
Жидда, 2024 жылғы 4 маусым Жидда қаласының (Сауд Арабиясы Корольдігі) халықаралық әуежайына 290 адамнан тұратын қазақстандық қажылардың кезекті тобы келді. Оларды Бас Консул Р.Қоспанов және консулдықтың дипломаттары қарсы алды. Қазақстандықтардың бірінші тобы ү.ж. 3 маусымда Медина қаласына келді.
Сауд Арабиясы Үкіметі Қазақстан үшін 2024 жылға бөлген квотаға сәйкес,
3-28 маусым аралығында киелі жерлерге 5 мыңнан астам қазақстандық азаматтардың келуі күтілуде. Қажылықтың негізгі рәсімдерін орындау ү.ж. 14-19 маусым аралығында келеді.
Қажылықтың осы маусымында Қазақстанның қажыларын тасымалдауын «Air Astana» (Қазақстан), «SCAT» (Қазақстан), «Turkish Airlines» (Түркия), «Jazeera Airways» (Кувейт) және саудтық «FlyNas» авиакомпаниялары жүзеге асырады. Аталған компаниялардың авиалайнерлері біздің азаматтарымызды Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Ақтау қалаларынан 3-10 маусым аралығында алып келіп, оларды ү.ж. 20-28 маусым аралығында елге кері қайтарады.
Қажылық барысында Бас консулдық ерекше режимде жұмыс істейтін болады. Қазақстаннан келген қажыларды қарсы алу және шығарып салу Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы (ҚМДБ) қалыптастырған қазақстандық қажылық миссиясының өкілдерінің қатысуымен бірге дипломаттардың кезекшілік кестесіне сәйкес жүргізіледі.
Бас консулдықтың міндетіне қазақстандық азаматтардың Сауд Арабиясында болу кезінде жергілікті билік органдарымен үйлестіру және өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстанға уақтылы оралу мәселелері кіреді. Осы мақсатта «Қажылық-2024» маусымына жауапты Сауд Арабиясының үкіметтік және авиациялық билік орындарымен, сондай-ақ Қазақстанның қажылық-миссиясымен байланыс орнатылды.
Жалпы, Бас консулдық қажылар арасында түрлі жұқпалы аурулардың (тұмау, менингит) алдын алу үшін санитарлық-гигиеналық нормалар, болу елінің заңнамасын, жергілікті дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға құрметтеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Мекке мен Медина қалаларындағы орталық штабтарда ҚМДБ ұйымдастырған стационарлық пункттерде қазақстандық дәрігерлер жергілікті емдеу мекемелерімен бірге қажыларымызға қажет болған жағдайда тәулік бойы тиісті медициналық көмек көрсетеді.
Сауд Арабиясы тарапының мәліметінше, биыл қажылардың саны шамамен 2,3-2,5 млн. адамға жетуі мүмкін (САК Статистика жөніндегі бас агенттігінің деректеріне сәйкес, 2023 жылы қажылардың саны 1 млн. 845 мың адам құрады).