
Қазан, 2024 жылғы 18 мамыр – Қазанда «Ресей - Ислам әлемі: KazanForum» XV Халықаралық экономикалық форумы өтті.
Еліміздің делегациясын Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов басқарды. Делегация құрамына Бас прокуратураның, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, сондай-ақ конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері кірді.
Қатысушылар халықаралық ынтымақтастық, экономика, туризм, бизнес, ғылым және технологиялар, исламдық қаржы және инвестициялар, спорт, халал индустриясы мәселелерін, сондай-ақ қазіргі әлемде және ИЫҰ елдерінде ақпараттық өрісті трансформациялаудың, ақпараттық кеңістікті біріктіру мен оны сегменттеудің негізгі трендтерін талқылады.
Іс-шара барысында Мемлекеттік Кеңестің Төрағасы, Татарстан халықтары Ассамблеясының орынбасары Фарид Мұхаметшинмен, Татарстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, «Милли Шура» татарлар дүниежүзілік конгресінің Ұлттық кеңесінің төрағасы Васил Шайхразиевпен кездесулер өтіп, онда Қазақстан-Ресей қатынастары аясында Қазақстан мен Татарстанның уәкілетті органдарының қоғамдық келісім, бірлік және этносаралық, конфессияаралық, этносаясат саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Форум аясында «Ресей-ислам әлемі» стратегиялық көзқарас тобының көпполярлы әділ әлемдік тәртіп және қауіпсіз даму тақырыбы бойынша отырысы, әріптестік қаржыландыру бойынша эксперимент жүргізу жөніндегі сараптамалық кеңес, Ислам елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталарының Халықаралық форумы өтті. «Ресей - Ислам әлемі: KazanForum 2024» XV Халықаралық экономикалық форумының пленарлық және үкіметаралық комиссиялардың отырыстары өтті. Форумға 20 мыңнан астам адам 84 елден және Ресейдің 80-ге жуық субъектілері қатысты.
«Ресей – ислам әлемі: KazanForum» Халықаралық экономикалық форумы Татарстан астанасында 2009 жылдан бері өткізіліп келеді және Ресей мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдерінің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарын нығайтуға арналған алаң болып табылады. Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен форум 2023 жылдан бастап федералды мәртебеге ие болды.