
Қазақстан Республикасының Пәкістандағы Елшісі Ақан Рахметуллин Пәкістан Президенті Ариф Алвимен сенім грамоталарын тапсыру үшін қабылданды.
Кездесу барысында Пәкістан Президенті елдер арасында қалыптасқан достық қарым-қатынасты, сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша екі мемлекеттің ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екіжақты қарым-қатынастардың қалыптасуына және Қазақстан-Пәкістан әріптестігінің дамуына қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде, А. Рахметуллин жылы лебізін білдіріп, Қазақстанда болып жатқан экономикалық және саяси өзгерістер туралы хабардар етті.
Тараптар сондай-ақ саяси диалогты, сауда-экономикалық ынтымақтастықты және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды дамытуды қоса алғанда, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу соңында А. Алви Елбасы Н. Назарбаевқа және Қазақстан Президенті К. Тоқаевқа жүрек тілегін жеткізді, сондай-ақ Елшіге Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығын нығайту үшін табысты және жемісті жұмыс тіледі.