Бүгін, 17 наурыз – Тарихқа тағзым күні.
Қазақстан жас мемлекет болғанымен, оның тарихи тамыры сонау ғасырлардан бастау алады. Бұл күні біз тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болған әрі елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышпаев сынды Алаш қайраткерлерін еске аламыз.
ХХ ғасырдың басында тамаша білім алған, ой-өрісі кең және тұңғыш ұлттық үкіметті құрған қазақ халқының патриот саңлақтарының арқасында қазақтың саяси идеясының негізі қаланды. Олар халықтың өзіндік санасын биік деңгейге көтеріп, ұлт-азаттық идеяларын алға тартты, ұлттық мүддені қорғаудың дәйекті бағытын ұстанды.
Тарихта мұндай көлемдегі қайраткерлер кез келген халықта бола бермейді. Ол тұста қазақтың оқыған, саяси орталықтарда білім алған, мемлекет құрылысын қалыптастыру жөн-жосығын білетін ұлт зиялыларының басын біріктірді. Соның арқасында Алаш идеясын аясында мыңдаған қазақтың басы бірікті.
Адам қай өмір жолын таңдаса да, өз елінің тарихын, түп-тамыры мен шыққан тегін білуге, құрметтеуге, бабаларымыздың бүгінгі ұрпақ үшін жасаған ерлігін ардақтауға міндетті. Алаш арыстарының алдында бүгінгі ұрпақ қарыздар. Туған халқының алдында Алаш зиялылары Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін аянбай еңбек қылды. Ұлт зиялыларының мақсат-мүддесі, арман-тілегі, ұлттық идеясы Қазақ елінің рухын асқақтатып, жаңа қоғамымыздың бүгінгі мен келешек өскелең ұрпағының рухани өсіп-өнуіне, дамуына игі ықпал еткен идея ұлт тарихында мәңгілік қызмет ете береді.