Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшісі Киев қаласының мэрімен кездесті

Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшісі Киев қаласының мэрімен кездесті

Ағымдағы жылғы 30 сәуірде Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев Киев қаласының мэрі Виталий Кличкомен кездесті.

Украина астанасының басшысы «Менің екінші Отаным - Қазақстанның Елшісін қарсы алуға қуаныштымын! Киевке қош келдіңіздер!» - деп әңгімесін бастады. Ол өзінің Қазақстанда өткен балалық шақтарын жылы еске алып, кең байтақ дала, ұлы Тянь-Шань таулары мен қазақ халқының қонақжайлылығы оның жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті.

В.Кличко Киевтің экономикалық әлеуеті туралы хабарлап, қазақстандық бизнесті белсенді сауда-инвестициялық ынтымақтастыққа шақырды. Ол бірлескен жобаларды жүзеге асыруда қажетті қолғабыс көрсететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде, Д.Кәлетаев Қазақстандағы инвестициялық ахуал, Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының туристік әлеуеті туралы айтты. Ол екі астананың - Нұр-Сұлтан мен Киевтің «егіз қала» қатынастарының аясында бірқатар экономикалық, мәдени - гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

Сонымен қатар, сұхбаттасушылар COVID-19 таралуына қарсы тұру және халық пен кәсіпкерлерді қолдау шаралары бойынша тәжірибе алмасты.