GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Бас Консулдық туралы
Байланыс ақпараты
Все материалы
15 октября 2026
Қазақстан мен Түркия университеттері арасындағы ынтымақтастық нығаюда

Қазақстанның Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, профессор Думан Орынбеков бастаған делегация Түркияның Измир қаласындағы Докуз Эйлюль университетіне (Dokuz Eylül Üniversitesi) жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында қазақстандық делегация Докуз Эйлюль университеті ректорының орынбасары, профессор Хамди Шүкүр Қылычпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар ветеринария, биоинженерия, түркітану және шет тілдері салаларындағы академиялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және университетаралық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар екі жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы хаттама әзірлеу және оның негізгі бағыттарын айқындау жөнінде пікір алмасты.

Аталған кездесу Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және ғылым салаларындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

03 августа 2026
Измир – Алматы ресми іске қосылуы

2026 жылғы 31 шілдеде Измир халықаралық әуежайында Измир – Алматы бағыты бойынша алғашқы тікелей әуе қатынасының ашылу салтанаты өтті.

Жаңа бағыттың ашылуына орай құрметті қонақтар естелік тортты салтанатты түрде кесті. Іс-шарада қазақтың домбыра үні ерекше атмосфера сыйлап, жолаушылар әуеннің сүйемелдеуімен ұшақ бортына көтерілді. Тікелей әуе рейсінің іске қосылуы екіжақты мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болып, азаматтар, студенттер мен туристер үшін сапарды барынша жайлы етеді.

Ұшулар 2026 жылдың қазан айының соңына дейін штаттық режимде аптасына екі рет орындалады.

25 мая 2026
Алматы мен Измир енді тоқтаусыз байланысады

Қазақстан Республикасының Измир қаласындағы Бас консулдығы мен SunExpress әуе компаниясы арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 2026 жылғы 31 шілдеден бастап Измир – Алматы – Измир бағыты бойынша тікелей рейстер іске қосылады.

Рейстер 2026 жылғы қазан айының соңына дейін аптасына екі рет орындалады:

Измир – Алматы: сейсенбі және жұма
21:00 – 05:00
2026 жылғы 31 шілде – 23 қазан аралығы

Алматы – Измир: сәрсенбі және сенбі
06:25 – 09:50
2026 жылғы 1 тамыз – 24 қазан аралығы

Жаңа бағыт Қазақстан азаматтары, студенттер, туристер және кәсіпкерлер үшін жол жүруді едәуір жеңілдетеді.

19 мая 2026
Президенттің қатысуымен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады

Бүгін, 19 мамыр күні, Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның ашылу рәсімі өтті.

19-20 мамыр аралығында ЮНЕСКО қамқорлығымен өтіп жатқан ауқымды халықаралық форум Жошы ұлысының тарихи мұрасын және оның Орталық Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік үдерістердің қалыптасуындағы рөлін жан-жақты зерделеу мақсатында отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерін бір алаңға біріктірді.

Симпозиумның мақсаты – Қазақстан Республикасын Алтын Орда мұрасын зерттейтін жетекші халықаралық орталық ретінде таныту, сондай-ақ Жошы ұлысының саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасын кешенді пәнаралық талдау арқылы Орталық Еуразия өркениеттерін зерттеу саласындағы елдің ғылыми әлеуетін көрсету және оның Еуразиядағы қазіргі интеграциялық үдерістер үшін маңызын айқындау.

Симпозиум аясында Алтын Орданың дала өркениетінің моделі ретіндегі мұрасына арналған тақырыптық көрме де ұйымдастырылды. Экспозицияға археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер қойылған.

Көрменің құрылымы бірнеше негізгі тақырыптық бөлімдерді қамтиды: мемлекет және билік, дала сәні мен киім үлгілері, әскери іс, дала және қала өркениеттерінің өзара ықпалдастығы, мәдениет, ғылым және өнер. Ерекше назар 70 археологиялық және сәулет ескерткішін қамтитын интерактивті картаға аударылған. Оның ішінде 17 нысанға кеңейтілген сипаттама, әуеден түсірілген фотосуреттер мен 3D-визуализация ұсынылған.

Көрменің негізгі жәдігерлерінің бірі – дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалары туралы генеалогиялық мәліметтерді қамтитын «Хандар шежіресі» қолжазбасы. Сонымен қатар Каталон атласы, хандардың генеалогиясы, теңгелер, жазба деректер және тұрмыстық бұйымдар қойылған. Жазба мұралар қатарында 3 жарлық, 4 дипломатиялық хат және 21 қолжазба бар. Олар түпнұсқа, факсимильді көшірме және электронды нұсқаларда ұсынылған.

Экспозиция Қазақстан аумағындағы маңызды археологиялық ескерткіштердің материалдары негізінде жасақталған. Олардың қатарында көне Сарайшық, Сығанақ, Баршынкент қалалары және тарихи маңызы зор өзге де нысандар бар. Көрменің мақсаты – Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау және оны зерттеуге деген ғылыми қызығушылықты арттыру.

Пленарлық отырысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді. Ашылу рәсіміне ЮНЕСКО хатшылығының өкілдері, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Моңғолия, Украина, Мажарстан, Болгария, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және басқа да мемлекеттердің өкілдері қатысты.

Форумға әлемнің 20-дан астам елінен келген 120 шетелдік зерттеушіні қоса алғанда 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Саясат Нұрбек Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның тарихи ғылымды дамыту мен тарихи өткенді жаңаша пайымдауда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

«Бүгін біз тек өткенді ғана емес, сонымен қатар мемлекеттілік, бірегейлік және Қазақстанның Еуразия тарихындағы орнын түсінудің негіздерін талқылап отырмыз. Тарихты қазіргі заман тұрғысынан қайта зерделеу жағдайында Алтын Орда Ұлы даланың саяси және мәдени дәстүрінің қалыптасуындағы маңызды кезең ретінде айрықша мәнге ие», - деді министр.

Оның айтуынша, Алтын Орда Шығыс пен Батыс арасындағы өзара ықпалдастықты, идеялар, технологиялар мен мәдени тәжірибелер алмасуын қамтамасыз еткен еуразиялық интеграцияның бірегей үлгісі болды. Ал оның тарихы көшпелі және отырықшы өркениеттер синтезінің көрінісі саналады.

«Қазақстан үшін Алтын Орданы зерттеу тек академиялық міндет емес. Бұл – тарихи сабақтастық мәселесі. Қазақстан өзін Жошы ұлысының мұрагерлерінің бірі ретінде санайды. Дәл осы кеңістікте кейін Қазақ хандығында жалғасын тапқан мемлекеттілік пен этногенездің негіздері қалыптасты», - деді Саясат Нұрбек.

Симпозиумда сондай-ақ ЮНЕСКО-ның мәдениет жөніндегі Бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры Элунду Лазар, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова, «La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Содносамбуу Дэмбэрэл, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов, сондай-ақ Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Ш. Маржани атындағы Тарих институтының М.А. Усманов атындағы Алтын Орда және татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев құттықтау сөз сөйледі.

Симпозиум барысында Алтын Орданың этносаяси тарихы, оның мұрасының қазіргі заманғы маңызы, болашақ зерттеу бағыттары, материалдық және рухани мәдени мұра, жазба және ауызша дереккөздер, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттік ықпалдастық мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Форум аясында Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын пәнаралық зерттеуге, археологиялық жаңалықтарға, тарихи жады мен бірегейлікті қалыптастыру мәселелеріне арналған мамандандырылған ғылыми секциялар өтеді.

Халықаралық форумның маңызды қорытындыларының бірі – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, зерттеу бастамаларын біріктіруге және түрлі елдердің ғылыми орталықтары мен сарапшылық қауымдастықтары арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған Алтын Орда мұрасы жөніндегі Астана декларациясының қабылдануы болды.

Симпозиумның мәдени бағдарламасы Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасының байлығын және Еуразия кеңістігіндегі рухани дәстүрлер сабақтастығын танытатын «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын қамтиды.

Қазақстанда халықаралық симпозиумның өтуі елдің Орталық Азия тарихы мен мұрасын зерттейтін жетекші орталықтардың бірі ретіндегі халықаралық беделін одан әрі нығайтуға, ғылыми диалогты кеңейтуге және еуразиялық өркениеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарған тарихи үдерістерді объективті зерделеуге ықпал етеді.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық
31 марта 2026
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі «Экспорттаушылар витринасы» халықаралық цифрлық платформасын іске қосты

 «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ еншілес ұйымы) «Экспорттаушылар витринасы» платформасын іске қосты.

Жаңа ресурс отандық өнімдер мен қызметтерді жаһандық нарыққа жаппай шығару мақсатында әзірленіп, шетелдік сатып алушылар назарын аудару үшін әзірленді. Платформа «Made in Kazakhstan» өнімдерінің кеңейтілген каталогын ұсынады. Мұнда негізгі назар нақты тауарларға, олардың сипаттамалары мен тұтынушылық қасиеттеріне аударылған.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өкілдерінің айтуынша, Экспорттаушылар витринасының басты ерекшелігі — оның айқын экспорттық бағыттылығы. Платформадағы тауарлар бес негізгі сала бойынша жіктелген: жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік және химия өнеркәсібі, АӨК өнімдері, металлургия, машина жасау және құрылыс саласы.

Іздеу жүйесі әлеуетті сатып алушыларға қажетті өнімдерді кілт сөздер арқылы оңай табуға мүмкіндік береді. Мәселен, белгілі бір сұраныс енгізілген жағдайда жүйе осы санат бойынша қазақстандық өндірушілер ұсынатын барлық қолжетімді ұсыныстарды көрсетеді. Әрбір тауар карточкасында өнімнің толық сипаттамасы мен негізгі техникалық параметрлері берілген. Сонымен қатар пайдаланушы нақты өнім бетінен сол өнімді өндіруші компанияның профиліне бірден өту мүмкіндігіне ие.

«Аталған платформада тек агенттік тарапынан тексеруден өткен, верификацияланған өндірушілер ғана ұсынылған. «ЭКА тексерген» мәртебесі сенімділіктің кепілі ретінде қызмет атқарып, тәуекелдерді азайтады және қазақстандық экспорттаушылар мен шетелдік сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимыл барысында сенімді нығайтады», – деп атап өтті Мадина Ержанова, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары.

«Экспорттаушылар витринасы» жобасы қазақстандық бизнес пен халықаралық нарықтар арасындағы цифрлық көпірге айналуды көздейді. Платформа жеткізушілерді іздеу үдерісін жеңілдетіп, отандық брендтердің шетелдегі танымалдығын арттыруға ықпал етеді. Бастама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі жүзеге асырып отырған шикізаттық емес экспортты қолдау және сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру стратегиясы аясында іске асырылды.

22 марта 2026
Измирде Наурыз мерекесі аталып өтті

2026 жылғы 21 наурызда Культурпарк аумағында түркі халықтарының жаңа жылы – Наурыз мерекесіне арналған «Bahar» халықаралық көктем фестивалі өтті.

Іс-шара Измир қаласының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Бас консулдығының бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді. Фестивальге Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген студенттер мен Измир қаласының тұрғындары қатысты.

Қазақстандық павильон домбыраның әуенімен және «Izmir Qazaq Jastary» студенттік бірлестігінің белсенділері дайындаған дәстүрлі ұлттық тағамдарымен қонақтардың ерекше назарын аударды.

18 марта 2026
Измирде №512 референдум учаскесінде дауыс беру өтті

2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының Измир қаласындағы Бас консулдығында №512 референдум учаскесі ашылды.

Эгей өңірінің 9 провинциясынан келген Қазақстан азаматтары осы тарихи оқиғаға қатысу үшін Измир қаласына жиналды.

Сайлаушылардың қатысу деңгейі 88,68%-ды құрады.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
19 февраля 2026
Измир қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығына қала әкімі мен Түркия Сыртқы істер министрлігі өкілдігі басшысының сапары туралы

2026 жылғы 17–18 ақпан күндері Қазақстан Республикасының Измир қаласындағы Бас консулдығына Измир қаласының мэрі доктор Джемиль Тугай және Түркия Сыртқы істер министрлігінің Измирдегі өкілі Елші Йешим Кебапчыоглу сапармен келді.

Тараптар 2026 жылға арналған Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту, өңіраралық байланыстарды кеңейту және муниципалдық деңгейдегі өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты.

Бас консул Бауыржан Ақатаев 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша өткізілетін республикалық референдум туралы, сондай-ақ оған Эге өңірінде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысуы жөнінде мәлімдеді.

12 февраля 2026
Консулдық қызметтерді алу үшін кезекті онлайн брондау

Қазақстан Республикасына виза ресімдеу, нотариалдық қызметтер алу, азаматтық хал актілерін тіркеу (туу, қайтыс болу, неке қию немесе некені бұзу), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу және өзге де консулдық мәселелер бойынша қабылдауға жазылу үшін сілтеме арқылы өтіңіз.

Консулдық қызметтер үшін төлем АҚШ долларымен тек Garanti BBVA бөлімшелері немесе мобильді қосымшасы арқылы келесі деректемелер бойынша қабылданады:
IBAN: TR840006200127500009084644
Алушы: Kazakistan Cumhuriyeti İzmir Başkonsolosluğu

Консулдық алым мөлшерлемелері.

Маңызды: басқа банктердің қосымшалары немесе бөлімшелері арқылы төлем қабылданбайды.

28 января 2026
Қазақстан Республикасының Бас консулының Измир экономика университетінің ректорымен кездесуі туралы

2026 жылғы 27 қаңтарда Қазақстан Республикасының Измир қаласындағы Бас консулы Бауыржан Ақатаев Измир экономика университетінің ректоры, профессор, доктор Юсуф Хакан Абаджыоглумен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары мен Измир экономика университеті арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Білім беру саласындағы өзара іс-қимылдың перспективалары қарастырылып, жұмыс байланыстарын орнату және қолдауға мүдделілік білдірілді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары