
Пули-Алам қаласы, 6 наурыз - «Орталық Ауғанстанда тұрақты даму мақсатында бидай өсіруді ілгерілету» бағдарламасының ресми ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстанның Ауғанстандағы Уақытша сенімді өкілі Ғ.И.Ақбасов қатысты.
Бағдарлама Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымымен (ИАҚҰ) Қазақстан мен Түркияның, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) және Түркияның ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) қолдауымен ұйымдастырылды. Жобаны қаржыландыруды Қазақстан, ИАҚҰ, Түркия, TIKA және АӨСШК бірлесіп жүзеге асыруда.
Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы 2013 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен құрылып, оның штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан.
Ұйым құрамына Африка, Азия, Еуропа және Оңтүстік Американың 34 мемлекеті кіреді. ИАҚҰ мүше елдердегі азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту, азық-түлік қорларын құру, ауыл шаруашылығы саясатын үйлестіру және басқа да маңызды міндеттерді шешумен айналысады. Ұйым, сонымен қатар, Ауғанстанға тұрақты түрде азық-түлік көмегін көрсетіп келеді.
Ашылу рәсіміне Ауғанстанның ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары С.Азам, Логар провинциясының губернаторы З.Мадани, Ауғанстандағы Түркия елшілігі басшысының орынбасары Б.Бирал, ИАҚҰ өкілі Э.Юксек және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Бағдарлама аясында Логар провинциясының фермерлеріне гуманитарлық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, Лалми және Амир сорттарының 15 тонна бидай тұқымы Бараки-Барак, Мохаммад-Ага және Пули-Алам аудандарындағы 300 фермерге таратылды. Сонымен қатар, топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында 15 тонна тыңайтқыш пен 30 тонна мочевина берілді.
Логар провинциясының губернаторы Қазақстанға, Түркияға, ИАҚҰ-ға, АӨСШК-ге және TIKA-ға Ауғанстан халқына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, ауған шаруалары бидай тұқымына, сондай-ақ бұршақ және жасымық сияқты басқа да дақылдарға мұқтаж.
Осыған байланысты губернатор бидай тұқымдарын жеткізу түріндегі гуманитарлық көмекті жалғастыруды, сондай-ақ ауған шаруаларын қолдау мақсатында жаңа суару жүйелері мен ауыл шаруашылығы техникасын ұсыну мүмкіндігін қарастыруды сұрады.