Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сапармен Түркияға барды. Сапар шеңберінде Түркі кеңесі білім министрлерінің жиынына қатысқан А. Аймағамбетов бауырлас елдердің білім беру саласындағы ынтымақтастығын әрі қарай дамытуға бағытталған нақты ұсыныстарды айтты. Түрік, әзербайжан және қырғыз әріптестерімен екі жақты кездесулер өткізген А. Аймағамбетов еліміз бен аталған мемлекеттердің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар, Министр Түркияның ең ірі, тарихи университеттерінің бірі Ыстанбұл университетіне барып, білім ордасының жұмысымен танысты. 1453 жылы құрылған аталған университетті Тәуелсіздік жылдарында жүздеген Қазақстан азаматының бітіріп шыққаны белгілі.
Бұл жерде А. Аймағамбетов Ыстанбұлдың әртүрлі білім ошақтарында оқып жатқан қазақ жастарымен кездесті. Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен «Қастерлі Тәуелсіздік» тақырыбында өткен бас қосуда білімгерлер еліміздің бас педагогына өздерін толғандырған сауалдарды қойды. Жастарды, әсіресе, Қазақстанның білім жүйесіндегі реформалар, қазақ тілінің жағдайы, ғылымды дамыту бағытындағы бастамалар мен Министрдің өмір мен жетістікке жету жолдарына қатысты ақыл-кеңестері қызықтырды. Білімгерлердің ұлт сүйерлігі мен әлеуетіне тәнті болған А. Аймағамбетов олардың сұрақтарына жауап беріп, Тәуелсіздікті нығайту жолында білімдерін ұштап, қызмет етуге шақырды. Жиын соңында Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел Министрге жастардың атынан Түрік теңге сарайының Тәуелсіздікті 30 жылдығына арнап соққан естелік күміс монетаны сыйға тартты.