
Жидда, 2025 жылғы 23 қазан – Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов Исламдық даму банкі тобының мамандандырылған мекемесі болып саналатын Исламдық инвестицияларды және экспорттық несиелерді сақтандыру корпорациясының (ICIEC) штаб-пәтеріне барып, Корпорацияның Бас атқарушы директоры доктор Халид Халафалламен кездесу өткізді.
Сұхбаттасу барысында тараптар Қазақстан мен ICIEC арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін, сондай-ақ Корпорацияның Қазақстандағы инвестициялық және экспортқа бағытталған жобаларды іске асыруға қатысу перспективаларын талқылады. Арнайы назар сауданы ынталандыру және Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында ICIEC-тің сақтандыру және кепілдік құралдарын қолдану мүмкіндіктеріне аударылды.
Доктор Халид Халафалла Қазақстанның Исламдық даму банкі тобы аясындағы белсенді рөлін жоғары бағалап, ICIEC елдің әлеуметтік-экономикалық өсуін қолдау мақсатында серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді. Осы ретте, ол Корпорация мен Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі «KazakhExport» арасындағы тиімді ынтымақтастықты ризашылықпен атап өтті.
Сонымен қатар, Бас атқарушы директор Қазақстанға жұмыс сапарымен барып, тиісті мемлекеттік органдар мен қаржы институттарымен нақты консультациялар өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Өз кезегінде, Бас консул Руслан Қоспанов Қазақстанның экономикасын әртараптандыру және тұрақты даму қағидаларына сай инвестициялар тарту бойынша стратегиялық міндеттерін іске асыру аясында ICIEC-пен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу нәтижесінде тараптар өзара қызығушылық танытатын нақты бағыттар бойынша іс жүзіндегі әрекеттестікті жалғастыруға ниет білдірді.
Анықтама ретінде: Исламдық инвестицияларды және экспорттық несиелерді сақтандыру корпорациясы (ICIEC) — Ислам Даму Банкі Тобының мамандандырылған мекемесі, 1994 жылғы 1 тамызда құрылған және Сауд Арабиясының Джидда қаласында орналасқан. Корпорация халықаралық ұйым мәртебесіне және толық заңды қабілетке ие.
Ислам мемлекеттері үшін инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыруды қамтамасыз ететін ұйым құру идеясы Ислам ынтымақтастық ұйымының мүше мемлекеттері арасында инвестицияларды ынталандыру, қорғау және кепілдендіру туралы Келісімге негізделген (OIC Investment Agreement).