Қазақстан мен Украина білім беру саласында ынтымақтастықты арттыруда

Қазақстан мен Украина білім беру саласында ынтымақтастықты арттыруда

2021 жылғы 25 мамырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан жоғарғы оқу орындарының ректорлары кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов бастаған қазақстандық делегация, Қазақстанның Украинадағы Елшілігінің көмегімен, украиналық серіктестермен бірқатар жемісті кездесулер өткізді.

Украинаның жоғары оқу орындарының ректорлары одағының президенті Леонид Губерскиймен кездесу барысында білім беру мен ғылым саладағы кең ауқымды мәселелер талқыланды. Сұхбаттасушылар екі елдегі жоғары білім беруді дамытудың қазіргі тенденциялары туралы ақпаратпен және білім сапасын арттыру бойынша тәжірибемен алмасты.

Е.Сыдықов жоғары оқу орындарын оңтайландырудың қазақстандық тәсілдері және қазақстандық жоғарғы оқу орындарының ректорлары кеңесінің рөлі туралы айтты. Сонымен бірге, қазақстандық өкіл украиналық тарапымен ынтымақтастықты нығайту бойынша бірқатар нақты ұсыныстар жасады.

Осы орайда Л.Губерский екі елдің университеттері арасындағы жақсы, берік тарихи қарым-қатынасты атап өтті, Украинаның 90-нан астам жоғарғы оқу орындары Қазақстанның 60-қа жуық жоғарғы оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты.

Кездесу қорытындысы бойынша ұйымдар арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ ректорлар қауымдастықтарының бірлескен отырысын ұйымдастыру мүмкіндігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Т.Шевченко атындағы Киев Ұлттық университетінің ректоры Владимир Бугровпен кездесуде тараптар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытудың практикалық қадамдарын талқылады.

Атап айтқанда, қос дипломды білім беруді ұйымдастыру, студенттер мен профессорлық-оқытушы құрамымен алмасу, академиялық ұтқырлықты дамыту және университеттер арасындағы тағылымдамадан өту, іргелі ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде бірлескен зертханалар құру және мерзімді басылымдар, ғылыми зерттеулерге сараптамалық қорытындыларды дайындауға көмек және т.б. мәселелерді пысықтауға ұсынылды.

Киев Ұлттық университетінің басшылығымен, жаңа бағыттарды қосып, Ынтымақтастық туралы келісімді жаңарту, сондай-ақ қазақ тілін «Түркология» кафедрасының білім беру бағдарламасына енгізу және университетте «Абай» қазақ тілі мен мәдениеті орталығын құру ықтималдығын қарастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Кездесу аясында, сондай-ақ авторы Е.Сыдықов болып табылатын украин тілінде «Шәкәрім» кітабының тұсаукесері өтті. Аударманы Украинаның әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры П.В.Токарь жасады. Кітаптар Киев Ұлттық университетінің кітапханасына сыйға тартылды.