
Қабыл қ. - Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Уақытша сенімді өкілі Ғ.Ақбасов пен БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі - БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу миссиясының басшысы Р.Отунбаевамен кездесуі өткізді.
Кездесу басында Ғ.Ақбасов Р.Отунбаевамен Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Елшілігінің жаңа басшысы ретінде кездесіп отырғанын үлкен мәртебе санайтындығын білдіріп, ҚР басшылығы және жеке өзі Миссияның Ауғанстандағы тұрақты бейбітшілік пен даму негіздерін құру жөніндегі жұмысын жоғары бағалайтындығын атап өтті.
Қазақстан өңірлік қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл контекстінде тұрақты және бейбіт Ауғанстанды жақтайтындығын ескере отырып, бұл елді өңіраралық байланыстарға белсенді тарту Еліміздің стратегиялық міндеті болып табылатындығына көңіл бөлді.
Қазақстан халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына, ең алдымен БҰҰ Жарғысына сәйкес Ауғанстанның тәуелсіз, бейтарап, біртұтас, бейбіт және гүлденген мемлекет ретінде қалыптасуын жақтайтындығына сендірді.
БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі «Доха процесі» аясында өткізілген іс-шаралар туралы, соның ішінде Есірткіге қарсы күрес жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы туралы қысқаша ақпарат беріп, Ғ.Ақбасовты халықаралық іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.
Сондай-ақ, Елшілік басшысы Қазақстан Республикасы Ауғанстанмен қалыптасқан өңірлік сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтау мен дамытуды жақтайтындығына тоқталды.
Қоштасу барысында Ғ.Ақбасов дипломатиялық өкілдіктің басшысы ретіндегі жұмысында, Миссиямен ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында ағымдағы және алдағы проблемалардың кең ауқымы бойынша ынтымақтастықты дамыту үшін барынша күш салатынына сендіріп, міндеттерін орындау барысында серіктестікке үміттенетінін жеткізді.