
Мекке, 2024 жылғы 12 маусым – Қасиетті Мекке қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған қажылық мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Іс-шараға Бас мүфтидің орынбасары, қазақстандық қажылық миссиясының басшысы Ершат қажы Оңғар, қажылық миссиясы мен қажылықты ұйымдастырумен айналысатын отандық туристік компаниялардың өкілдері, сондай-ақ қазақстандық қажыларға қызмет көрсететін Сауд Арабиясының серіктес компаниясының басшылығы қатысты.
Бас консул өзінің құттықтау сөзінде Елшілік пен Бас консулдық қажылардың қасиетті жерде жүрген кезінде қауіпсіздігін, денсаулығын және сақтығын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары және жедел шешуді талап ететін мәселелер туындаған кезде жергілікті билікпен өзара іс-қимыл тәртібі туралы айтты.
Қазақстандық дипломат қатысушыларға қажылықтың сәтті өтуін тілеп, мемлекеттің саясаты әрбір қазақстандықтың құқықтарын қорғауға және дін бостандығына бағытталғанын, соның арқасында Қазақстан азаматтары діни рәсімдерді кедергісіз орындай алатынын атап өтті.
Өз кезегінде, Бас мүфтидің орынбасары, қазақстандық қажылық миссиясының басшысы Ершат қажы Оңғар Корольдік басшылығына, атап айтқанда Қажылық және умра істері министрлігіне діни рәсімдерді кедергісіз орындау үшін тиісті жағдайлар жасап, жол ашып жатқаны үшін ризашылығын білдірді.
Туркомпаниялар басшылығымен жеке кездесу барысында қажылардың денсаулығын бақылауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, Қажылық миссиясының құрамына арнайы енгізілген имамдардың уағыздау қызметін тиісінше жүргізуіне және т.б. байланысты жедел мәселелер талқыланды.
Сауд Арабиясы Үкіметінің 2024 жылы бөлген ресми квотасына сәйкес қажылық жасау үшін Меккеге Қазақстаннан 5 081 қажы келді. Қажылықты ұйымдастыруға қызметтік көрсету үшін Діни басқарма конкурстық негізде 16 қазақстандық туркомпанияны, сондай-ақ 6 авиакомпанияны (SCAT, Air Astana, Alarabia, Jazeera Airways, Turkish Airlines, Flynas) тартты. Жалпы, Сауд Арабиясы билігінің ресми хабарлауынша, биыл әлемнің түкпір-түкпірінен 2 миллионнан астам қажы қажылыққа барады.