
Ү.ж. 29 сәуірінде Қазақстанның Украинадағы Елшілігінің қолдауымен онлайн режимде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Украина Ұлттық педагогика ғылымдары академиясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Аталған құжатта тараптар ғылыми-педагогикалық әлеуетін арттыру, білім беру жүйесіне заманауи педагогикалық және психологиялық технологияларды енгізу, мәдениетаралық тәрбие, салыстырмалы педагогика проблемаларын зерттеу, білім берудегі ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сараптау тағы басқа өзекті мәселелер қарастырылған.
Құжатқа Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Ғани Бектайұлы Бейсембаев пен Украина ҰПҒ Академиясының президенті Василий Григорьевич Кремень қол қойды.
Қол қою барысында Украина ҰПҒ Академиясының президенті В.Кремень «қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу – білім беруді интернационалдау ісінде үлкен стратегиялық қадам» деп бағалады. Бұл ретте Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы үлесін ерекше атап өтті.
Тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықтың нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Осы іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, қазақ ағартушы - ұстаз Ы.Алтынсариннің 180 жылдығын және Ұлттық білім академиясының 100 жылдық мерейтойлары аясында өткізілді.