GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Бас Консулдық туралы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
21 октября 2026
Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Конституциялық заңның аудионұсқалары онлайн қолжетімді

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудионұсқада қолжетімді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы:

Қазақ тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/247111?lang=kk

Орыс тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/247111?lang=ru

Ағылшын тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/247111?lang=en

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң:

Қазақ тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/248246?lang=kk

Орыс тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/248246?lang=ru

Ағылшын тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/248246?lang=en

Бұл бастама құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, конституциялық заңнамаға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге және инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған. Ағылшын тіліндегі аудионұсқалар шетелдік аудиторияға Конституцияның негізгі ережелерімен және Конституциялық Соттың қызметін реттейтін заңнамамен танысуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ресми ақпараттық ресурстары:

Ресми сайт: https://www.gov.kz/org/ksrk?lang=kk

Telegram: https://t.me/consot_kz

Instagram: https://www.instagram.com/consud_kz

Facebook: https://www.facebook.com/share/18PYtTuBuU/

08 октября 2026
Ыстанбұлда Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар мәселелері талқыланды

Ыстанбұл, 2026 жылғы 7 қазан – Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы Б.Сары Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ыстанбұлдағы өкілі, Елші Мехмет Мұстафа Гөксумен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, консулдық саладағы өзара іс-қимыл, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әртүрлі бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

15 сентября 2026
КӨЛІК ҚҰРАЛЫН САТУ БОЙЫНША АУКЦИОН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАНДЫРУ

Аукционды ұйымдастырушы — Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығы, заңды мекенжайы: Şenlikköy, Yeşilyurt Cad., Bakırköy/İstanbul — автокөлікті сату бойынша ашық аукцион өткізілетіні туралы хабарлайды.

Аукцион өткізу әдісі: бағаны көтеру арқылы.

Аукцион 2026 жылғы 1 қазанда сағат 11:00-де мына мекенжайда өтеді: Şenlikköy, Yeşilyurt Cd. No:7/9, 34153 Bakırköy/İstanbul..

Сату объектісі туралы мәлімет:

Лот:
Жеңіл автомобиль

Маркасы: Mercedes-Benz E-Class
Түсі: Қара
Шығарылған жылы: 2016
Жүрісі: 203 053,00 км
Қозғалтқыш көлемі: 1 991 см³, бензин
Жалпы жағдайы: техникалық ақаулы, жөндеуді қажет етеді
Бастапқы бағасы: 1 000,00 АҚШ доллары (бір мың АҚШ доллары)
Бастапқы бағаның 15%-ы мөлшеріндегі кепілдік жарна: 150,00 АҚШ доллары (жүз елу АҚШ доллары)
Аукциондағы бағаны көтеру қадамы — 5%: 50,00 АҚШ доллары (елу АҚШ доллары)

Аукционға қатысу шарттары және өтінімдерді беру тәртібі:

Аукционға белгіленген мерзімде өтінім берген және кепілдік жарнасын төлеген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Өтінімдерді қабылдау және қатысушыларды тіркеу жазбаша түрде мына мекенжайда жүзеге асырылады: Şenlikköy, Yeşilyurt Cad., Bakırköy/İstanbul.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 28 қыркүйек сағат 17:30-ге дейін.

Аукцион жеңімпазы ең жоғары бағаны ұсынған қатысушы болып танылады.

Жеңімпаздың төлеген кепілдік жарнасы автомобильдің сатып алу құнына есептеледі. Қалған қатысушылардың кепілдік жарналары 15 жұмыс күні ішінде қайтарылады.

Аукционға қатысу үшін ұйымдастырушының жоғарыда көрсетілген мекенжайына мына құжаттарды ұсыну қажет:

  • Белгіленген нысан бойынша өтінім.
  • Жеке тұлғалар үшін — жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
  • Заңды тұлғалар үшін — заңды тұлға өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және заңды тұлғаның Түркия Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өткенін растайтын құжат.
  • Кепілдік жарнасының төленгенін растайтын төлем құжатының көшірмесі.

Аукционға қатысушылар кепілдік жарнасын төлеп, өтінім бермес бұрын осы хабарландырумен, шарт жобасымен мұқият танысуға және автомобильдің техникалық жағдайын тексеруге міндетті.

Қатысушылар автомобильді жақсартуды, өзгерістер енгізуді немесе жөндеуді, сондай-ақ қандай да бір салықтар мен алымдардан немесе автомобильді қайта тіркеуге, меншік құқығын қайта рәсімдеуге байланысты өзге де шығындардан босатуды талап ете алмайды.

Аукцион жеңімпазы шарт талаптарын белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда, ол автомобильді сатып алу құқығынан бас тартқан болып есептеледі және кепілдік жарнасын қоса алғанда, енгізілген барлық төлемдер қайтарылмайды.

Кепілдік жарнасын аудару кезінде алынатын банктік комиссиялар аукционға қатысушыларға қайтарылмайды.

Аукцион барысында сөз байласуға (bid rigging) және заңсыз араласудың кез келген басқа нысандарына қатаң тыйым салынады.

Кепілдік жарнасын аударуға арналған банк деректемелері:

Алушы: Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығы
Мекенжайы: Şenlikköy, Yeşilyurt Cad., Bakırköy/İstanbul

Шот нөмірі: TR 5600 0100 2057 8185 2949 5004

Алушы банкі: ZİRAAT BANKASI

Төлем мақсаты: Лот бойынша аукционға қатысу үшін кепілдік жарнасы.

Сатып алушының міндеттері және автомобильді алу тәртібі:

Ең жоғары бағаны ұсынған сатып алушы аукцион аяқталғаннан кейін дереу аукцион қорытындылары туралы хаттамаға қол қоюға міндетті.

Сатып алушы бұрын төленген кепілдік жарнасын шегергендегі автомобильдің толық құнын сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде аударуға міндетті.

Меншік құқығын қайта рәсімдеуге, салықтарды, әкімшілік алымдарды, кедендік баждарды және автомобильді сатып алуға байланысты өзге де төлемдерді төлеуге қатысты барлық шығындарды толық көлемде сатып алушы көтереді.

Мүлікпен танысу және байланыс ақпараты:

Автомобильдің техникалық жағдайымен, құжаттар топтамасымен танысуға және өтінім бланкісін алуға мына мекенжай бойынша жұмыс күндері 09:00-ден 17:00-ге дейін болады:

Şenlikköy, Yeşilyurt Cad., Bakırköy/İstanbul

Анықтама телефондары: +90 (212) 662 53 47, +90 (506) 398 45 18

Электрондық пошта: kazidare.ist@gmail.com

09 сентября 2026
Қазақстандық дәрігерлердің Түркияда тәжірибе алмасу үдерісі жалғасын тапты

Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығы Түркиядағы «Hisar Intercontinental Hospital» емханасының басшылығымен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, атап айтқанда, қазақстандық дәрігерлердің Түркияның жетекші медициналық мекемелерінде тағылымдамадан өту мүмкіндіктері талқыланды.

Тараптар қазақстандық медицина мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи медициналық тәжірибемен және жаңа технологиялармен танысу, сондай-ақ тәжірибе алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты жалғастыру маңыздылығын атап өтті.

Осы ретте, қазақстандық дәрігерлердің тағылымдамадан өту тәртібі, медициналық бағыттар мен мамандықтар, тағылымдаманың мерзімі және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Түрік тарапы қазақстандық дәрігерлердің тағылымдамадан өтуіне қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, тиісті бағыттар бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделілігін атап өтті.

Сондай-ақ, аталған емханада ем алып жатқан Қазақстан азаматтарымен кездесу өткізілді. 

Келіссөздер нәтижесінде қазақстандық медицина мамандарының аталған емханада тәжірибе алмасуға және осыған қоса Түркияда медицина саласында оқып жүрген қазақстандық студенттердің тағылымдамадан өту бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

17 августа 2026
Ұлттық Домбыра күні Ыстанбұлда кең көлемде аталып өтті

Ыстанбұл, 2026 жылғы 5 шілде – Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен Ұлттық Домбыра күніне орай Түркияның Ыстанбұл қаласында концерттік іс-шара ұйымдастырылды.

Жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық Домбыра күні – қазақ халқының рухани мұрасын ұлықтап, ұлттық өнерді кеңінен насихаттауға арналған маңызды мереке. Осыған орай Түркияда білім алып жүрген қазақстандық студенттер, қазақ диаспорасының өкілдері мен қазақ өнеріне жанашыр түрік азаматтарынан құралған шығармашылық ұжым Ыстанбұлдың тарихи әрі туристік көрнекті орындары – Ортакөй алаңы, Галата мұнарасы және Фатих ауданында шағын концерттер ұйымдастырып, қала тұрғындары мен шетелдік туристерге қазақтың күй өнерін паш етті.

Концерттік бағдарламалар барысында қазақтың халық күйлері орындалып, көрермендерге домбыраның ұлттық мәдениетіміздегі орны, оның тәрбиелік және рухани құндылығы туралы кеңінен ақпарат берілді. Қазақтың төл музыкасы жергілікті тұрғындар мен шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырып, көптеген көрермен ұлттық өнерімізге деген ыстық ықыласын білдірді.

Жыл сайын ұйымдастырылатын домбыра үйірмесінің қорытынды концерті аясында үйірме шәкірттері қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, бір жыл бойы меңгерген өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Концертке жергілікті билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қазақ диаспорасы, Түркияда білім алып жүрген қазақстандық жастар және аудан тұрғындары қатысты.

Ұлттық Домбыра күні аясында ұйымдастырылған іс-шаралар Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтып, қазақ халқының бай музыкалық мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұл мереке шетелдегі қазақ жастарының ұлттық болмысын сақтауға, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рух пен дәстүрге деген құрметті қалыптастыруға және қазақтың күй өнерін әлем жұртшылығына танытуға бағытталған маңызды мәдени бастамаға айналды.

20 мая 2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ресми өкілі Е.Жетібаевтың брифингі (Шетелге сапармен шығуды жоспарлаған Қазақстан азаматтарына арналған ұсынымдар)

Шетелге сапармен шығуды жоспарлаған Қазақстан азаматтарына арналған ұсынымдар

Соңғы кездері Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелде иммиграциялық, визалық, транзиттік және кедендік талаптарды орындамау немесе білмеу салдарынан қиын жағдайға тап болу жағдайлары көбейіп келеді.

Бұл қажетті визалар мен құжаттардың болмауына байланысты ұшаққа отырғызудан бас тарту, болу мерзімдерін бұзу, тыйым салынған немесе декларацияланбаған тауарларды тасымалдау әрекеттері және шетелде транзиттік және болу ережелерін сақтамау жағдайларын қамтиды.

Осыған байланысты, азаматтарға шетелге шығар алдында баратын елдің, сондай-ақ транзиттік елдердің заңдарын, визалық және иммиграциялық талаптарын мұқият қарап шығуды ұсынамыз. Төлқұжаттардың, визалардың, тұруға рұқсаттардың және басқа да құжаттардың жарамдылық мерзімдеріне ерекше назар аудару қажет.

Сондай-ақ медициналық сақтандыру сатып алуды, әуе билеттерін тек ресми қызметтер арқылы сатып алуды, әуе багажы мен транзит талаптарын сақтауды, құжаттарыңызды үшінші тұлғалармен бөліспеуді және басқа адамдардың сөмкелерін, сәлемдемелерін немесе ішіндегісін нақты білмейтін басқа да пакеттерін тасымалдамауды ұсынамыз. Жұмысқа, оқуға немесе ем алуға шетелге шығатын азаматтар барлық қажетті құжаттардың, шақырулардың, еңбек шарттарының және рұқсаттардың заңды түрде алынғанына алдын ала көз жеткізуі керек.

Қазақстанның дипломатиялық және консулдық мекемелері азаматтарға өз құзыреті шегінде қажетті консулдық және құқықтық көмек көрсететінін атап өткіміз келеді. Дегенмен, азаматтар баратын елдің заңдарын сақтауға және белгіленген талаптарды орындауға өздері толық жауапты.

Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге сапарларын жауапкершілікпен жоспарлауға және шетел мемлекеттерінің заңдарын қатаң сақтауға шақырамыз.

17 мая 2026
Ыстанбұлда Қазақстанның жаңа Конституциясының құндылықтарын насихаттауға арналған патриоттық іс-шара өтті

Ыстанбұл, 2026 жылғы 8 мамыр – Ыстанбұл қаласында Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституциясының негізгі қағидаттарын кеңінен насихаттауға арналған патриоттық-танымдық іс-шара өтті. Аталған жиын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай ұйымдастырылып, елдік құндылықтар, тарихи жады және азаматтық жауапкершілік тақырыптарын қамтыды. 

Іс-шараға Ыстанбұл қаласында білім алып жатқан қазақстандық студент жастар, қоғам белсенділері және ресми қонақтар қатысты. Кездесу барысында жаңа Конституцияда айқындалған заң үстемдігі, әділетті қоғам құру, ұлттық бірлік пен азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі сынды негізгі қағидаттарға ерекше назар аударылды. Қатысушылар жаңа тарихи кезеңдегі Конституцияның ел болашағы үшін стратегиялық маңызын талқылады. 

Шара барысында Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасу тарихы, олардың ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің тарихи маңызы мен майдангерлердің ерлігі туралы арнайы бейнематериалдар көрсетілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа Конституцияда бекітілген отаншылдық, қоғамдық келісім және жауапты азамат қағидаттары бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде ерекше маңызға ие. 

Бағдарлама аясында студент жастар арасында танымдық және интерактивті пікірталастар, сондай-ақ патриоттық шығармашылық қойылымдар ұйымдастырылды. Қатысушылар Қазақстанның жаңа Конституциясы мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтатын, сондай-ақ әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды тарихи құжат екенін атап өтті. 

Іс-шара соңында мұндай тағылымды кездесулердің шетелде білім алып жатқан қазақстандық жастардың ұлттық болмысын сақтауға, тарихи санасын нығайтуға және Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі реформалардың мәнін терең түсінуге ықпал ететіні ерекше айтылды.

17 мая 2026
Түркияның Маниса өңірі Қазақстанмен сауда-инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі

Маниса, 2026 жылғы 29 сәуір – Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұлдың Маниса провинциясына жұмыс сапары аясында өңірдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшыларымен бірқатар мазмұнды кездесулер ұйымдастырылды.

Кездесулер барысында композиттік материалдар, құрылыс индустриясы, пластик өнімдері, машина жасау, металл өңдеу, агроөнеркәсіп және өндірістік технологиялар салаларында жұмыс істейтін компаниялардың қызметі таныстырылды. Атап айтқанда, Fiber Kompozit, Logo Beton, Nat Plastik, Asr Makina, Namtek Makina, Sistem Oluklu Mukavva, Efestar, SKP, Osso, Agrotek, Hat İndüksiyon, Zenit, Miksan және Onuras компанияларының өндірістік әлеуеті мен экспорттық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылап, Қазақстанның қолайлы инвестициялық климаты, индустриялық аймақтары мен мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша, Маниса провинциясының бірқатар компаниялары Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында өндірістік жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.

Осыған байланысты, 2026 жылғы мамыр айында Маниса өңірінің кәсіпкерлер делегациясының Қазақстанға сапары жоспарлануда. Аталған іссапар нақты инвестициялық жобаларды пысықтауға және екіжақты өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға серпін береді деп күтілуде.

17 мая 2026
Ескишехирде Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер арасында бірлік пен ынтымақтастықты нығайтқан іс-шара өтті

Ескишехир, 2026 жылғы 26 сәуір – Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студент қыздар арасында жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі волейбол турнирі Ескишехир қаласында жоғары деңгейде өтті. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі мен Ыстанбұл, Анталия және Измир қалаларындағы Бас консулдықтардың қолдауымен ұйымдастырылды.

Турнирдің негізгі мақсаты – Түркияның түрлі өңірлерінде білім алып жатқан қазақстандық студент қыздар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту, салауатты өмір салтын дәріптеу және спорт арқылы бірлікті арттыру. Биылғы жарысқа Түркияның 16 өңірінен келген 16 команда қатысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Жарыс барысында командалар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, көрермендерге әсерлі әрі қызықты сәттер сыйлады. Финалдық кездесуде үздік ойын өрнегін көрсеткен Бартын командасы турнир жеңімпазы атанып, арнайы марапаттарға ие болды.

Іс-шараға жергілікті билік өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ қазақстандық студенттік қауымдастық мүшелері қатысты. Қатысушылар өз сөздерінде мұндай спорттық бастамалардың жастар арасындағы бірлік пен өзара қолдауды нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.

Турнир қорытындысы бойынша Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл студент қыздарды белсенді өмір салтын ұстануға, сондай-ақ елдің дамуына өз үлестерін қосуға шақырды. Сонымен қатар, осындай дәстүрлі спорттық іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатыны атап өтілді.

17 мая 2026
Ыстанбұлда қазақ археологы профессор Айман Досымбаеваға арналған халықаралық ғылыми-мәдени іс-шара өтті

Ыстанбұл, 2026 жылғы 14 сәуір­ — Ыстанбұлдағы Мимар Синан бейнелеу өнері университетінде көрнекті қазақ археологы, профессор Айман Досымбаеваға арналған халықаралық ғылыми-мәдени іс-шара өтті. Аталған шара Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының қолдауымен, Түркі тарихы және мәдениеті қоры (TÜRKTAV) және Мимар Синан университетінің Еуразия мәдениет және өнерді зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.

Іс-шара аясында «Дәуірлер үні: Айман Досымбаеваның Жайсан және Мерке археологиялық мұрасы» атты көрме ашылып, ғалымның Жайсан мен Мерке ескерткіштеріне жүргізген кешенді зерттеулері, далалық экспедициялары және түркі өркениетін зерделеуге қосқан үлесі кеңінен таныстырылды.

Сонымен қатар, Айман Досымбаева мен Нұрболат Бөгенбайдың «Жайсан – Шу өзені түріктерінің киелі жері» атты түрік тіліндегі кітабының тұсаукесері ұйымдастырылып, осы тақырып аясында панельдік отырыс өтті.

Іс-шара барысында Мимар Синан университетінің ректоры, профессор Ахмет Саджит Ачыкгезоғлу, Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл және TÜRKTAV атқарушы директоры Әсел Лахаева құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми еңбектің түркі дүниесінің ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерделеудегі маңызын атап өтті.

Панельдік сессияда профессор Ахмет Ташагыл, доктор Фетхи Ахмет Йүксел, доктор Нұрболат Бөгенбай және доктор Серхан Чынар баяндама жасап, Айман Досымбаеваның ғылыми мұрасы, түркі әлемінің археологиясы және өңіраралық мәдени байланыстар мәселелері жан-жақты талқыланды. Модераторлық қызметті доцент Өзлем Октай Черезджи атқарды.

Зерттеу жұмысы Жайсан киелі кешеніндегі культтік нысандар, Қиям (Khiam) қамалы, сондай-ақ Шу мен Талас өзендері аралығындағы қалалық мәдениетке тән монументалды ескерткіштер негізінде әзірленген. Еңбекте археологиялық материалдар мен тарихи деректер, соның ішінде нумизматика, геральдика, топонимика және антропология салалары бойынша мәліметтер кешенді түрде талданған.

Аталған зерттеу ортағасырлық түркі тайпалары мен Қазақ хандығы арасындағы тарихи-мәдени сабақтастықты, қазақ халқының этногенезін және Қазақ хандығының тарихи-географиялық кеңістігін терең зерделеуге мүмкіндік береді.

Өткен ғылыми-мәдени іс-шара ғылыми қауымдастық, студенттер мен көпшілік арасында үлкен қызығушылық тудырып, түркі археологиясы мен мәдени мұраны зерттеу және насихаттау бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етті.

Социальные сети
Инстаграм
Facebook
Твиттер
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары