Қазақстан Елшісі Сауд Арабиясы Корольдігі Шура Мәжілісінің Төрағасымен кездесті

Қазақстан Елшісі Сауд Арабиясы Корольдігі Шура Мәжілісінің Төрағасымен кездесті

2021 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арынды Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік кеңесінің (Шура Мәжілісі) Төрағасы доктор Абдалла бен Мұхаммад бен Ибрахим Әл Аш-Шейх қабылдады.

Кездесу барысында Елші Б.Арын ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың САК Королінің жарлығымен Консультативтік кеңестің Төрағасы болып қайта тағайындалуына орай доктор Абдалла Әл Аш-Шейхқа жолдаған құттықтауын және Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыру хатын табыс етті. Сондай-ақ, тараптар екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайту, соның ішінде «Қазақстан - Сауд Арабиясы» парламенттік достастық тобының жұмысын жаңғырту, оның мүшелерінің өзара сапарларын тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Елші Консультативтік кеңестің Төрағасына ү.ж. 10 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау науқаны және қорытындысы туралы айтып берді. Осы ретте ол ү.ж. 15 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Парламент Мәжілісінің VII шақырылымдағы жаңа құрамының алдында айтқан бірқатар жаңа бастамалары аясында саяси жаңғыру мен ары қарай демократияландыру бағытындағы саяси реформалардың үшінші пакетінің негізгі мазмұнымен таныстырып өтті.

Өз тарапынан доктор Абдалла Әл Аш-Шейх ҚР Парламенті Сенаты спикерінің шақыруын ризашылықпен қабыл алып, COVID-19 жаһандық пандемиясы аяқталғаннан кейін Қазақстанға сапарын жүзеге асыруға дайындығын білдірді.

Шура Мәжілісінің Төрағасы, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларға, сондай-ақ мемлекет басшылығының болашақты көксеген сындарлы саясатына жоғары баға берді.