
НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 28 маусым — 2019 жылдың 24-28 маусымы аралығында елордамызға Орталық Азиядағы экономикалық дипломатия бойынша Францияның Еуропа және сыртқы істер министрінің арнайы өкілі Паскаль Лороның жұмыс сапары орын алды.
Сапар барысында П.Лоро ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен кездесіп, сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасарлары Роман Василенко мен Ермек Көшербаевпен жеке келіссөздер өткізді.
2017 жылы П. Лоро ЭКСПО-2017 көрмесінде үздік павильондардың ішінде қола марапатына ие болған француз павильонын басқарды.
П. Лоро елімізге жаңа жауапты миссиямен қайта оралуға қуанышты екенін атап өте отырып, «Парижде Орталық Азияның стратегиялық маңызы мен осы өңірдегі Қазақстанның басты рөлін түсіне отырып, Орталық Азиядағы экономикалық дипломатия бойынша арнайы өкілінің жаңа қызметін құрды» — деп түсіндірді.
Елімізде өткен президенттік сайлау мәнмәтінде француз дипломаты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің құттықтау жолдауында француз көшбасшысы Эммануэль Макрон сайлау үдерісіне жоғары баға бергенін және екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше қызығушылық білдіргенін атап өтті.
2018 жылғы 18 қазанда Брюссельде өткен «Еуропа — Азия» Саммиті аясында Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Э.Макронмен кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, тараптар жоғарғы деңгейдегі сапарды сапалы жаңа мазмұнмен толтыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаластыққа қол жеткізген болатын. Сол кезде екі елдің көшбасшылары ынтымақтастықтың басты бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергетика және цифрлық технологияларды белгіледі.
Францияның Президентінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру шеңберінде Нұр-Сұлтан және Париж белсенді жұмыс атқаруда. Оның қарсаңында Францияның Еуропа және Сыртқы істер министрі Ж.-И. Ле Дрианның, сондай-ақ Экономика және қаржы министрі Брюно Ле Мэрдің Қазақстанға сапарлары жоспарлануда.
Сонымен қатар, П.Лоро сапар аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның басшылығымен және Нұр-Сұлтан қаласының Әкімімен кездесулер өткізіп, «Airbus» компаниясымен бірлескен тікұшақтарды шығаратын «Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг» және спутниктерді өндіретін ҒА ҚСК кәсіпорындардың қызметімен танысты.