Алматыда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күні аталып өтті

Алматыда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күні аталып өтті

2019 жылғы 28 тамызда Алматы қаласында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі, БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық бюросы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел барысында тараптар елдің жас ұрпақтарын белсенді тарту арқылы халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша диалогты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Ядролық қауіп-қатерден бос әлем —бұл тұрақты дамудың, жаһандық қауіпсіздік пен жердегі тұрақтылықтың сенімді жолы.

Іс-шараға Алматыда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың, ғылыми және академиялық қауымдастықтың, жастар ұйымдарының және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл күн Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бекітілді. БҰҰ Бас ассамблеясы БҰҰ-ның, әлем мемлекеттерін, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды жер шарындағы ядролық сынақтарды тоқтатуға күш салуға шақырды.