Қазақстан мен Сауд Арабиясы геология саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Сауд Арабиясы геология саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Жидда, 2025 жылғы 13 қаңтар – Қазақстан Республикасының делегациясы Сауд Арабиясының Геологиялық қызметіне (Saudi Geological Survey) іссапармен барды. Делегация құрамына «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма Төрағасы Е.Ғалиев, Қазақстан–Сауд Арабиясы іскерлік кеңесінің тең төрағасы Қ.Құдайберген, «Қазгеология» компаниясының Бас атқарушы директорының міндетін атқарушы Д.Әбуов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Бас операциялық директоры Қ.Омарбеков, Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Р.Қоспанов, сондай-ақ Қазақстанның жетекші мемлекеттік және жеке геологиялық және тау-кен өндіруші ұйымдарының өкілдері кірді.

Сапар барысында Сауд Арабиясы Геологиялық қызметінің Бас директоры Абдулла Әл-Шамранимен кездесу өтті. Тараптар геологиялық барлау және тау-кен өнеркәсібі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту, озық технологияларды зерттеу және серіктестіктің перспективалы бағыттарын талқылау мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар кен орындарын игеру мен инновациялық шешімдерді енгізу бойынша тәжірибе алмасуға келісті. Екі тарап та бірлескен жобаларды іске асыруға және өзара инвестициялық әлеуетті зерттеуге дайын екендігін білдірді.

Қазақстандық делегация мүшелері саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін геологиялық барлау технологияларын дамытудың маңыздылығын, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың өзектілігін ерекше атап өтті. SGS өкілдері қазақстандық компаниялардың әлеуетін жоғары бағалап, алдағы байланыстар мен бірлескен бастамаларға дайын екендіктерін жеткізді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды кеңейту жоспарын белгіледі. Бұл қадам екі елдің тау-кен өнеркәсібінің дамуына жол ашып, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайта түседі.