
2020 жылғы 25 қазанда Ауғанстан тарапының бастамасымен Қазақстан Елшісі Әлімхан Есенгелдиев Ауғанстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Шакир Каргармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайту аясында екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен бірқатар аспектілерін талқылады. Атап айтқанда, сұхбаттасушылар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық байланыстарды әрі қарай тереңдету қажеттігін атап өтті. Ш.Каргар Ауғанстан үкіметі мен халқы атынан Қазақстанға, әсіресе коронавирустық дағдарыс кезінде көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін алғысын білдірді.
Осыдан бұрын Қазақстанның Үкіметі су тасқынынан зардап шеккен 5 мыңнан астам ауған азаматтарына гуманитарлық көмек көрсетті, соның ішінде ұн, күнбағыс майы, қоюландырылған сүт және макарон өнімдері табысталды. Қазақстандық гуманитарлық көмек Ауғанстанның зардап шеккен 8 провинцияда, оның ішінде Қабылдан басқа Балх, Парван, Панджшер, Логар, Вардак, Бағлан және Саманган провинцияларында таратылды.