GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Консулдық мәселелер
Елшілік туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
21 сентября 2026
Астана GFCI жаһандық рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, өңірдегі көшбасшылығын сақтап қалды

Баспасөз хабарламасы

2026 жылғы 16 қыркүйек                       Астана

Астана GFCI жаһандық рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, өңірдегі көшбасшылығын сақтап қалды

Global Financial Centres Index рейтингінің 40-шы шығарылымында Қазақстан астанасы әлемнің 117 қаржы орталығы арасында 57-орынға ие болды. Астананың рейтингтік көрсеткіші 18 ұпайға – 684-тен 702 ұпайға дейін өсті.

Астана халықаралық қаржы орталықтарының Global Financial Centres Index 40 (GFCI 40) рейтингіндегі орнын жақсартып, бірден сегіз сатыға 65-орыннан 57-орынға көтерілді. Қала үш жылдан астам уақыт бойы иеленіп келе жатқан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылығын сақтап қалды.

Өңірлік рейтингте Астанадан кейін әлемдік рейтингте 72-орын алған Кипр және 78-орынға жайғасқан Варшава орналасты. Астана мен ең жақын өңірлік бәсекелес арасындағы алшақтық 15 сатыны құрады.

Астананың көрсеткіші Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қаржы орталықтарының орташа рейтингтік бағасы 1,09%-ға төмендеген тұста өсті. Бұл ретте индекс құрастырушылары өңірдің жетекші қаржы орталықтары өз позицияларын нығайтуды жалғастырғанын атап өтті.

Астана сондай-ақ зерттеуге қатысушылардың пікірінше, алдағы екі-үш жылда әлемдік қаржы жүйесінде маңызы арта түсетін қаржы орталықтарының алғашқы ондығына енді. Қазақстан астанасы респонденттер тарапынан 45 рет аталып, тиісті тізімде тоғызыншы орынға ие болды.

Қаржы технологияларын дамыту бойынша жеке рейтингте Астана төрт сатыға 55-орыннан 51-орынға көтерілді.

«Астананың бірден сегіз сатыға көтерілуі және өңірдегі көшбасшылығын сақтап қалуы – халықаралық қаржы қоғамдастығының АХҚО-ға және Қазақстанға деген сенімінің артып келе жатқанын көрсететін маңызды белгі. Біз үшін рейтингтегі орын түпкі мақсат емес, бұл жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан жұмысымыздың тәуелсіз бағасы: біз құқықтық және реттеушілік ортаны жетілдіріп, капитал нарықтары мен қаржы технологияларын дамытып, халықаралық байланыстарды кеңейтіп келеміз. Біздің мақсатымыз – бұл ілгерілеудің Астананың әлемдік қаржы орталықтары арасындағы орнымен ғана емес, ең алдымен жаңа инвестициялармен, халықаралық компаниялармен және қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктермен өлшенуі», – деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров.

GFCI 40 аясында 139 қаржы орталығы зерттеліп, олардың 117-сі негізгі индекске енді. Рейтинг Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымын қоса алғанда, халықаралық ұйымдар ұсынған 144 сандық көрсеткіш, сондай-ақ қаржы секторының 6 147 маманы берген 39 531 бағалау негізінде жасалды.

Зерттеу респонденттері қаржы орталықтары алдағы бес жылда баса назар аударуы қажет басым бағыттарды да айқындады. Олардың қатарында бұлтты технологияларды, деректерді беруді және киберорнықтылықты қамтитын цифрлық инфрақұрылымды дамыту; финтех-компаниялар мен цифрлық активтер саласындағы бизнесті тарту; ақшаны жылыстатуға және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жүйелерін нығайту; капитал нарықтарын одан әрі тереңдету бар.

Жаһандық рейтингтегі бірінші орнын Нью-Йорк сақтап қалды. Одан кейін Лондон, Гонконг және Сингапур орналасты. Алғашқы ондыққа Шанхай, Токио, Сеул, Шэньчжэнь, Дубай және Цюрих те енді.

GFCI рейтингі жылына екі рет жарияланады және қаржы орталықтарының бәсекеге қабілеттілігін бағалайтын негізгі халықаралық бағдарлардың бірі саналады. Зерттеуді Ұлыбританияның Z/Yen Group талдау орталығы China Development Institute (CDI) ұйымымен бірлесіп шығарады. Индексті жасау кезінде бизнес орта, қаржы секторының дамуы, инфрақұрылым, адами капитал және қаржы орталықтарының беделі бағаланады.

Астана GFCI рейтингіне алғаш рет 2018 жылғы наурызда енді, ал 2023 жылғы наурызда Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атанды. Қаланың позициясын нығайтуға құқықтық және реттеушілік ортаны, қаржы инфрақұрылымын, капитал және цифрлық активтер нарықтарын дамытып, халықаралық және өңірлік инвесторлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы елеулі үлес қосуда.

АХҚО бизнеске қаржы құралдары мен халықаралық нарықтарға қол жеткізу мүмкіндігін, дауларды шешудің тәуелсіз жүйесін, халықаралық стандарттарға негізделген реттеуді және қаржы технологияларын дамытуға қажетті жағдайларды ұсынады. Орталық Астананың инвестиция тартуға, капитал қозғалысына және трансшекаралық жобаларды іске асыруға арналған өңірлік алаң ретіндегі рөлін нығайтуды жалғастыруда.

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

 

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы E-mail: pr@aifc.kz  

11 апреля 2026
Таразда халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді

2026 жылдың 23-24 сәуірінде Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылады.

Ұлттық фестивальді өткізудегі негізгі мақсат – өңірдің туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу, сондай-ақ, кенже қалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтау және қайта жаңғырту.

Фестивальға шетелден (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан), көрші өңірлерден (Алматы, Түркістан) келетін және жергілікті 100-ден астам шебер қатысады.

 Фестиваль аясында көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлау мақсатында «Тараз – қолөнершілер қаласы. Дәстүр мен заманауи қолөнер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, қолөнер бұйымдарының көрмесі мен шеберлік сағаттары, «Менің әлемім: қиял мен шынайылық» атты жас қолөнершілер мен суретшілердің  көрмесі өтеді.

Бұдан бөлек, сән мен дәстүрді тоғыстыратын «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығы, «Гиннес» рекордтар кітабына енген киіздің жанында «Dombyra Party» іс-шарасы, ұлттық нақыштағы киімдердің сән көрсетілімі және өнер жұлдыздарының гала-концерті ұйымдастырылады.

Фестивальге қатысушы қонақтарға көрме бұйымдарын сатып алуға және Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орындарға экскурсия жасауына толық мүмкіндік қарастырылған.

Бұл күндері Тараз ұлттық дәстүр мен шалқыма шабыттың тоғысқан ортақ мекеніне айналмақ.

04 апреля 2026
«Astana Eurasian Book Fair-2026»: елордада халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді

Елордадағы Президент орталығында 22-26 сәуір күндері «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Astana Eurasian Book Fair-2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.

«Astana Eurasian Book Fair-2026» көрмесіне 80-ге жуық кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады. Соның тең жартысы қазақстандық ұйымдар болса, Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен 40 компания қатысқалы отыр.

«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.

Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.

23 сәуірде Ұлттық кітап күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты шара өтеді.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.

 

03 марта 2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың мәлімдемесі

Соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сондай-ақ Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты Иран халқына қайғырып көңіл айтамыз.

 

Қазақстан достық пен жан-жақты ынтымақтастық қатынастарын дәйекті түрде дамытып келе жатқан және Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға байланысты өкініш білдіреді.

 

Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау қарулы қақтығыстар кезінде азаматтық нысандар мен бейбіт халықты ерекше қорғауды талап етеді. Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманы ұсынушылардың бірі ретінде қарулы қақтығыстар жағдайында адамгершілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтеді.

 

Қазақстан халықаралық даулар мен қақтығыстарды халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысын қатаң сақтай отырып, тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігі жөніндегі өзінің қағидатты ұстанымының өзгермейтінін растайды.

 

Өңірдегі зорлық-зомбылықтың одан әрі ушығуына жол бермеу мақсатында барлық тараптарды барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуға шақырамыз.

19 февраля 2026
«Отандастар қоры» КеАҚ қазақ тілін насихаттауды жалғастыра отырып, 2026 жылдың наурыз айынан бастап қазақ тілін үйрету бойынша тегін онлайн курстардың жаңа легін бастайды!

Құрметті отандастар!

 

«Отандастар қоры» КеАҚ қазақ тілін насихаттауды жалғастыра отырып, 2026 жылдың наурыз айынан бастап қазақ тілін үйрету бойынша тегін онлайн курстардың жаңа легін бастайды!

Тіл – ұлттың айнасы ғана емес, сіздің өз тарихыңызды терең түсінуге мүмкіндік береді. Бұл курс сіздің мәдени және тілдік деңгейіңізді кеңейтуге көмектеседі.

 

Курсқа қатысушыларға қойылатын талаптары:

– Шетелдегі этникалық қазақтар, бұрынғы отандастар, шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт;

– Жас ерекшелігі маңызды емес;

– Қазақ тілін үйренуге және дамытуға қызығушылығы болуы;

– Онлайн сабақтарға тұрақты түрде қатысуы;

– Негізгі құрал-жабдықтар: интернетке қосылған компьютер немесе смартфон.

 

Курстың артықшылықтары

Тілді меңгеру мүмкіндігі:

– Қазақ тілінде еркін сөйлеу, жазу және түсіну дағдыларын дамыту;

– Тілді меңгеру арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: мемлекеттік қызмет, бизнес, мәдени шараларға қатысу.

Тілдік орта қалыптастыру:

– Онлайн курстарда тыңдалым, оқылым, жазылым және сөйлеу дағдылары кешенді түрде дамиды.

Мәдениетпен танысу:

– Тек тілді ғана емес, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін де үйренуге мүмкіндік береді. 

Өз-өзіне сенімділік:

– Тілді меңгерген сайын, жаңа ортада өз ойын еркін жеткізе алатын деңгейге жетеді, бұл өзіне деген сенімділікті арттырады.

 

Сертификат алу мүмкіндігі. Ол үшін төмендегі шарттарды орындау қажет.

Курсты толық аяқтау:       
– Барлық сабақтарды толық өту;   
– Әр сабақтың тапсырмаларын орындап, тесттерден өту.

Қорытынды тест немесе емтихан тапсыру: 
– Курсты қорытындылау үшін жалпы білім деңгейін тексеретін емтихан немесе тест тапсыру қажет;  
Белсенділік:
– Сабақтарға тұрақты қатысып, белсенділік танытқан қатысушыларға беріледі.

 

Неге дәл осы курс?

– Сізге арналған интерактивті сабақтар;

– Қызықты бейнематериалдар мен әдеби шығармалар.

 

Курсқа қалай тіркелуге болады?

Онлайн қазақ тілі курсы түрік және орыстілді аудиторияларда А1, А2, В1, В2 деңгейлерінде үйретіледі.

 

Курсқа тіркелу және қатысу үшін деңгейіңізді анықтайтын тесттен өтіңіз 🔽

 

Орыс тіліндегі тест

https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSeHSwC1Bh7oodrUEqaCIVwPXmIlR4yGaMOZa2JjlKkVrwQG6Q/viewform?usp=dialog  

Түрік тіліндегі тест

https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLScoCUYTiYCmNHLKhoGF12NZ00La_c_xHs51ZX8LP31pJrjjSQ/viewform?usp=dialog  

 

Түрік және орыстілді аудитория үшін:

– 25 ұпайға дейін жинағандар - А1 тобы

– 50 ұпай аралығында жинағандар - А2 тобы

– 75 ұпай аралығында жинағандар - B1 тобы

– 75 ұпайдан көп жинағандар - В2 тобына қосылуыңызды сұраймыз.

 

Түрік тілді аудитория үшін Whatsapp группалар:

A1:  https://chat.whatsapp.com/LjaLJXMkz8d4G9MuMF3uUy    

A2: https://chat.whatsapp.com/Eo9wP7FYd7YLqnBEPDEw4n

B1 https://chat.whatsapp.com/JlVlOJjHNZhLsZK2gaeX4H

В2  https://chat.whatsapp.com/JOkqN6WOmRxCnWg96G5X81

 

Орыс тілді аудитория үшін Telegram группалар:

А1: https://t.me/+TmqhiKZHeVJiOWEy  

А2: https://t.me/+erC61FUMki00YTAy  

В1: https://t.me/+tbNy0C7bOoNlNDA6 

В2: https://t.me/+A3V_axFsPp40ZmM6  

 

WhatsApp және Telegram группаға қосылғаннан кейін оқытушының нұсқаулық беруін күтуіңізді сұраймыз. Оқытушы сабақ кестесін барлық қатысушылар тесттен өтіп болғаннан кейін жолдайды. Сабақ кестесі бойынша онлайн қазақ тілі курсы 2026 жылдың  наурыз айынан басталады.

16 февраля 2026
Ауғанстандағы Қазақстан Республикасының Елшісі Ақбасов Ғазиз Табиғи апаттарды жою жөніндегі ұлттық агенттігі басқармасының басшысы Нуруддин Торабимен кездесуі

2026 жылғы 12 ақпанда Ауғанстан Ислам Әмірлігіндегі Қазақстан Республикасының Елшісі Ақбасов Ғазиз Ауғанстанның табиғи апаттарды жою жөніндегі ұлттық агенттігі басқармасының (NDMA) басшысы Нуруддин Торабимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ТАЖҰА басшысы Қазақстанға саяси және гуманитарлық салада үздіксіз қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін терең ризашылығын білдіріп, қазақ халқы ауғандықтарға қиын-қыстау кезеңде әрқашан көмек көрсетіп келгенін баса айтты. Н.Тораби өзара құрметті және қажет болған жағдайда, АИӘ Қазақстанға қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Өз кезегінде Елші Ғ.Ақбасов жылы лебізі үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Ауғанстанға жақын көрші және бауыр ретінде қарайтынын, қайтарымды күтпестен арықарай көмек көрсетуді жалғастыратынын ерекше тоқталды. Ол жыл сайынғы гуманитарлық көмек көрсету дәстүрге айналғанын, Қазақстан бұл дәстүрді 2026 жылы да жалғастыруды көздеп отырғанын тілге тиек етті.

Екі тарап практикалық бастамаларды талқылады. Қазақстан осы көктемде Ауғанстанның Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, мамандар тізімін кеңейтіп, қажеттілік талдауын жүргізіп, медициналық миссиялар жіберуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тағы бір гуманитарлық көмек жөнелту мүмкіндігі қарастырылуда. Елші Ауғанстанның ерекше қажеттіліктерін, соның ішінде азық-түлік өнімдеріне (ұн, күріш, май) және азық-түлікке жатпайтын тауарларға қажеттіліктерді (шатырлар, көрпе, киім-кешек, ас үй ыдыстары) нақтылауды ұсынды.

Сондай-ақ Ғ.Ақбасов қазақстандық компаниялардың тас құлау мен көшкінмен күресу үшін техника саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, Ауғанстан тарапына ұсыныс жіберілгенін айтты.

Қазақстан Республикасының Елшісі гуманитарлық бастамаларды қаржыландыру үшін халықаралық ұйымдармен үшжақты ынтымақтастық идеясын алға тартты, айтылғандарды Н.Тораби қолдады.

20 января 2026
Қабыл қаласында Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Елшілігінің басшысы Ғазиз Ақбасов пен Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттакидің кездесуі өтті.

2026 жылғы 18 қаңтар – Қабыл қаласында Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Елшілігінің басшысы Ғазиз Ақбасов пен Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттакидің кездесуі өтті.

Кездесудің басында А. Муттаки қазақстандық дипломаттарды қарсы алып, Ауғанстанның практикалық ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтіп, екіжақты қатынастарды дамытуға үлкен мән беретінін жеткізді.

Елші Ғ.Ақбасов жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Қазақстан басшылығының ізгі тілектерін жеткізе, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығаятынына сенім білдірді.

Қазақстан тарапы сондай-ақ екіжақты қатынастардың, әсіресе сауда-экономикалық саладағы, оң серпінін атап өтіп, Қазақстанның Ауғанстанды негізгі серіктес ретінде қарастыратынын және оны Орталық пен Оңтүстік Азияны байланыстыратын басты транзиттік торап деп бағалайтынын жеткізді.

Осы тұрғыда Қазақстан өзара сауда көлемін арттыруға, тауар номенклатурасын кеңейтуге, сондай-ақ Ауғанстанның көлік және логистика инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, тау-кен металлургия кешеніне, энергетика мен денсаулық сақтау саласына инвестиция салуға дайын екенін растады.

Өңірлік өзара байланыстылықтың нақты мысалы ретінде «Тургунди – Герат – Спин-Болдак» теміржол жобасына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ соңғы төрт жылда өзара сауда-экономикалық миссиялар аясында жалпы құны 500 млн АҚШ долларынан асатын бірқатар келісімдерге қол қойылғаны атап өтілді.

А.Муттаки Қазақстан тарапына тұрақты гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, Қазақстанның Ауғанстанның сыртқы саясатындағы басым рөлін, оның ішінде аталған теміржол жобасы аясындағы маңызын атап өтті.

Осы контексте өңірлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі Кабул қаласында «Орталық Азия + Ауғанстан» форматында сыртқы істер министрлері деңгейінде келіссөздер өткізуді ұсынды.

Жалпы алғанда, кездесу достық жағдайда өтіп, тараптардың саяси, сауда-экономикалық және инфрақұрылымдық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.

25 декабря 2025
ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісінің Балх провинциясына сапары

2025 жылдың 24 желтоқсанында Қазақстан Республикасының делегациясы Мазари-Шариф қаласына жұмыс сапарын шекті. Делегацияны Ауғаныстандағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Ғазиз Акбасов  басқарды.

Балх провинциясының губернаторы Мохаммад Юсуф Вафамен өткен кездесуде ауған тарапы Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықтың басымдығын растады және ҚР-ның аймақтағы көшбасшылық рөлін атап өтті.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуды белсенді талқылады. Ауған тарапы ҚР Президентінің Ауғаныстан жөніндегі арнайы өкілі Еркін Түкімовпен болған кездесуде айтылған мектеп пен 200 орындық аурухана салу ұсыныстарын еске салды  және Мазари-Шарифте муниципалдық кешен салу идеясын ұсынды.

Қазақстан тарапы солтүстік провинциялармен тұрақты сауданы нығайтуды және «Хайратон» өткізу пункті арқылы логистиканы дамытуды қызығушылық танытты. Қазақстан Ауғаныстанда 200 орындық аурухана мен бірнеше мектеп салуға дайын екенін мәлімдеді.

Губернатор Вафа Қазақстанға сапар жоспарын (ауған сауда делегациясының құрамында) айтып, қазақстандық бизнеске қолдау көрсететінін растады.

Аймақтық тұрақтылық, гуманитарлық ынтымақтастық және іскерлік байланыстар мәселелері бойынша диалогты жалғастыру туралы келісімге келді.

Кейін Елші Ғ.Акбасов Балх провинциясының Сауда-инвестициялық палатасының (СИП) төрағасы Мохаммад Ибрахим Газанфармен кездесті.

Сауданың өсуі, ауған жемістерін ҚР-ға экспорттау, қазақстандық тауарларды жеткізу және бірлескен инвестициялар талқыланды - ерекше назар тау-кен өнеркәсібіне аударылды.

Ауған тарапы Мазари-Шарифте Қазақстан Сауда үйінің бөлімшесін СИП базасында ашуды және «Газанфар» банкі қатысатын сәтті сауда платформасы моделін қолдануды ұсынды.

Тараптар сауда-инвестициялық серіктестікті белсенді дамытуға жігерілік танытты.

Сапар Қазақстанның Ауғаныстанмен экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған прагматикалық саясатының маңызды қадамы болды.

09 декабря 2025
Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі - Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Е. Тұкұмовтың Ауғанстанға сапары туралы

Қабыл, 2025 жылғы 8 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі-Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұкұмов Ауғанстанмен сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға және бұл елді аймақтық процестерге тартуға ерекше, басымдық беретін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларынын іске асыруға бағытталған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің тапсырмасы бойынша Ауғанстанға жұмыс сапарын жүзеге асырды.

Сапар барысында Е.Тұкұмов Ауғанстан басшылығымен бірқатар мазмұнды кездесулер өткізді, атап айтқанда, Сыртқы істер министрі А.Муттакимен, Балх провинциясының губернаторы М.Ю.Вафамен, Қоғамдық жұмыстар министрінің орынбасары М. Сахибзадамен, сондай-ақ басқа да негізгі ведомстволардың өкілдерімен жүздесу өткізді. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық, ауыл шаруашылығы, гуманитарлық, білім беру және медициналық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ қауіпсіздік пен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне басты назар аударылды.

Ауған тарапы Қазақстанның гуманитарлық бастамасына – ағымдағы жылдың қараша айының соңында Ауғанстанда жұмыс істеген қазақстандық дәрігерлер бригадасының миссиясына ерекше назар аударды. Қазақстандық дәрігерлердің қызметі пациенттердің едәуір санына білікті көмек көрсетуге және жергілікті клиникалардың жұмысын қолдауға мүмкіндік беріп, маңызды әсер еткені аталып өтті. Ауған өкілдерінің айтуынша, дәрігерлердің миссиясы достық пен серіктестіктің практикалық көрінісі ғана емес, сонымен қатар медициналық кадрлар мен ресурстардың жетіспеушілігімен байланысты шиеленісті азайта отырып, Қазақстанның ауған қоғамының әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға қосқан нақты үлесі болды.

Ауғанстанның сыртқы саяси ведомствосының және басқа да бейінді ведомстволардың басшысымен келіссөздер барысында Ауғанстанның көліктік интеграциясы және өңірлік сауда ағындарын кеңейту үшін стратегиялық маңызы бар Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Болдақ темір жолының құрылысы талқыланды. Жобаны дайындаудың ағымдағы жағдайы, оның техникалық параметрлері және іске асырудың жоспарланған кезеңдері туралы тиісті консультациялар өткізілді. Солтүстік-Оңтүстік магистралі Ауғанстанның негізгі экономикалық аумақтарын Орталық және Оңтүстік Азияның тораптық логистикалық нүктелерімен байланыстыруға, сыртқы сауданы әртараптандыруға, халық табысының өсуіне және елдің транзиттік әлеуетінің ұлғаюына жағдай жасауға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Ауған басшылығы өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік өзара байланысты нығайту және инфрақұрылымдық жобаларды қолдау жөніндегі саясаты Қабылда Ауғанстанды тұрақтандыру мен экономикалық жаңғыртудың маңызды факторы ретінде қабылданатынын атап өтті.

Ауғанстанның Сыртқы істер министрі А.Муттаки Қазақстан Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына нақты жәрдем көрсететін неғұрлым дәйекті және болжамды әріптестердің бірі болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің өңірлік өзара байланысты нығайту және Ауғанстандағы гуманитарлық жобаларды қолдау жөніндегі бастамасы экономикалық сын-қатерлердің салдарын жеңілдетуге көмектеседі, сауда ағындарын кеңейтуге ықпал етеді және халықты жұмыспен қамту үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады.

Балх провинциясының губернаторы М.Ю.Вафа Қазақстан өз қызметімен инфрақұрылымдық жобаларды, логистикалық бастамаларды қолдау және өмірлік маңызды азық-түлік өнімдерін жеткізу арқылы Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық ортасын жақсартуға маңызды үлес қосатынын атап өтті, бұл шиеленісті азайтуға және жергілікті жерлерде тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Ауған өкілдері ұзақ мерзімді шешімдерге бағдарланған сенімді серіктестің болуы Ауғанстанның ішкі дамуының тұрақты негіздерін қалыптастырудың негізгі факторы болып табылатынын атап өтті.

Ауғанстан ведомстволарының басшылығы Президент Қ-Ж.Тоқаевтың Ауғанстандағы жағдайға жеке көңіл бөлгені үшін ризашылығын білдіріп, мұндай тәсіл өңірдегі мүдделер тепе-теңдігін сақтауға, елдер арасындағы сенімді нығайтуға көмектесетінін және Қазақстанның тұрақтылықты, бейбітшілік пен дамуды дәйекті жақтайтын мемлекет ретіндегі жауапты рөлін көрсететінін атап өтті. Ауған тарапы Қазақстанның белсенді дипломатиясы мен практикалық қолдауы гуманитарлық деградация тәуекелдерін азайтуға, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және Ауғанстандағы саяси диалог үшін кеңістікті сақтауға айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қарқынды диалогты жалғастыру және өңірдегі бейбітшіліктің, тұрақтылық пен өркендеудің ортақ мүдделеріне сүйене отырып, барлық негізгі бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды кеңейту ниетін растады.

13 ноября 2025
Қазақстан және Ауғанстан СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті
Ауған тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ауғанстан Сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттакимен телефон арқылы сөйлесті.
 
Сұхбат барысында Е.Көшербаев таяуда орын алған жойқын жер сілкіністеріне байланысты ауған халқына көңіл айтып, алдағы уақытта Қазақстан тарапынан Қабылға гуманитарлық миссия жіберілетінін хабарлады. Миссия құрамына медициналық мамандармен қатар дәрі-дәрмектер мен алғашқы қажеттілік заттары кіретін болады.
 
Ә.Муттаки ауған халқының мұқтаждықтарына әрдайым көңіл бөліп, тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан қазақ тарапына ризашылығын білдірді және биыл жалпы көлемі 3,7 мың тоннаны құраған екі партия гуманитарлық көмектің жіберілгенін атап өтті.
 
Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, достық және өзара тиімді қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін растады. Сұхбат барысында сауда, банк, тау-кен металлургиясы мен цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
 
Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер қазақ-ауған ынтымақтастығын дәйекті дамыту ниетін растап, белсенді саяси диалогты жалғастыру жөнінде уағдаласты.
Социальные сети
Facebook
Instagram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары