GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Біз туралы
Қазақстан және БҰҰ
Байланыс ақпарат
Сөйлеген сөздер
Все материалы
15 октября 2026
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Таяу Шығыстағы шиеленістің деэскалациясына шақырды

Нью-Йорк, 2026 жылғы 15 қазан – БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Грекияның төрағалығымен Таяу Шығыстағы ахуал, соның ішінде Палестина мәселесі бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тоқсан сайынғы ашық пікірталасы өтті. Отырысқа 70 спикер қатысты. Негізгі баяндамашы ретінде БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесі жөніндегі Арнайы үйлестірушісінің міндетін атқарушы Рамиз Алакбаров сөз сөйледі.

Пікірталасқа Қазақстан атынан ҚР-ның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қатысып, өңірлік күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша еліміздің ұстанымын таныстырды.

Қазақ дипломаты өз сөзінде Таяу Шығыста сақталып отырған шиеленіске алаңдаушылық білдіріп, қақтығыстарды саяси-дипломатиялық жолмен реттеу және одан әрі өршуіне жол бермеу қажеттігін атап өтті.

Қазақстан екі мемлекет қағидаты негізіндегі шешімді және осы бағыттағы нақты қадамдарға негіз болатын Нью-Йорк декларациясын қолдайтынын растады. Гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуіне, бейбіт тұрғындарды қорғауға және Газаны қалпына келтіруге, сондай-ақ БҰҰ-ның, оның ішінде Палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі Таяу Шығыс агенттігінің (UNRWA) орталық рөліне ерекше назар аударылды.

Қазақстанның Газадағы жағдайды тұрақтандыруға және оны қалпына келтіруге, оның ішінде азаматтық инфрақұрылымды қалпына келтіру, азық-түлік қауіпсіздігі және цифрландыру салаларында практикалық үлес қосуға дайын екені атап өтілді. Осы тұрғыда штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының әлеуетін пайдалану ұсынылды.

Сонымен қатар, Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу ниеті атап өтілді. Еліміз бұл келісімдерді БҰҰ аясындағы екі мемлекет қағидаты негізіндегі шешімге бағытталған саяси процеске жәрдемдесетін қосымша платформа ретінде қарастырады.

Сөз соңында Қазақстан барлық тараптарды барынша ұстамдылық танытуға, диалог пен дипломатияға басымдық беруге шақырып, Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.

11 октября 2026
Қазақстан СІМ-нің Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдар туралы мәлімдемесі

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі хусит жасақтарының Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған әрі адам шығынына әкеп соққан шабуылдарын қатаң айыптайды.

Мұндай шабуылдар халықаралық құқық нормаларын бұзады. Оларға гуманитарлық тұрғыдан жол беруге болмайды.

Бұл әрекеттер Йемендегі ахуалды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерге нұқсан келтіріп, қақтығысты саяси жолмен реттеуге кедергі келтіреді.

Шабуылдарды дереу тоқтатуға және дағдарысты тек саяси-дипломатиялық құралдар арқылы шешуге шақырамыз.

Қазақстан Сауд Арабиясы Корольдігімен ынтымақтастық танытып, оның БҰҰ Жарғысына сәйкес өз егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауға құқылы екенін растайды.

28 сентября 2026
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас хатшысымен кездесті

Нью-Йорк, 2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу өткізді.

Министр БҰҰ Бас хатшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, Мемлекет басшысының атынан күрделі халықаралық жағдайдағы А. Гутерриштің қызметіне, оның көпжақтылық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына дәйекті бейілділігіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен БҰҰ арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан жеке үлесіне жоғары баға берді.

Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарын талқылады.

М. Тілеуберді Бас хатшының Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі күш-жігерін қолдайтынын растады. Осы тұрғыда Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының қызметіне көпжақты ынтымақтастықтың өңірлік өлшеміндегі негізгі алаң ретінде ерекше назар аударылды.

Бас хатшы қалыптасып келе жатқан көпполярлы әлемдегі Қазақстанның рөлінің артып келе жатқанын ерекше атап өтіп, елімізді «көпірлер салушы» ретінде бағалады және Қазақстанның негізгі халықаралық серіктестермен сындарлы қарым-қатынастарды сақтай алу қабілетіне назар аударды.

Кездесу барысында Министр БҰҰ Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырып, Бас хатшының көпжақтылықты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті және Қазақстанның Ұйым аясындағы одан әрі өзара іс-қимылға деген өзгермес бейілділігін білдірді.

28 сентября 2026
Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясының жалпы пікірсайысында сөз сөйледі

Нью-Йорк, 2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-сессиясының жалпы пікірсайысында сөз сөйлеп, халықаралық күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша Қазақстанның көзқарасын таныстырды және елдің саяси әрі орнықты даму саласындағы басымдықтарын белгіледі.

Сөз сөйлеу барысында сыртқы саяси ведомство басшысы Қазақстанда жалғасып жатқан саяси реформаларға ерекше назар аударды. Ол 2026 жылғы жаңа Конституцияда адам қадір-қасиетіне, адами капиталды дамытуға, білімге, инновацияларға және экологиялық жауапкершілікке басымдық күшейтілгенін атап өтті.

Министр сондай-ақ өткен айда жаңа Құрылтайға өткен сайлаудың маңызын атап өтіп, оның қорытындысы бойынша Парламентте қоғамдық күштердің кең ауқымы өкілдік етіп отырғанын, ал әйелдердің үлесі тарихи ең жоғары көрсеткішке – 34%-ға жеткенін айтты.

«Қазақстан үшін көпжақтылық – сенімді нығайтудың, ортақ шешімдер іздеудің және азаматтарымыз бен болашақ ұрпақ үшін нақты нәтижелерге қол жеткізудің негізгі құралы. Ол сондай-ақ еліміздің ұзақ мерзімді саяси трансформациясының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады», – деді М.Тілеуберді.

Сөз сөйлеуде халықаралық қауіпсіздік пен қарусыздану мәселелеріне жеке назар аударылды. СІМ басшысы Қазақстанның ядролық қарусыздануды және ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жандандыруды қолдайтын дәйекті ұстанымын растады, сондай-ақ Биологиялық қару туралы конвенцияны нығайту мақсатында Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру жөніндегі еліміздің бастамасын атап өтті.

Елдің одан әрі дамуы туралы айта келе, Министр саяси жаңғыру, орнықты даму және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау арасындағы өзара байланысты атап өтті. Қазақстан қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, биоалуантүрлілікті сақтау және су қауіпсіздігін нығайту салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуді жалғастыруға ниетті.

Осы тұрғыда М.Тілеуберді Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қорытындыларына, Қазақстан Президентінің 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялау жөніндегі бастамасына, сондай-ақ экологиялық жауапкершілік мәдениетін, азаматтық белсенділікті және қоғамдық игілікке ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына тоқталды.

Орнықты дамудың, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздіктің, климаттық орнықтылық пен бейбітшіліктің негізгі факторларының бірі ретінде су қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы таныстырылды. Аталған ұйым су ресурстарын халықаралық деңгейде басқарудың неғұрлым біртұтас әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға ықпал етуге бағытталған.

Сөзінің соңында Министр Қазақстанның көпжақтылық қағидаттарына берік екенін және бейбітшілік, қауіпсіздік пен орнықты даму мүддесінде БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттермен сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.

17 сентября 2026
Қазақстанның БҰҰ-ның 1947 жылғы Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға қосылуы туралы

Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығы Қазақстан Республикасының Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы 1947 жылғы 21 қарашадағы конвенцияға (бұдан әрі – Конвенция) қосылуы рәсімдерінің аяқталғаны туралы хабардар етті.

Конвенция халықаралық ұйымдардың дербестігін қамтамасыз етуге арналған бірыңғай құқықтық негізді бекітіп, бұл мекемелердің қызметіне, мүлкіне және қызметкерлеріне дипломатиялық мәртебе мен иммунитет кепілдігін береді.

Қазақстанның Конвенцияға қосылуы БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің қызметі үшін құқықтық негіз қалыптастырып, БҰҰ жүйесімен ынтымақтастықты нығайтуға жалпы оң әсер етеді.

Атап айтқанда, құжатқа қосылу БҰҰ мекемелерінің бағдарламалық қызмет ауқымының, қаржыландыруы мен қызметкерлер санының артуына ықпал етеді, сондай-ақ аталған БҰҰ мамандандырылған мекемелерінің Қазақстан аумағында жұмыс істеуіне, елімізде қысқа мерзімдік халықаралық іс-шараларын (семинар, конференция, симпозиум және т.б.) өткізуіне құқықтық мүмкіндіктерді арттырады.

Қазақстан БҰҰ жүйесінің құрылымдарымен орнықты даму, бейбітшілік пен қауіпсіздік, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласын қамтитын кең ауқымды бағыттар бойынша белсенді ынтымақтықты жүзеге асырады. Атап айтқанда, елде БҰҰ-ның бірқатар мамандырылған мекемелерінің, оның ішінде ДДҰ, ФАО, ХЕҰ және ЮНЕСКО-ның елдік және өңірлік өкілдіктері жұмыс істейді.

Қазақстан көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және Ұйымның Орталық Азиядағы өңірлік қатысуының тиімділігін арттыруға ерекше мән береді. Бұл ретте, 2026 жылы ҚР тарапы Алматы қ. Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығының жұмыс істеуі үшін негіз қалаушы құжаттарды ратификациялауды аяқтады.

17 сентября 2026
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Ауғанстанмен прагматикалық өзара іс-қимылды қолдады

Нью-Йорк, 2026 жылғы 16 қыркүйек – БҰҰ штаб-пәтерінде Ауғанстандағы жағдай мен БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу миссиясының (UNAMA) қызметіне арналған Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға ҚК мүшелерінен бөлек, БҰҰ, Ауғанстан, Қазақстан, Үндістан және Иран өкілдері қатысты.

БҰҰ өкілдері қатысушыларды елдегі қазіргі ахуал туралы хабардар етті. Талқылаудың негізгі тақырыптары гуманитарлық қажеттіліктер, әйелдер мен қыздардың құқықтарына қойылған шектеулер, террористік қауіп-қатерлер, сондай-ақ Доха процесі шеңберінде халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстанмен одан әрі өзара іс-қимылының перспективалары болды.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ мен UNAMA-ның орталық рөліне қолдау білдіріп, де-факто билікпен қағидатты әрі прагматикалық өзара іс-қимылды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

«Өзара іс-қимыл мойындауды білдірмейді, алайда Ауғанстанды оқшаулау да орнықты шешім болып табылмайды. Біздің мақсатымыз – елдің гуманитарлық көмекке тәуелділіктен экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуіне жәрдемдесу», – деді Қ. Омаров.

Қазақстанның практикалық үлесі ретінде шамамен 319 тонна гуманитарлық көмектің жеткізілуі және медициналық миссияның жіберілуі, 400 ауған дихандарына көрсетілген қолдау, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстардың дамуы атап өтілді. Осы жылғы маусымда Ауғанстанда 50-ден астам қазақстандық компанияның қатысуымен бизнес-форум өтіп, Қазақстанның екінші Сауда үйі ашылды.

Қ. Омаров сондай-ақ Ауғанстанды өңірлік сауда және көлік байланыстарына қосудың маңыздылығын атап өтіп, Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының әлеуетіне назар аударды. Қазақстан әйелдер мен қыздардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті жалғастыру қажеттігін де растады.

Айта кететін жайт, отырысқа ұсынылған БҰҰ Бас хатшысының баяндамасында қазақстандық делегацияның Кабулға сапары, Қазақстанның Сауда үйінің ашылуы және Алматыда Орталық Азия елдері мен ЕО-ның Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілдерінің кездесуінің өткізілуі жеке атап өтілді.

08 сентября 2026
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Шартқа мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ (2026 жылғы 8 қыркүйек)

Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,

адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,

ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,

төмендегіні мәлімдейміз:                                                                                  1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.                                         2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.

  1. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл және бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тұрғысында ЯҚТШ-ның 6-бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына, сондай-ақ ядролық арсеналдарды жаңғыртуға бағытталған алаңдатарлық үрдіспен ұштасқан қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Бұл ретте ядролық қаруға ие мемлекеттердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жүргізудегі ерекше жауапкершілігін атап өтеміз және ядролық қару-жарақ жарысының алдын алу мақсатында тексеруге болатын қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін шұғыл әзірлеуге шақырамыз.
  2. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдану жөніндегі қызметін міндетті түрде қолдайтынымызды мәлімдейміз.
  3. 2026 жылғы 24 қыркүйекте қол қою үшін ашылғанына тура отыз жыл толатын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне ену қажеттігін нық қолдаймыз. Осыған байланысты ядролық сынақтар өткізуге қарсы халықаралық норманы сақтау және одан әрі нығайту қажеттігін атап өтеміз және осы норманы бұзуы мүмкін кез келген әрекеттерден қалыс қалуға шақырамыз.

Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.

Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.

  1. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруға ие мемлекеттердің ОАЯҚАА туралы шартқа Теріс қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі хаттамаға қол қоюын және оның төрт ядролық держава тарапынан ратификациялануын құптаймыз және Америка Құрама Штаттарының Хаттаманы ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек аяқтайтынына үміт білдіреміз.
  2. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚАА туралы шартты институционалдық дамытуға және ядролық қарудан азат қазіргі аймақтармен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреміз. Осы тұрғыда Африканың атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (АФКОНЕ) және Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттікпен (ОПАНАЛ) Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуын, сондай-ақ 2024 жылғы 28–29 тамызда Астанада Қазақстанның төрағалығымен ядролық қарудан азат барлық қазіргі аймақтар өкілдерінің екінші кездесуінің өткізілуін оң бағалаймыз.
  3. Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың жоғары маңыздылығын атап өтеміз, сондай-ақ ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бұдан әрі де тығыз өзара іс-қимыл жасау ниетімізді растаймыз.
  4. Қазіргі уақытта ядролық қарудан азат аймақтар жоқ өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста осындай жаңа аймақтарды құру жөніндегі күш-жігерді қолдаймыз.
  5. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт» қарарының қабылдануын, сондай-ақ 2024 жылғы 5 желтоқсанда Түрікменстанның төрағалығымен Ашғабат қаласында Шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қарудан азат басқа да қазіргі аймақтардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық кеңестің өткізілуін құптаймыз.
03 сентября 2026
Қазақстан жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы әйелдер көшбасшылығының маңызды рөлін атап өтті

Нью-Йорк, 2026 жылғы 2 қыркүйек - ҚР-дың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Умаров «Бейбітшілік мәдениеті саласындағы іс-қимыл бағдарламасы» аясындағы «Бейбітшілік мәдениетін ілгерілететін әйелдер көшбасшылығы» атты Жоғары деңгейдегі форумға қатысты.

Іс-шара барысында әйелдердің бейбіт үдерістерге толыққанды қатысуы олардың тиімділігі мен тұрақтылығының шешуші факторы болып табылатынына және халықаралық міндеттемелерді іс жүзінде іске асыру жаһандық қауіпсіздікті нығайту үшін қажет екендігіне басты назар аударылды.

Өз сөзінде Тұрақты өкіл гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің көшбасшылығын жан-жақты қолдау мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өтті. Ол қатысушыларға дәйекті мемлекеттік реформалардың нәтижесінде бірінші шақырылымдағы Құрылтай құрамындағы әйелдердің өкілдік үлесі 34%-ға жеткенін хабарлады. Сонымен қатар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» қарарын жүзеге асыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған жаңа Ұлттық іс-қимыл жоспарының бекітілгенін жеткізді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосқан маңызды үлесі ерекше аталып өтіліп, бұл бағытта 2018 жылдан бері 20 қазақстандық әскери қызметші әйел халықаралық миссиялардағы міндеттерін абыроймен атқарып келеді.

Сонымен қатар баяндамада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің бірегей платформасы арқылы жаһандық аренада бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуге айрықша мән берілді, сондай-ақ 2025 жылғы форумның қорытындысы бойынша қабылданған Астана бейбітшілік декларациясы БҰҰ күн тәртібіндегі өркениетаралық диалог пен қоғамдық келсімді нығайтудың маңызды құралы болып табылатыны атап көрсетілді.

03 сентября 2026
БҰҰ-да ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету және экологиялық оңалту жөніндегі практикалық шаралар талқыланды

Нью-Йорк, 2026 жылғы 1 қыркүйек – Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан мен Кирибатидің тең төрағалығымен Зардап шеккендерге көмек көрсету және экологиялық оңалту мәселелері жөніндегі халықаралық кездесу өтті.

Отырыс БҰҰ штаб-пәтерінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай өткізілген іс-шаралар сериясының жалғасы болды. Бұл жолы басты назар жаңа сынақтардың алдын алудан олардың ұзақ мерзімді гуманитарлық және экологиялық салдарын еңсеру жөніндегі практикалық шараларға аударылды.

Іс-шара Қазақстан мен Кирибати бірлесіп авторлық еткен БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарларын орындау мақсатында шақырылды. Ядролық қаруды қолдану мен сынақтардан зардап шеккен адамдар мен қауымдастықтарға көмек көрсету, зардап шеккен аумақтарды экологиялық оңалту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері басты назарда болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай жасаған үндеуінде атап өткендей, Семей ядролық полигоны ондаған жылдар бойы адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіріп, ауыр зардап қалдырды. Аталған халықаралық іс-шара осы мәселелерді практикалық тұрғыдан шешуге бағытталды.

Іс-шараны БҰҰ Бас хатшысының атынан ашқан БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Изуми Накамицу Қазақстан мен Кирибатиге осы маңызды талқылауды өткізудегі көшбасшылығы үшін ризашылығын білдірді. Ол ядролық қаруды қолдану мен сынақтардың салдары ондаған жылдар бойы сақталып, бірнеше ұрпаққа әсер ететінін, ал оларды еңсеру ұзақ мерзімді ұлттық күш-жігерді, қажетті ресурстарды және тиімді халықаралық ынтымақтастықты талап ететінін атап өтті. Көмектің басым бағыттары мен тиісті шараларды айқындауға зардап шеккен қауымдастықтарды тартудың ерекше маңызы назарға алынды.

Кездесудің тең төрағасы ретінде сөз сөйлеген Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров зардап шеккен адамдар мен қауымдастықтар халықаралық күш-жігердің басты назарында қалуға тиіс екеніне тоқталды. Ол қатысушыларды жинақталған білім мен сараптаманы нақты іс-қимылға айналдыруға мүмкіндік беретін тәжірибелерімен және практикалық ұсынымдарымен бөлісуге шақырды.

Бағдарламада зардап шеккен қауымдастықтар өкілдерінің пікірлеріне ерекше орын берілді. Атом және сутегі бомбалаулары құрбандары ұйымдарының жапон конфедерациясы – «Нихон Хиданкёның» өкілі Масако Вада Хиросима мен Нагасакиге жасалған атом бомбалауларының ұзақ мерзімді салдары туралы баяндады.

Қазақстандық суретші әрі ядролық қаруға қарсы белсенді Кәріпбек Күйіков Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардаптары және «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының маңызы туралы баяндап берді. Қатысушылар назарына оның өмірі мен қоғамдық қызметі туралы қысқаметражды фильм де ұсынылды.

Жиналыс халықаралық қоғамдастықтың кең қызығушылығын туғызып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, зардап шеккен қауымдастықтардың, азаматтық қоғамның, ғылыми және академиялық орталардың көптеген өкілдерін біріктірді. Қатысушылар ұлттық және сараптамалық тәжірибелерімен, сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсету мен экологиялық оңалтудың практикалық тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарымен алмасты.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Арсен Омаров Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарын еңсеру бойынша Қазақстанның тәжірибесін таныстырды. Оның ішінде, халықты медициналық және әлеуметтік қолдау, сынақтардың салдарын ғылыми тұрғыдан зерттеу, радиациялық мониторинг жүргізу және зардап шеккен аумақтарды оңалту шараларына тоқталды.

Ол Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТШ), сондай-ақ Қазақстан мен Кирибатидің зардап шеккендерге көмек көрсету, экологиялық оңалту және халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жұмыс тобының тең төрағалары ретіндегі қызметіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, зардап шеккен мемлекеттер мен қауымдастықтарға қаржылық, техникалық және ғылыми қолдауды жұмылдыруға жәрдемдесетін халықаралық нысаналы қор құру жөніндегі ұсыныстар таныстырылды.

«Зардап шеккендерге көмек көрсету және экологиялық оңалту: тәжірибе, алынған сабақтар және халықаралық ынтымақтастық» атты тақырыптық панель аясында осы саладағы практикалық шараларды зардап шеккен қауымдастықтардың, оның ішінде Қазақстан өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Халықаралық Қызыл Крест комитеті, сондай-ақ ғылыми және академиялық орталардың өкілдері талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тең төрағалар Бас Ассамблеяның мандатына сәйкес кейіннен іске асыру үшін айтылған практикалық ұсыныстар мен ұсынымдарды қорытындылайтын болады.

31 августа 2026
Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық планетаны көгалдандыру күнін жариялады

Нью-Йорк, 2026 жылғы 31 тамыз - Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасының бастамасымен әзірленген «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні» қарарын қабылдап, 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады.

Халықаралық күнді белгілеу туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының жалпы пікірталастары барысында ұсынған болатын.

Қарарға әлемнің түрлі өңірлерін білдіретін 32 мемлекет тең автор болды. Бұл аталған бастаманың халықаралық қоғамдастық үшін сұранысқа ие әрі өзекті екенін көрсетеді.

Қарардың қабылдануы Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге және қоршаған ортаны қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру, жасыл желектер аумағын кеңейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы халықаралық күш-жігерді біріктіруге қосып келе жатқан дәйекті үлесін көрсетеді.

Құжат әлемдік қоғамдастықтың көгалдандыру мен табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғамды және басқа да мүдделі тараптарды тиісті іс-шаралар мен бастамаларды жүзеге асыруға ынталандыруға бағытталған.

Халықаралық күннің белгіленуі Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, аумақтарды абаттандыруға және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен үндеседі.

Қарардың қабылдануы Мемлекет басшысының тағы бір халықаралық бастамасының іс жүзінде жүзеге асырылуы болды және Қазақстанның орнықты даму мен болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған көпжақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі тәсілдерінің сұранысқа ие екенін растайды.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы