
ИСЛАМАБАД, 2022 жылғы 17 қаңтар - Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістан Құрлық әскерлері штабының бастығы (Бас қолбасшы) генерал Камар Джавед Баджвамен кездесті.
Әңгіме барысында әскери және әскери-техникалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Екіжақты әріптестікті одан әрі тереңдету және ұлғайту үшін қолда бар елеулі әлеует туралы атап өтілді.
Елші генерал К.Баджваны Қазақстандағы қазіргі жағдайға, оның тұрақтануы мен ел басшылығы қабылдап жатқан шараларға қатысты егжей-тегжейлі хабардар етті. ҚР Президенті Қ.Тоқаев жариялаған, оның ішінде құқық қорғау саласындағы және күштік ведомстволарды үйлестірудегі реформалар туралы ерекше атап өтті, олардың басты мақсаты азаматтардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі болып табылады.
Өз кезегінде генерал К.Баджва Пәкістан Үкіметінің атынан Қазақстан басшылығына және оның қабылдаған шараларына берік қолдау білдірді, сондай-ақ бауырлас елдің тез арада тұрақтануына және екіжақты қатынастардың одан әрі нығаюына сенім білдірді.