Қазақстан Ислам білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) министрлер конференциясына қатысты

Қазақстан Ислам білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) министрлер конференциясына қатысты

Жидда, 2025 жылғы 12-13 ақпан – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Е.Кочетов бастаған ҚР делегациясы Ислам білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) 13-ші министрлер конференциясына қатысты.

Конференцияға қатысушыларға құттықтау сөздерімен Сауд Арабиясы Корольдігінің Мәдениет министрі ханзада Бадр бен Фархан Әл Сауд, Ислам ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха және ИСЕСКО Бас директоры Салим әл-Малики сөз сөйледі. Конференция барысында Катар мемлекеті төрағалықты ресми түрде Сауд Арабиясы Корольдігіне тапсырды.

Конференцияның құрметті қонағы ретінде Татарстан Республикасының басшысы Р.Миниханов қатысып, өз сөзінде Ресей Федерациясының 2026 жылы Қазан қаласын ислам әлемінің мәдени астанасы ретінде ұсыну жөніндегі өтінімін жариялады.

Конференцияға қатысушылар ИСЕСКО мен оның комитеттерінің атқарған жұмыстары және алдағы жылдарға арналған жоспарлары туралы есептерді тыңдап, бірқатар жаңа стратегиялық құжаттарды, соның ішінде ислам мемлекеттерінде мәдени құқық және мәдениетке құқық бастамасы мен ислам елдерінде мәдени-тарихи нысандарды қалпына келтіруді жандандыру туралы құжатты мақұлдады.

Іс-шара қорытындысы бойынша исламдық мәдени құндылықтарды жаһандық деңгейде ілгерілетуге бағытталған қорытынды коммюнике (Жидда декларациясы) мен тиісті қарарлар қабылданды.

Конференция алаңдарында қазақстандық делегация басшысы ИСЕСКО басшылығымен, сондай-ақ САК және Өзбекстан өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі «Әш-Шарк Әл-Аусат» («Таяу Шығыс») ірі панарабтық басылымына Қазақстанның мәдениет пен өнер саласындағы жетістіктері және ислам әлемімен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарлары туралы сұхбат берді.

Анықтама: Ислам білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) министрлер конференциясы екі жылда бір рет өткізіледі. 2023 жылы Катар мемлекетіндегі 12-ші конференцияда Қазақстан Республикасы 2024-2025 жылдарға арналған Ислам әлемінің мұра комитетінің құрамына қабылданған болатын.

Аталған комитет ИСЕСКО-ға мүше мемлекеттердің аумағында орналасқан материалдық және материалдық емес мұраларды қалпына келтіру және қорғау бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстарымен айналысады. Қазіргі уақытта ұлттық «Тоғызқұмалақ» ойыны ислам әлемінің материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.