Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ЕҰУ-дің 25 жылдығына арналған көрме Украинада ашылды

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ЕҰУ-дің 25 жылдығына арналған көрме Украинада ашылды

2021 жылғы 28 мамырда И.Франко атындағы Львов ұлттық университетінде Қазақстанның Украинадағы Елшілігінің көмегімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына арналған көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаевтың, ҚР-дың Львовтағы Құрметті консулы Галина Маслюктің, ЕҰУ Ерлан Сыдықов пен ЛМУ Владимир Мельник ректорлары, сондай-ақ екі жоғарғы оқу орындары өкілдерінің қатысуымен өтті.

Ерлан Сыдықов өз сөзінде биыл Еуразия ұлттық университеті алғашқы маңызды кезеңі - құрылғанына 25 жыл толып отырғанын айтты. Ғалым осы дата мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы арасында байланыс орната отырып, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған университет ел тәуелсіздігінің рәміздерінің бірі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Владимир Мельник университетті айтулы датамен құттықтап, қысқа уақыт ішінде университет ұжымы дамудың мықты серпініне ие бола алғанын айтып, одан әрі сәттілік тіледі.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов мұнда университет өмірінен 25 тарихи фотосурет ұсынылғанын баса айтты.

Экспозиция ЕҰУ-дің қалыптасу және даму кезеңдерін айқын көрсететін бірегей фотосуреттерді ұсынады.

Фотокөрмеге келушілер университеттің ширек ғасырлық тарихындағы маңызды кезеңдерге қосылуға, оның маңызды оқиғаларына енуге және уақыт арасындағы байланысты сезінуге мүмкіндік алады.