтың санасында төңкеріс жасады.
Украинадағы қазақ диаспорасының өкілдері Абай туралы білімдерімен бөлісіп қана қоймай, оның «Қара сөздері» мен кейбір өлеңдерін қазақ тілінде оқып берді.
Іс-шараға жергілікті зиялы қауым, академиялық топтар, сарапшылар қауымдастығы, сонымен қатар мемлекеттік басқару органдардың өкілдері қатысты.
Елшілік мұражайға және облыстық мемлекеттік әкімшілікке аймақтың ғылыми және оқу орындарына тарату мақсатында кітаптың 100-ге жуық данасын табыстады.