2023 жылғы 4 қазан, Жидда қ. Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы (Сауд Арабиясы Корольдігі) Бас консулы Р.Қоспанов пен Бас консулдықтың қызметкерлері Жидда қаласының Халықаралық әуежайына Алматыдан келген «Air Astana» қазақстандық авиакомпаниясының алғашқы тұрақты рейсін қарсы алды.
Рейсті қарсы алу салтанатты рәсіміне «Air Astana» әуекомпаниясының Шығанақ елдері және Сауд Арабиясы бойынша Өңірлік бас менеджері Ғ.Базилбаев, Jeddah Airports Company (JEDCO) және Saudi Ground Services Company (SGS) компанияларының басшылығы мен серіктес компаниялардың өкілдері қатысты.
Алматыдан Жиддаға келген алғашқы жолаушыларды қарсы ала отырып, Бас консул тікелей әуе қатынасының ашылуы діни ғана емес, дәстүрлі туризмнің де өсуіне, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өзара іс-қимылының жандануына ықпал ететінін атап өтті.
Осы ретте, Бас консулдық тарапынан Қазақстанның азаматтарына шетелдіктердің Корольдікте болуының кейбір мәселелері, болу елінің заңнамасын бұзбау, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау қажеттілігі, сондай-ақ жергілікті дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға құрметтеу жөнінде түсініктемелер мен кеңестер берілді.
Өз кезегінде, КС-265 рейсінің жолаушылары ұшқыштар мен «Air Astana» авиакомпаниясына алғыстарын білдіріп, тікелей әуе қатынасының жайлылығы мен ыңғайлылығының жоғары деңгейін атап өтті, сондай-ақ Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты қатынастардың одан әрі өркендеуіне және нығаюына үміт артты.
Анықтама: «Air Astana» әуекомпаниясының Алматы-Жидда бағыты бойынша тікелей рейстері 2023 жылғы 4 қазанда іске қосылып, аптасына екі рет орындалатын болады. Рейстер саны әрі қарай тағы бір жиілікке ұлғаюы мүмкін. Рейстер Airbus A321 LR ұшағы арқылы орындалады.
Алматыдан Жиддаға ұшатын рейстің ұзақтығы 6 сағат 50 минутты, кері рейс – 5 сағат 45 минутты құрайды.
Үстіміздегі жылдың қараша айынан бастап Сауд Арабиясының «Flynas» лоукостері аптасына екі рет Жидда мен Алматы арасында тікелей рейстерді орындайды деп күтілуде.