Қазақстанның сауда павильонының ашылуы: Ауғанстанмен шекарадағы жаңа мүмкіндіктер

Қазақстанның сауда павильонының ашылуы:   Ауғанстанмен шекарадағы жаңа мүмкіндіктер

Термез, 14 наурыз - Өзбекстан Республикасының Сурхандария облысы, Термез қаласындағы «Ayritom» Еркін экономикалық аймағында Қазақстанның сауда павильоны ресми түрде ашылды.  

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстанның Ауғанстандағы Елшілігінің басшысы Ғазиз Ақбасов, Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Хуррам Тешабаев, Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрлігінің өкілдері, сондай-ақ үш елдің іскер топтары қатысты.  

Павильонның ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам болды. Бұл қазақстандық өндірушілерге Өзбекстан мен Ауғанстан нарықтарына шығуға, экспортты кеңейтуге және аймақтағы позицияларын күшейтуге жаңа мүмкіндіктер береді.  

Павильон инфрақұрылымы тауар жеткізілімдерін жеңілдетуді ғана емес, қазақстандық өнімдерді таныстыруды, іскерлік кездесулер ұйымдастыруды және жаңа келісімшарттар жасасуды қолайлы жағдаймен қамтамасыз етеді.  

Анықтама: «Ayritom» Еркін экономикалық аймағы – Ауғанстанмен шекарадағы негізгі сауда-логистикалық хаб. Оның құрамында 1800 сауда нүктесі, 50 мың тонна жүк өткізуге арналған логистикалық орталық, медициналық мекемелер, қонақ үйлер, қаржылық және техникалық қызметтер бар. Ауғанстан азаматтары үшін 15 күнге дейін визасыз режим енгізілген, бұл трансшекаралық сауданың қарқынды дамуына ықпал етеді. 2025 жылы аймаққа келушілер санының 1,5 миллион адамға дейін артуы, ал экспорт көлемінің 1,2 миллиард АҚШ долларына жетуі күтілуде.