ҚР Бас консулы Араб шығармашылық Мәдениет және өнер клубының қызметі мен бағдарламалары аясындағы симпозиумға қатысты

ҚР Бас консулы Араб шығармашылық Мәдениет және өнер клубының қызметі мен бағдарламалары аясындағы симпозиумға қатысты

2023 жылғы 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы (Сауд Арабиясы Корольдігі) Бас консулы, Қазақстан Республикасының Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Р.Қоспанов Жидда Мәдениет және өнер клубының шақыруы бойынша Жидда қ. Король Әбделазиз атындағы университетінің тарих және халықаралық қатынастары профессоры, доктор Абдурахман әл-Орабиның Жидда қаласының тарихы мен кәзіргі дамуына арналған дәрісіне қатысты.

А.әл-Ораби қаланың одан әрі дамуына және оның Корольдіктің батыс аймағындағы ірі халықаралық сауда-логистикалық орталық ретінде қалыптасуына әсер еткен Жидда тарихындағы маңызды кезеңдері туралы баяндады.

Іс-шараға қатысушылар профессорға сұрақтар қойып, өз пікірлерін айтуға мүмкіндік алды. Осы ретте, қазақстандық дипломат оны шақырғаны үшін алғысын білдіре отырып, КСРО-ның Корольдіктегі тұңғыш Елшісі-Тұрақты Өкілі, Жиддада тұрып жұмыс істеген, сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Кеңес Одағы арасындағы ынтымақтастық пен екіжақты қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосқан көрнекті қазақ дипломаты Нәзір Төреқұловтың рөлін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, Жидда қаласы түрлі діндер өкілдерінің өзара бейбіт өмір сүруінің үлгісі деген профессордың ұстанымын қолдай отырып, осы маңызды мәселеде Қазақстан мен Сауд Арабиясының көзқарастарының ұқсастығын мәлімдеді. Осы тұрғыда, Р.Қоспанов қатысушыларды Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамасы туралы хабардар етіп, сауд тарапына, оның ішінде Дүниежүзілік Ислам лигасына Қазақстанның конфессияаралық диалогты ілгерілетуге арналған күш-жігерін қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, Бас консул іс-шараға қатысқан қонақтарға Қазақстан-Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты қатынастарының жоғары деңгейде қарқынды дамуы, сондай-ақ ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлем мемлекеттерімен өзара тиімді әріптестігін жандандыруды және кеңейтуді көздейтін елдің экономикалық және саяси дамуының негізгі бағыттарын айқындағаны туралы баяндады.

Кездесудің соңында қазақстандық дипломат қатысушыларды келе жатқан Корольдіктің Ұлттық күнімен құттықтап, профессор А.әл-Орабиге Елші Т.Мансуровтың араб тілінде жарық көрген Н.Төреқұлов туралы кітабын сыйға тартты.

Сонымен қатар, Бас консулдық пен Жидда қаласының Мәдениет және өнер клубы арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту және ынтымақтастықты кеңейту жолдарын айқындау мақсатында тиісті байланыстарды жалғастыруға келісті.