
14 ақпанда, Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) мүшелерінің 2025 жылға дейінгі Еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық бағыттарының жобасын пысықтауға арналған отырысы өтті. ЕЭК штаб-пәтерінде өткен пікірсайыста қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов басқарды.
«Біз Одақтың дамуына ықпал ететін нақты тұжырымдарды, нақты іс-шараларды әзірлеп жатырмыз», - деп жиынды бастады ЕЭК алқасының төрағасы Михаил Мясникович.
Отырыстың нәтижесінде ЕАЭО мүше-мемлекеттері бірыңғай нарықтың максималды тиімділігін қамтамасыз ету, цифрлық кеңістікті құру, мемлекеттік сатып алу процесі мен оларға қол жеткізуді цифрландыруды қамтамасыз ету, сонымен қатар ынтымақтастық жобаларын іске асыру және ЕАЭО-ның институционалдық базасын жақсарту туралы келісімге келді.
Бұл құжат белгілі бір дәрежеде ЕАЭО туралы қазіргі шарттың шеңберінен шығады. Жаңа бағыттардың қатарына жасыл технологияларды, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, денсаулық сақтау, туризм, білім және ғылым саласындағы экономикалық аспектілер жатады. Құжат Үкіметаралық кеңесте мақұлданғаннан кейін, оны 2020 жылдың мамыр айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында бекіту жоспарланған.
Талқылауға Армения Премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян, Беларусь Премьер-министрінің орынбасары Игорь Петришенко, Қырғызстан Премьер-министрінің орынбасары Эркин Асрандиев, РФ Премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчук, сондай-ақ ЕЭК алқасының мүшелері қатысты.