
Үстіміздегі жылғы 29 маусымда Жидда қаласының халықаралық әуежайына (Сауд Арабиясы Корольдігі) COVID-19 індетінің орын алуына байланысты екі жылдық үзілістен кейін 189 адамнан тұратын қазақстандық қажылардың алғашқы екі тобы келді. Оларды Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Талғат Шалданбай бастаған дипломаттарымыз қарсы алды.
Биылғы жылы САК Үкіметі бөлген квотаға сәйкес, киелі орындарға 4 мыңға жуық қазақстандық азамат зиярат жасайтын болады. Қажылықтың басты жоралғыларын орындау (Арафат тауында тұру; Мина алқабы және Муздалиф даласында болу; шайтанды бейнелейтін бағаналарға тас лақтыру; құрбандық шалу) ү.ж. 8-11 шілде аралығында орындалады.
Қазақстан қажыларын биылғы үлкен қажылық маусымында тасымалдауды отандық «Air Astana» және «SCAT» авиациялық компаниялары саудтық серіктесі «FlyNas» авиакомпаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Аталған компаниялардың әуе кемелері тікелей рейстер жасайды және біздің азаматтарды ү.ж. 29 маусым мен 3 шілде аралығындағы кезеңде Астанадан, Алматыдан, Шымкенттен және Ақтаудан Корольдіктің Жидда және Медина қалаларына жеткізеді. Оларды кері алып қайту ү.ж. 15-21 шілде аралығында атқарылады.
Әдетте, қажылық кезінде Бас консулдық Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі алдын ала бекіткен жоспарға сәйкес айрықша жүйеде жұмыс істейді. Бас консулдық Жидда және Медина әуежайларында қажыларды қарсы алу/шығарып салу жұмыстарын дипломаттардың кезекшілік кестесіне сәйкес қатаң тәртіпте жүргізеді.
Бас консулдықтың міндетіне қазақстандық азаматтардың Корольдікте болған уақытта туындауы мүмкін барлық кездейсоқ мәселелерді шешу, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін және елімізге уақтылы оралуларын қамтамасыз ету жатады. Осы мақсатта «Қажылық-2022» маусымына жауапты Сауд Арабиясының үкіметтік және авиациялық билік орындарымен, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ), мүдделі органдар және компаниялар өкілдерінен тұратын Қазақстанның «Қажылық миссиясымен» тікелей байланыс орнатқан.
Жалпы, Бас консулдық болу елінің заңнамасын сақтау, әртүрлі жұқпалы ауруларды (тұмау, менингит) болдырмау үшін санитарлық-гигиеналық нормаларды орындау, жергілікті салт-дәстүрлерді құрметтеу және т.б. мәселелер бойынша жыл сайын қажылар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Мекке және Медина қалаларындағы Орталық штабтарда ҚМДБ ұйымдастырған стационарлық бөлімшелер жұмыс істейді. Онда қазақстандық дәрігерлер жергілікті медициналық мекемелермен қатар қажылар өтінішпен келген жағдайда тәулік бойы қажетті медициналық көмек көрсетеді.
Назар аударарлық жәйт, САК Денсаулық сақтау министрлігінің талабына сәйкес, қажыларда медициналық сақтандыру, менингококк инфекциясы мен коронавирусқа қарсы вакцинация туралы анықтама болуы тиіс. Корольдікке келген кезде қажылар 72 сағат бұрын жасалған COVID-19 қарсы теріс нәтижелі ПТР-Тест анықтамасын да көрсетеді.
Биыл Сауд Арабиясы билігі бүкіл әлемнен 18-65 жас аралығындағы 1 миллион адам (бұдан бұрынғы жылдардағы көлемнің 45%) қажыны шақыруға шешім қабылдады. Оған Сауд Арабиясында тұратын жергілікті және шетелдік азаматтар да енгізілген.